Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"9 жаста етеккірі келіп, мастурбация жасайды": Қазақстандық ата-аналар балаларындағы ерте жыныстық жетілу белгілеріне алаңдаушылық білдірді

неге қазір балаларда жыныстық жетілу ерте басталып жатыр?

Фото: pixabay.com

Қыздарда 6-7 жаста етеккірдің келуі, ұлдарда 9 жасқа дейін жыныстық белгілердің пайда болуы қалыпты жағдай ма? Желіде ата-аналар балаларынан ерте жастан жыныстық жетілу процесін байқағандарын айтып дабыл қақты. Мамандар соңғы жылдары ерте жетілу жағдайлары жиілеп кеткенін растауда. Айтуларынша, бұған қоршаған орта, тағам, гаджеттер және әлеуметтік-психологиялық факторлар себеп болуы мүмкін.  Қазіргі балалар неліктен ерте дамып жатыр? Мұның қандай салдары бар? Stan.kz тілшісі дәрігер мен психолог маманнан сұрап көрді.   

ерте жыныстық жетілу

Фото: Желі кадрларынан скрин 

Желі қолданушылары балаларда ерте жастан жетілу белгілері пайда болып жатқанын жазып, көмек сұрады. 

“7 жастағы ұлымның ұятсыз видеолар көріп жүргенін біліп қойдым. Енді оның психикасын бұзбай, бұл туралы қалай сөйлесуіме болады?”, “Балалар гинекологымын. Қазір қыз балаларда етеккір 8–9 жастан келе бастағанын байқадым. Жыл сайын мұндай жағдайлар көбейіп келеді. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) бойынша 9 жастан етеккір келуін норма деп есептейді. Бұған не әсер етуі мүмкін? Экология ма? Гаджеттер ме? Тағам ба? Әлде эволюция ма? Менің ең кішкентай пациентімнің етеккірі 1,5 жасында келген", “Жыныстық жетілу ме? Жақында ғана 12 жастағы қызым үйірмесіндегі 6 жасар қыз туралы айтты. Оның кеудесі өте үлкен екен”, – деп жазды жұтшылық. 

Осы тұста балалар және ересектердің эндокринолог дәрігері Севара Ибрагимова жалпы жетілу туралы түсіндіре кетті. Айтуынша, негізінде жыныстық жетілу процессі ұлдарда 9-14 жас, қыздарда 8-13 жас аралығында өтуі керек. 

“Бұл процесс 4-5 жылға созылады. Әдетте 10 жастан кейін жыныс гормондары жоғары болғаннан кейін организмде өте көп өзгерістер болады. Бірінші баланың мінез-құлқы, көңіл-күйі өзгереді. Ұлдарда дауыстың жуандауы жыныс мүшесінің өз жасына сай ұлғаюы, бетке қолтық астына, жыныс мүшесі аймағында түсіктердің пайда болуы, безеу, акненің шығуы басталады. Ал бойының өсуі жылына 9-9,5 см жетеді. Қыздарда қолтығынан иіс шығуы мүмкін және көкірегінің ұлғаюы басталады. Сосын жыныс мүшесі аймағы, қолтық астында түсіктер пайда болып, етеккірдің келуі және бойының өсуі байқалады. Бұл дегеніміз қыздың бойы жылына 8-8,5 см-ге өседі. Яғни бой тез өсе бастайды”, – деді маман. 

Дәрігер егер осы белгілер қыздарда 8 жасқа дейін, ұлдарда 9 жасқа дейін болса, бұл мерзімінен ерте жыныстық жетілу екенін атап өтті. 

“Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, бұрын етеккір көп қыздарда 12-13 жаста келетін еді. Ал қазір бұл көбіне 10 жаста басталып жүр. Қазіргі популяцияға байланысты етеккірдің 10 жаста келуі де нормаға айналып, қалыпты болып кетті. Жыныстық жетілуге лютеиндеуші гормон (ЛГ), фолликулды ынталандырушы гормон (ФСГ), эстроген, тестестерон және бүйрек үсті безі гормондары әсер етеді”, – деп қосты ол.  

“Ата-аналар баласының желіден не көріп жүргенін бақыламайды”

Маман бүгінде балалардың ерте дамып жатқанына бірнеше себеп бар екенін алға тартты. Осы тұста ата-аналардың балаларына назар салмауы да себеп. 

“Мысалы кейбір ата-аналар таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады. Ал баласы көбіне гаджет, телефон, планшетпен отырады. Баланың қандай желілерге кіріп жүргенін ешкім тексеріп жатқан жоқ. Түрлі видеоларды қарауы да жыныстық дамудың ерте басталуына алып келеді. Мысалы мынадай жағдай болды. Сіңлісі 6 жаста, қолтығынан иіс шығып, көкірегі ұлғайып, жетілу белгілері болды. Бірақ оның 8 жастағы әпкесінде ондай белгілер жоқ. Анасының айтуынша, кіші қызы 1-сыныпта оқиды. Өзі таңнан-кешке дейін жұмыста болады екен. Ол көп уақытын телефон қараумен өткізген. Ал оның не көретінін анасы тіпті білмейді екен. Яғни ата-аналар баласының не көріп жатқанын бақыламайды. Тіпті гаджеттердің сәулелерінің түсуі де жыныстық ерте дамуға алып келетіні дәлелденген”, – деп түсіндірді эндокринолог. 

