Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер

Фото: Stan.kz

Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде қанша қазақ қызы соғысқа аттанғаны белгісіз болғанымен, Жеңіске айтарлықтай үлес қосқан қаракөздеріміз көп. Ел аузында жүрген Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктен бөлек, бірнеше қазақ қызы қайтпас қайсарлық танытып, жеңіс үшін өмірлерін құрбан еткен. Ерлігімен бірнеше ерден озатын батыр қыздарымыз туралы деректерді ұсынамыз.

Мерген қыз Әлия Молдағұлова

Әлия Молдағұлова 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып, кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған. 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданындағы №46 балалар үйінде тәрбиеленген. 

 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, 1942 жылы 17 жасында Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскеріне майданға жіберу туралы өтініш жібереді.

1943 жылы снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болды. Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған.

1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.

Әлия Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.

Қазір оның атында ауыл, мұражай, көшелер бар.

Кеңес Одағының батыры атанған тұңғыш қыз Мәншүк Мәметова

Мәншүк Мәметова 1922 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жиенқұм ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. 

Ол Алматыда жұмысшы факультеттегі оқуын бітіріп, медициналық институттың екі курсын оқып шығады.

1938 жылы әкесін НКВД тұтқындап, ату жазасына кеседі. Анасы Әмина бүкіл құжаттарда туған әке-шешесін басқа адамдар деп жаздырмақ болады. Бірақ Мәншүк өз бетінен қайтпай, тегін ауыстырмады. Ахметтің кінәсіздігіне сеніп, оның адал есімі үшін күрескен. Коммунистік көсем Сталинге үш хат жазып, әкесін ақтауға тырысты.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді. 1942 жылы тамызда 20 жасында өз еркімен Қызыл Армия қатарына жазылып, 100-атқыштар бригадасының алғашында кеңсе хатшысы, кейін медбикесі болады. Майданда пулеметтік курс бітіріп, ұрыстарға қатысты.

Аға сержант болып әскери қызмет етті. Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста Мәншүк пулеметтен оқ боратып, 70 солдаттың көзін жойған.Осылайша қаһармандықпен қаза тапты.

Ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова

Хиуаз Доспанова 1922 жылы 15 мамырда бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысында дүниеге келген. Хиуаз 9-сыныпта ұшқыштар үйірмесіне түседі. Оралда аэроклубқа жазылды.

1940 жылдың жазында Хиуаз Мәскеуге барып, құжаттарын Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясына тапсырады. Өкініштісі, ол жақта қыздарды қабылдамады. Содан кейін Мәскеу медициналық институтына оқуға түседі. Доспанова медицина факультетінің 2-курс студенті болған кезде майданға аттанды. Оны Мәскеу метросының желісін салуға жіберді.

Хиуаз әйелдер авиация полкіне қабылданады. Онда навигация бөліміне түсті.

1942 жылы мамырда әйелдер авиация полкі аға лейтенант Евдокия Бершанскаяның қолбасшылығына енді. Сол кезде олардың алғашқы ұрыс қимылы өтті. Қыздар ұшақты айдап қана қоймай, механик, техник болып жұмыс істеген.

Олардың авиаполкі "Түнгі мыстандар" (Ночные ведьмы) деп аталып кетті. Олардың тактикасы ерекше – олар ұшақтан шығатын шуды азайту үшін қозғалтқыштарды өшіреді және ешкім оларды байқап үлгермей жатып, төмен түсіп, жауға бомба тастайды.

1942 жылдың мамырында Хиуаз Доспанова қызмет еткен полк Оңтүстік майданға келіп, 4-әуе армиясының 218-дивизиясының құрамына енді. 1942 жылдың маусымында ұшқыштар Миус, Солтүстік Донец және Дон өзендерінің өткелдерінде бомба лақтырады.

