Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ баласы Испанияда футбол ойнап жүр: Ерлі-зайыпты ұлының арманы үшін елін қалай тастап кеткенін айтып берді

футбол Испанияға көшіп барған отбасыФото: Stan.kz

Астаналық Аида Сманова мен жолдасы екеуі он жылдан аса еңбек еткен тұрақты жұмысты, жылы үй мен қалыпты өмірді артқа қалдырып, ұлының арманы үшін Испанияға көшіп кеткен. Stan.kz тілшісі болашақ футболшының анасымен хабарласып, ұлы Даниялдың қай клубта жаттығып жүргенін, ол жерде қандай талаптар қойылатынын және жаңа елдегі өмірдің қалай өрбіп жатқанын сұрап білдік.

Аида Сманованың өзі – ұлттық компанияда он жылдан аса еңбек еткен тәжірибелі маман. Ал жұбайы жеке кәсіппен айналысады. Астаналық ерлі-зайыпты ұлдарының футболдағы қабілеті мен арманын ескеріп, батыл шешім қабылдаған. Сөйтіп басқа елге үш баласымен бірге көшіп барған.

"Біз бұл қадамға бір күнде келген жоқпыз. Шамамен бір жылдай ойландық. Қала ішінде көшу де стресс екенін білеміз, ал енді мүлде басқа елге қоныс аудару алдында ол елдің өмір салтын, құндылықтарын, тілін зерттеуге тырыстық. Сүйікті үйімізді, балалардың мектебін, жұмысымды қалдырып кету оңайға соқпады. Десе де, баламыздың болашағы бәрінен де маңызды екенін түсіндік", – дейді Аида Сманова.

Қазақстандық отбасы үшін Испания кездейсоқ таңдалған ел емес. Аида Сманованың айтуынша, мұнда футбол мәдениеті қалыптасқан, әлемге әйгілі ойыншыларды тәрбиелеген мемлекет. Ал Валенсия қаласы климатымен де, футбол инфрақұрылымымен де, балалар тәрбиесіне ыңғайлы ортамен де ерекше тартымды болды дейді әйел.

"Бізге Валенсия бірден ұнады. Мұнда жылына үш жүз тәулік күн шығып тұрады, жайма-шуық мезгіл кезеңдері көп, турист көп емес, тыныс-тіршілігі тыныш. Ең бастысы, жақсы футбол академиялары мен мектептер бар", – дейді ол.

Аиданың айтуынша, ұлы Даниял футболға 6 жасынан бастап қызығып келеді. Ол 7 жыл бойы "Айбын" футбол мектебінде жаттығып, қалааралық және халықаралық турнирлерде өз қабілетін танытқан.

"Біздің ұлымыз Даниял елордадағы “Айбын” клубында футбол ойнап өсті. Сол жер оның моральдық және физикалық дамуына үлкен үлес қосты. Біз Испанияда өтетін MIC football халықаралық турниріне қатыстық. Сол кезде осы ел бізге ерекше әсер қалдырды. Бұдан бөлек оның қатарластарының көбі командадан кетіп, футболды тастай бастаған еді. Ал біз, керісінше, бәсекелі орта іздеуді жөн көрдік. Ұлымыздың кәсіби деңгейге көтерілуін қалап, қиындыққа мойымауды үйреткіміз келді. Өйткені қай жерде қиындық бар, сол жерде даму бар деген ойда болдық", – дейді Аида.

Бүгінде Даниял Валенсияның үздік футбол академияларының бірі Patacona клубында ойнайды екен. Анасының сөзінше, бұл – жеке, бірақ беделді клубтардың бірі. Мұндағы балалар автономды лигада (аймақтық деңгейдегі ең жоғарғы лига) өнер көрсетеді.

"Patacona – Валенсиядағы ең танымал клубтардың бірі. Мұнда UEFA лицензиясы бар жаттықтырушылар жұмыс істейді, ал балалардың дайындығына жоғары талап қойылады. Ең әуелі, балалардың физикалық дайындығына, ойын техникасына және алаңды көру қабілетіне назар аударады. Егер бір жастағы балалардың білімі мен тәжірибесі шамалас болса, олар физикалық тұрғыдан мықтыларын таңдайды. Мұнда балалар жыл он екі ай бойы ашық аспан астында жаттыға алады. Қазақстанмен салыстырғанда үлкен артықшылық. Әр бала өзінің шеберлігін дәлелдеп, іріктеуден өтеді. Егер дайын болмаса, басқа клубтарға барып, техникасын жетілдіруге мүмкіндік беріледі. Осы жүйеде бала ешқашан артта қалмайды. Оларға дамуға мүмкіндік береді, бірақ талап та жоғары. Бізге бұл ұнайды, себебі балаға бәсекелі орта қажет", – дейді анасы Аида.

ДаниялФото: Аида Сманованың жеке архивінен

Аида Испаниядағы футбол академияларында тәртіп пен жүйелілік ерекше қадағаланатынын айтады. Мұнда Қазақстаннан қарағанда міндетті түрде жаттығудан кейін шомылып, жуынып шығуы керек деген талап қойылатын көрінеді. 

