Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Республика күнінің маңызы не, мерекені не себепті қайтарды – Саясаттанушылар жауап берді

Фото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды

25 қазан – еліміздің мемлекеттілігін айқындайтын маңызды күндердің бірі. 1990 жылы дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған еді. Осы орайда Stan.kz тілшісі саясаттанушылардан Республика күнінің маңызын сұрап білді.  

Қазақстандағы ең маңызды мемлекеттік мерекелердің қатарында Республика күні ең алғаш шыққан. Ол 1990 жылдың қазан айында, Қазақстан әлі КСРО құрамында болған кезде пайда болды. Сол уақытта Кеңес Одағы саяси және экономикалық дағдарыстың терең кезеңін бастан өткеріп жатқан еді. Орталық билікке деген наразылық күшейіп, одақтас республикалар өз құқықтарын кеңейтуді талап ете бастады. Кейбірі тіпті КСРО құрамынан шығу жөнінде ашық мәлімдеп, КСРО Конституциясының 72-бабына сілтеме жасады: "Әрбір одақтас республиканың КСРО-дан еркін шығу құқығы сақталады". 

1990 жылдың наурызында КСРО-да билік құрылымында маңызды өзгеріс болып, мемлекет басшысы рөлін атқарған КПСС Орталық комитетінің бірінші хатшысы лауазымы жойылды. Осыдан кейін республикалардың Жоғарғы Кеңестері нақты саяси билікке ие бола бастады. Осы жағдай аясында одақтас республикалар өздерінің ұлттық өзін-өзі анықтау құқығын іске асырудың бір көрінісі ретінде мемлекеттік егемендік туралы декларациялар қабылдау процесін бастады.

Алғашқылардың бірі болып мұндай қадамды Ресей (1990 жылғы маусымда) және Украина (1990 жылғы шілдеде) жасады. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны бекітті. Бұл — елдің ішкі және сыртқы саясат мәселелерін өз бетінше шешу құқығын бекітіп, ұлттық заңдардың одақтық заңдардан басымдығын жариялаған аса маңызды тарихи құжат болды. Декларацияның басты қағидаттары:

  • Қазақстан өзін КСРО құрамындағы егемен мемлекет деп жариялады;
  • Қазақ КСР заңдары одақтық заңдардан жоғары күшке ие болды;
  • Республика өз бюджеті мен банк жүйесін, экономикалық саясатын дербес қалыптастыру құқығын иеленді;
  • Өзінің қарулы күштерін құру құқығы бекітілді;
  • Табиғи ресурстарға иелік ететіні;
  • Азаматтығы мен ұлттық символдарын бекітетіні туралы қағидалар жазылған. 
  • Республикада тұратын барлық ұлт өкілдерінің тең құқылығы расталды.

“Екі тарихи кезеңнің байланысын көрсетеді”

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Республика күнінен маңызы тәуелсіздіктен кем емес. 

“Егемендік (Республика күні) дегеніміз мемлекеттің басқа бір ірі бірлестіктің (мысалы, федерация, конфедерация немесе одақтың) құрамында бола тұра, толыққанды ел ретінде қалыптасуы. Бірақ ол бірлестікте ерікті түрде болады. Қажет болған жағдайда одақтан шыға алады. Мысалы, унитарлы Қазақстандағы облыстар егемендікке ие емес. Сол себепті олар еліміздің құрамынан шыға алмайды. Демек, егемендіктің жариялануы елдің “біз өзімізді дербес мемлекет ретінде танимыз” дегенін білдіреді. Бұл да тәуелсіздік сияқты маңызды кезең. Мысалмен айтсақ, тәуелсіздік күнін адамның 18 жасқа толған күнімен салыстырсақ, республика күнін туған күнімен теңестіруге болады. Туған күн жаңа өмірдің бастауы болса, 18 жас өз бетіңмен шешім қабылдап, толық еркіндік алу сәті”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев республика мәртебесі мен тәуелсіздік ұғымын қарапайым тілде түсіндірді. 

“Адам 18 жасқа келгенде өз өмірін өзі басқарады. Ата-анасына шешім қабылдау құқығын бермейді. Міне, тәуелсіздікті осылай түсінуге болады. Осы тұста: “біз әуелі қай күнді атап өтеміз? Туған күнді ме, әлде 18 жасқа толған күнімізді ме” деген сауал туындайды. Көбіне адамдар туған күннен бастайды. Саяси тұрғыда бұл егемендік жарияланған күнмен тең. Мемлекет осылайша өзін егемен ел ретінде танып, қажет болған жағдайда үлкен мемлекеттің құрамынан шығуға қабілетті екенін білдіреді”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстан “республика” мәртебесін алдын ала жариялағанының арқасында тәуелсіз ел атанды. 