1943 жылы сәуірде Пашковская селосында полк құрамындағы қыздар аэродром шамдары сөніп қалғандықтан, бір-бірімен соқтығысып қалып, мерт болды. Төртеуінен Хиуаз ғана тірі қалды. Ол қауіпсіздік белдігін нұсқау бойынша тақпағандықтан, кабинадан құлап аман қалды. Салдарынан екі аяғы да сынған.

Үш айдан кейін Хиуаз Доспанова ауырғанына қарамай, полкке қайта оралады. Ол Ассиновская, Ахтанизовская, Минеральные Воды және Керчь станцияларында шегініп жатқан неміс бөлімшелерін бомбалады. Хиуаз Доспанова 300-ден астам рейс жасады. Хиуаз соғысты екінші топтағы мүгедек болып аяқтады.

Ол 2004 жылы “Халық қаһарманы” атағына ие болды. 

Атқыш-радист Дәмелі Жә­кеева

Фото: e-history

Дәмелі Жәкеева 1922 жылы Қарағанды облысында дүние есігін ашқан.

1942 жылы 20 жасында ол Саратовтағы Вольск авиациялық училищесінде төрт ай оқып, бомбалаушы ұшақтарды қару-жарақтармен жабдықтайтын механик мамандығын меңгеріп, атудың техникалық жағын үйренген. 504 авиациялық шүйілуші полктың атқыш-радисі болып Сталинград шайқасына қатысады.

Ил-2 штурмовигімен 19 рет жауынгерлік тапсырмаға ұшып шығады.

1943 жылдың 16 тамызында сержант Жәкеева "ИЛ-2" ұшағын жарақтандырып жатқан кезде Котельников станциясы түбіндегі немістердің шабуылына тап болады. Төбеден жаудың әскери бомбалаушы ұшақтары төніп келіп, аэродромды атқылаған. Сол кезде оң қолдан ауыр жарақат алып, бір саусағынан айырылады.

Госпитальден шыққан соң, соғысқа қайта аттанады. 1944 жылдың аяғында 367-барлаушы авиация полкінің "Пе-2" бомбалаушы ұшаққа отырады. 732 ұшақты жауынгерлік жорыққа әзірлеген.

1-Прибалтика майданының құрамында Шауляйды, Каунасты азат етуге қатысты. Солтүстік Кавказ, Балтық жағалауы Ленинград және Бірінші Беларуссия майданында болған. 

Соғыстан кейін Қарағандыда облыстық атқару және партия комитеттерінде, Алматы қаласында аупарткомда жауапты қызметтер атқарады. 

Дәмелі Жәкеева "Сталинградты азат еткені үшін", "За боевые заслуги", "Бірінші дәрежелі ҰОС ордендерімен" марапатталған.

400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған Рәзия Ысқақова

Фото: Wikipedia

Рәзия Ысқақова 1922 жылы Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Шымкент меди­циналық училишесін фельдшер мамандығы бойынша бітірген.

Ол 19 жасында соғысқа қатыстыруды өтініп барған екен. Осылайша Рәзия 1941 жылы Сталинград қанды шайқасында жауынгерлерге жедел дәрігерлік көмек берген. Украина майданында генерал-полковник Рыбалко қолбасшылық еткен танк армиясының қарамағында фельдшер болады.

"Ол жанып жатқан танктен батальон командирі Федоров пен экипаж мүшелерін алып шықты. Өжет қыз Роза осы шайқаста он бес жаралыға дер кезінде көмек көрсетіп, оларды пунктіге жеткізген. Жауынгерлер "оны қазақтың гүлі, Қазақстанның Розасы" деп атайды. Қазақтың бұл гүлінің тал бойында он адамға татитын күш-жігер бар", – деді №55 танк бригадасының бастығы, майор Багуславский.

Курск үшін болған бір шайқаста ол жанып жатқан танктен төрт танк экипажын шығарып алды. Ол Сталинградтан бастап Харковьті, Киевті, Варшаваны азат етуге қатысты. Берлинді алу шайқасында болды. Праганы азат ету кезінде 44 жаралыны алып шыққан. Жалпы соғыс кезінде 400 жаралы жауынгерді аман алып қалды.