"Талапты орындамаса, айыппұлдар салынады деген еді. Әр ойыншыдан тек спорттық шеберлік емес, жеке тазалық пен жауапкершілік те талап етіледі. Мұнда тәрбиеленіп шыққан балалар кейін "Леванте", "Вильярреал" сияқты Испанияның беделді командаларына ауысып жатады. Басқа жеке клубтармен салыстырғанда, Patacona ойыншыларының "автономикада" ойнауға мүмкіндігі бар. Ал – "автономика" аймақ ішіндегі ең жоғары деңгейдегі лига, мұнда тіпті "Реал Мадрид" секілді әйгілі клубтардың жас футболшылары да бақ сынайды. Осындай кездесулерде жақсы ойынымен көзге түскен балаларды ірі клубтар байқап, өз академияларына шақырып алады. Сондықтан Patacona клубының беделі де жоғары саналады. Мысалы, Қазақстанда бұған дейін 52 мың теңге төлеп жүрдік. Бұл клубқа 70 евро (44000 теңгедей) төлейміз. Клубтың келісімшартында көрсетілген кей талаптарға байланысты нақты бағасын ашып айта алмаймыз", – деді Аида.

Аида Сманова бұрын футболды аса түсіне бермегенін жасырмады. Ал қазір баласының нағыз жанкүйеріне айналған екен.

"Бұрын футбол мен үшін жай ойын еді. Ал енді баламыздың арманына айналған соң, біз де команданың бір бөлігі болдық. Турнирлерге бірге қатысамыз, басқа ата-аналармен араласамыз. Кейде өз істерімізді турнирлердің кестесіне қарай жоспарлаймыз. Балалардың ойындарын көргенде түрлі сезімдерді бастан өткереміз. Гол соққан кездегі қуаныш пен жеңістің дәмі, сәтті берілген пасқа риза болу, жеңілістен кейінгі өкініштің бәрін бірге сезініп жатырмыз. Баламыздың қызығушылығы арқылы футбол біздің өміріміздің бір бөлігіне айналды", – дейді Аида Сманова.

Анасының айтуынша, баласы Даниялдың кумирі – әйгілі Криштиану Роналду. Ол да еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісі ретінде баланың мотивациясын арттырған дейді анасы.

"Оның арманы – Real Madrid CF клубында ойнау. Әрине, Қазақстан құрамасында өнер көрсеткісі келеді. Футболшы баланың ата-анасы болу тек мақтаныш емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік екенін ұмытпағанымыз жөн. Тек жаттығып, алаңда ойын ойнап қоймайды. Сонымен қатар дұрыс тамақтану, уақытты тиімді бөлу, тәртіпті қадағалап отыруымыз керек. Біз оның күн тәртібін, ұйқысын, тамақтануын қадағалаймыз. Сөйтіп, баламыздың физикалық дамуы жақсы болуы үшін тіпті күншуақты елге көшіп кеттік", – дейді Аида.

Анасы баласы Даниялдың аптасына үш рет жаттығатынын, ал демалыс күндері ойындарға қатысатынын атап өтті. Испаниядағы жаттықтырушылар оның тілді толық білмейтінін түсіністікпен қабылдап, қажет кезде көмектесіп отырады дейді анасы Аида. Ерлі-зайыпты үлкен ұлдарын Валенсиядағы жартылай жекемекеншік мектепке орналастырған. Қазақстандық отбасына ондағы иммигранттарға деген көзқарас қатты ұнаған.

"Алғашқы үш айда балаларды кей пәндерден босатады және испан тілін үйретеді. Осы кезеңде оларға баға қойылмайды. Кіші балаларды жартылай жеке мектепке бердік. Кенже ұлымыз – infantil (бұл біздегі даярлық сынып сияқты), ал қызымыз primaria (бастауыш сынып) бағдарламасында оқиды. Қызымызға да алғашқы бір жыл бойы баға қойылмайды, бұл кезең бейімделуге арналған”, – деді анасы.

Фото: Аида Сманованың жеке архивінен

Жас отбасы Испанияның өмір ырғағына біртіндеп үйреніп келеді. Мұндағы адамдар асықпайды, өз уақытына мән береді дейді Аида Сманова.

"Мұнда өмірдің қарқыны баяу. Испаниялықтар асықпайды, түскі үзілістері ұзақ, кейде 3-4 сағатқа созылып кетеді, өздеріне көп уақыт бөледі. Ал біз сияқты жылдам өмірге үйренген адамдар үшін бұл басында қызық көрінді. Бірақ қазір сол баяулықтың да өз ләззаты бар екенін сезіндік. Астанада тамыз айында суық басталады ғой, ал мұнда теңіз жылы, балалар судан шықпайды. Жерорта теңізінің жағасында отыру – үлкен рақат", – дейді Аида.

Шетелде жүрсе де, Аида мен күйеуі отбасында қазақ тілін, дәстүрін сақтауға ерекше мән береді.

"Үйде балалармен тек қазақша сөйлесеміз, қазақ ертегілерін оқимыз. Дәстүр мен тәрбиені сақтауға тырысамыз. Испанияда да қазақтар бар, сол жергілікті қауыммен танысып жатырмыз. Испания өміріміздегі жаңа тарау болса да, мәңгі байланыстыра алмаймыз. Өз Отанымызды, халқымызды, дәстүрімізді, достарымыз бен туыстарымызды жақсы көреміз. Біз міндетті түрде Қазақстанға ораламыз", – дейді Аида Сманова.

Айым Атамбаева
Жұма, 17 Қазан, 2025 15:20
Талқылау