“Тарихта мұндай айырмашылық жиі кездеспейді, себебі көп жағдайда республика күні мен тәуелсіздік қатар келеді. Бірақ 90-жылдардың басында бұл процесс елімізде біртіндеп жүрді. Сол кезде "егемендік шеруі" деген ұғым пайда болды. Әр республика өз егемендігін жариялап жатты. Қазақстан оны соңғылардың бірі болып мәлімдеді. Кейін тәуелсіздікке қол жеткізді. Дәл осы егемендік (республика) мәртебесі Қазақстанның кеңес үкіметі тараған сәтте дербес мемлекет болуына көмектесті. Мысалы, Татарстан мен басқа да республикалар Кеңес Одағы құрамында толық егемендігін жарияламағандықтан, Беловеж келісімінен кейін тәуелсіздік ала алмады. Ал Қазақстан “республика” мәртебесін алдын ала жариялағанының арқасында тәуелсіз ел атанды”, – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Республика күнін атап өту Тәуелсіздік күнінің маңызын төмендетпейді. Керісінше, екі тарихи кезеңнің байланысын көрсетеді. 

“Тәуелсіз ел құрамыз деген мемлекеттің декларациясына ұқсамайды”

Ал саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, Республика мен Тәуелсіздік күндері маңызы жағынан бір бағытта. Сол себепті бірін-бірі қайталайтын мейрамдарды қажет деп есептемеймін, дейді саясатттанушы. 

“Біздің елде Республика күні де, Тәуелсіздік күні де бар. Көбіне отар болған елдер тәуелсіздік күнін Республика күні есебінде атап өтеді. Сондықтан бұл екі күн маңызы жағынан бір бағытта. Мейрамның көп болғаны жақсы. Дегенмен бірін-бірі қайталайтын бағыттағы мейрамдарды қажет деп санамаймын”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының сөзінше, Республика күнін мерекелер тізімінен алып тастап, тәуелсіздік күнін белгілеуі таза саяси тәсіл. 

“Кезінде 25 қазан Республика күнін мерекелер тізімінен алып тастап, 16 желтоқсанға Тәуелсіздік күнін әкеліп қоюы саяси ой болатын. Негізі желтоқсан қаралы күн. Алайда ол тәуелсіздік мерекесінің көлеңкесінде қалып қоятын. Мұны нақты тәсіл есебінде мереке ретінде белгілеген. Ал 25 қазан Республика күнін қайта әкелу себебі жеке имиджі үшін деп ойлаймын”, – дейді Дос Көшім. 

Дос Көшімнің сөзінше, 1990 жылдың 25 қазанында жазылған декларациядағы көп нәрсе жүзеге аспай қалды. 

“Қазақстан 1990 жылдың 25 қазанында мемлекеттің егемендігі туралы декларациясын жариялады. Қазір оны Республика күні деп атап жүр. Біздің декларацияны коммунистік партияның басшылары жазды. Олар тәуелсіздік туралы ойлаған да жоқ.Ол уақытта басқа мемлекеттер тәуелсіздігін алып жатқан. Ал біз декларация жаздық. Десе де бұл тәуелсіз ел құрамыз деген мемлекеттің декларациясына ұқсамайды. Ол Кеңес үкіметінде қалатын бағытта жазылған. Мәселен, Украина, Әзірбайжан елдерінің декларациясы "өзіміздің бұрынғы мемлекеттігімізді қалай құрамыз" деп басталады. Біз олай жазбадық. Қазақ хандығын айтқан жоқпыз. Басқалардың декларациясында "өзінің әскері болады" деген жол бар. Біз оны жазбадық, керісінше "Кеңес үкіметі әскерінің ішінде боламыз" дедік. Қазақстан декларациясында жазылған көп нәрсе жүзеге аспай қалды. Онда "алмас, валюта қорынан өзімізге тиесілі бөлікті аламыз" деген бар. Оны алған да жоқпыз. Біздің декларация жай жазыла салған. Мәні бар деп жоғары көтеретіндей құжат емес”, – дейді саясаттанушы. 

1995 жылдан 2001 жылға дейін Республика күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болған. Алайда 2001 жылғы 13 желтоқсанда оған мемлекеттік мереке статусы берілді. 

2009 жылы Республика күні (25 қазан) "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Бұл шешім елдің мерекелік күнтізбесін оңтайландыру мақсатында қабылданды.

Мерекені алып тастау себептері: 

  • Тәуелсіздік күнінің (16 желтоқсан) пайда болуымен Республика күні өз маңызын жоғалта бастады.
    Билік өкілдері Тәуелсіздік күнін ел егемендігінің басты символы деп танып, 1990 жылғы Егемендік декларациясын тәуелсіздікке дейінгі алғышарт ретінде ғана бағалады. 

  • 2009 жылы мерекелік күндерді қысқарту және жұмыс күндерінің санын арттыру саясаты жүргізілді. Сол өзгерістердің ішінде тек Республика күні ғана тізімнен алынып тасталды.

  • 2000-жылдары мерекелердің басты назары Тәуелсіздік күні мен елдің қалыптасуындағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне ауысты.

  • 2011 жылы енгізілген Тұңғыш Президент күні (1 желтоқсан, 2022 жылы алынып тасталды) осы бағытты одан әрі күшейтті.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні қайтадан мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл шешім ел тарихын жаңаша түсінуге және ұлттық сананы нығайтуға бағытталған саяси қадам ретінде қабылданды.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 25 Қазан, 2025 09:00
Талқылау