Соғыста екі рет жараланған. Соған қарамастан сол тізесін таңып, сарбаздарды құтқаруын жалғастырды. Ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен және "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған. 1975 жылы әлемдік Флоренс Найтингейл медалін алды.

Сталинге хат жазған Халида Маманова

Фото: Д. Ерохин мен В. Крайсман архивінен

Халида Маманова 1918 жылы 27 қыркүйекте Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қара-Ағаш ауылында дүниеге келген. Ол ауылда даңқы шыққан бай Есенгүл Мамановтың үшінші әйелінен туған. Оның отбасы мұқтаж жандарға азық-түлік, баспана және жұмыс беру арқылы көмектесті, "Қазақ" газетіне демеушілік жасады. Кейін әкесі қуғынға ұшырады. 

1937 жылы қыз Вячеслав Молотов атындағы Қазақ медицина институтына оқуға түседі. 1941 жылы желтоқсанда университетті мерзімінен бұрын бітіріп, дәрігер-емдеуші атағын алды. Одан кейін Ғылым академиясының физиология институтында аспирантура физиологы болып жұмыс істеді.

Ол 1942 жылдың ақпанында соғысқа аттанады. Медицина институтын бітірген әр түлекке кіші лейтенант шені берілсе де, ол Халида Мамановаға бұйырмады. Сол үшін соғыста медбике болып жұмыс істеуге де рұқсат етілмеді. Себебі ол – "бай тұқымы. Оны соғыс даласында бейіт пен окоп қазуға жібереді. Осы уақытта Халида Маманова Сталинге хат жазады.

"Халық жауы" болсам, айыпкерлер ротасына жіберіңіз. Тірі қалсам, менен және туыстарымнан бүкіл айыпты алып тастаңыз", – деп жазған. Осылайша, Хали­да айыпкерлер батальоны “штрафбатқа” кетеді.

Ол қылмыстық батальонға жіберілді, онда бірнеше ай қылмыскерлер мен саяси тұтқындардың арасында қызмет етті. Мамандар оның штрафбатта жүріп тірі қалуын “ғажайыпқа” балады.

Содан соң Маманова 24-авиациялық базалық округінің 821-батальонының құрамында екінші әуе армиясының әскери қызметін жалғастырды. Авиацияның басты міндеті – жаудың құрлықтағы әскерлерін құрту және уақыт ұту үшін оларды алға жылжытпау.

Сондай-ақ батыр қыз 18 мың науқасты емдеді.

Сталинград шайқасына қатысқаны үшін ол "Сталинградты қорғағаны үшін" медалімен марапатталды.

1943 жылдың тамызында ол екінші Әуе армиясының 24-авиабаза округінің бас гинекологы болып тағайындалды. Алғашында сигналшыларға, телефоншыларға, радиотелефоншыларға медициналық көмек көрсетсе, кейін әйелдер әуеполкіндегі қыздардың сауығып кетуіне көмектесті. 1946 жылы демобилизацияға дейін ол 1500-ге жуық әйелді емдеген.

Екі танкті жойып, өзін құрбан еткен Алтыншаш Нұрқожина

Фото: patriot-tulga.kz

Алтыншаш Нұрғожинова 1924 жылы дүниеге келген. 1941 жылы тамыздан бастап яғни 17 жасынан Қызыл Армия қатарында болды. Әскер қатарына Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комиссариатымен шақыртылған. Комсомол ұйымдастырушыларының алты айлық курсын тә­мамдап, Орталық, Воронеж және Украин майдандарында жаумен шай­қасқан.

Алғаш 8-гвардиялық ди­ви­зияның бiрiншi батальонының ком­со­р­­­гы болады. 1942 жылғы желто­қ­санда жараланып, госпитальға түседi. Госпи­тальдан шыққаннан кейiн бiрiншi танк армиясының 24-жеке механи­калан­дырылған құрамының санитарлық бөлi­мiн­де медбике болып iстейдi. 1943 жыл­ғы қарашада қайтадан жараланады. Жазылған соң 1944 жылдың наурызында 237-ат­қыш­тар дивизиясының 835-атқыштар полкiнiң бiрiншi батальонына комсорг болып барады. 1944 жылғы шiлдеде 70-атқыштар дивизиясының 207-атқыштар полкiнiң екiншi ба­тальо­ны­на комсорг болады.

“Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдат және офицерлермен неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Бұл Котовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып, алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, "алға" деп, ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келді. Әлгі қыз ештеңеге қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Сөйтіп оған оқ тиіп, мерт болды. Жолдастарына да жол ашты. Қаза тапқаннан кейін әскери кеңестің ұсынысымен Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп құжат толтырылып, Мәскеуге жіберілген көрінеді. Бірақ жоғарғы жақ оған “батыр қыз” деген атақ бермеді”, – деді жауынгер, ақын Михаил Левченко.

Ол 1944 жылғы 2 қазанда қаза тапты. Польшадағы Краков воеводствосының Лугмян ауданындағы "Гуто-Полянск" елдi мекенiнiң терiстiк-батыс жағына жерлендi.

Партизан Нұрғаным Байсейітова

Фото: Wikipedia

Нұрғаным Байсейітова 1923 жылы 8 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Нұрғаным інісі Абзалмен бірге Жәнібек ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленіп өседі. 1936 жылы балалар үйі әкімшілігінің шешімімен Нұрғаным Орал қаласындағы облыстық музыкалық мектеп интернатына ауыстырылып, скрипка класына қабылданады.

1942 жылдың сәуір айында Роза Әбдірахманова, Халима Бекеева, Майра Мақатова, Замиха Науышевамен бірге Мәскеу қаласындағы радиобайланысшылар дайындайтын курсқа жіберіледі. Кейін Карель майданындағы Орталық партизандар штабында радиобайланысшы болады. Байсейітова курс басшыларының ұйғарымымен 1942 жылы күзде жау тылындағы байланысшыларды дайындайтын арнайы мектепке жіберіледі. Сонда Морзе әліппесін меңгеріп шығады.

1943 жылы шілдеде арнайы ұшақпен жау тылы Могилев облысы, Круглянск ауданы аймағындағы №8 бригаданың №15 отрядына жөнелтілді. Армия генералы С.Г.Жунин басқарған 8-бригада құрамында Варшаваға дейін барған.

Байланысшы міндетін мүлтіксіз атқарған Нұрғанымның эфирдегі лақап аты – "Нина".

Жау №8 партизан бригадасындағы Нұрғаным Байсейітованың рациясы тұрған партизандар бөлімшесін қоршауға алады. Нұрғаным дереу эфирге шығып, көрші отрядқа шұғыл хабарлап, рацияны мұқият жасырғаннан кейін автоматтан оқ жаудырады. Осылайша бірнеше рет жаумен бетпе-бет ұрыстарға қатысқан байланысшы Нұрғаным партизандармен бірге барлауға да шығады.

Ол Белоруссияны фашист басқыншыларынан азат етіп, "Багратион" операциясын аяқтады. №8 партизан бригадасы жауынгерлері қатарында жау тылында ерлікпен шайқасып, Белоруссия территориясын азат етуге қатысқан.

Майданға аттанған қазақ қыздарының қатарында зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкист қыздар Күлкен Тоқбер­генова, Жамал Байтасова, пулеметші Жә­мила Бейсенбаева, зенитші Ажар Ораз­ғалиева, десантшылар Қалзия Асанова, барлаушы Жәмила Сәлімоваларды да атамасқа болмайды. 

Қырмызы Скендирова
Жұма, 09 Мамыр, 2025 12:20
Талқылау