Севара Ибрагимованың айтуынша, ерте жыныстық жетілуге баланың психологиялық хәлі де әсер етеді. Мысалы, егер қыздың жасы кішкентай болғанымен психологиялық тұрғыда жетілуге дайын болса, қызда да жыныстық даму белгілері дами бастайды екен.

“Қазіргі жастарға салыстырмалы түрде қарасақ, үлкен айырмашылықты көреміз. Оларда барлық ақпарат пен деректер қолжетімді. Қыздар ерте жастан косметика сияқты заттарды еркін пайдалана алады. Олар неше түрліні көреді. Желіде түрлі видеолар да ашық дереккөздерде тараған. Осындай психологиялық факторлар салдарынан көп қыздарда ерте жетілу кездеседі. Бұл олардың мінезіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаға гаджет бергенде көбіне бақылау керек. Сосын баласының ортасына да мән беруі қажет. Жанындағылар ерте есейген, боянып, өздерін басқаша ұстауға тырысатын болса, әрине ол да соған еліктейді”, – деп қосты маман. 

Дәрігер осы тұста ұлдарда да түрлі өзгерістер болатынын жеткізді. Айтуынша желіде тараған ақпараттардағы мастурбация, ересектерге арналған видеоларды көру жыныстық жетілу кезінде көптеген ұл балаларда болады және бұл қалыпты құбылыс.

“Ерте жыныстық жетілу бедеулікке алып келеді”

Севара Ибрагимованың айтуынша, ерте жыныстық жетілудің тағы бір себебі – артық салмақ. Маман бүгінде жастардың тамақтану тәртібінің көңіл көншітпейтінін алға тартты.

“Ағзада артық май болған кезде ароматаза ферментінің әсерінен экстроген гормондары көп бөлінеді. Сол себептен қыздарда жыныстық даму басталып кетеді. Ал ұлдарда керісінше, артық салмақтың болуы жыныстық дамудың кеш пайда болуына алып келеді. Қазір артық салмақтағы балалар көп. Олардың рационында фастфуд, энергетикалық сусындарды шектен тыс қолданылады. Одан бөлек, пластик ыдыстарды да өмірде жиі пайдаланамыз.

Тіпті ерте жастан жыныстық жетілген балалардың ата-аналары оларды қаратуға қорқып жүрген де жағдайлар кездеседі. Егер қызда сондай белгілер болса, міндетті түрде дәрігерге қаралуы керек. Себебі біз қыздарды 8 жасқа дейін, ұлдарды 9 жасқа дейін ғана емдей аламыз. Сондықтан уақытылы дәрігерге қаралу маңызды. Ата-аналар баласының жағдайын бақылауда ұстауы керек. Әсіресе, артық салмақ болса, одан міндетті түрде арылған жөн. Ата-ана баланың дұрыс тамақтануына, жақсы ұйықтауына назар аударуы керек. Ең дұрысы баланың уақытын пайдалы іске бұру керек”, – деп қосты ол. 

Дәрігер ерте жыныстық жетілу процесін емдеуге болатынын да тілге тиек етті. Тек ол үшін балаларды маманға ертерек көрсету керек екен. 

“Етеккірдің ерте келуінің алдын алуға арналған препараттар бар. Біз сол препараттарды тағайындап ерте жыныстық жетілуді емдейміз. Сондықтан дәрігерге ерте қаралу маңызды. Ерте жыныстық жетілу басталып кетіп, кейін жүре берсе, сосын 8 жасқа келгенде дәрігерге апарса, өкінішке қарай еш шара қабылдай алмаймыз. 

Ерте жыныстық жетілу, әрине, зиян. Біріншіден баланың бойы өспей қалады. Себебі 7 жаста қатарластарының бойы өсіп жатқанда жыныстық жетілуі бар балада ол тоқтап қалады. Яғни аяқтары қысқа, денесі ұзын болады. Екінші себеп психологиясына әсер етеді. Балада комплекс қалыптасуы мүмкін. Үшіншісі бедеулікке алып келуі мүмкін. Әрине, бүйрек үсті безінің аурулары болса, гормоналды өзгерістерге алып келеді.  Бұл жерде генетика да әсер етуі мүмкін. Егер анасында ерте жыныстық жетілу болса, қызында да оның даму қаупі жоғары болады. Тіпті кей жағдайда ұлда да, қызда да кеш жыныстық жетілу болып жатады. Бұл да генетикаға байланысты”, – деді ол. 

“30-35 жаста менопауза мен 20-25 жаста тестесторонның деңгейі төмендеп жатыр”

Маман ерте жыныстық жетілуден бөлек, менопауза мен тестесторон деңгейінің төмендеуі де үлкен мәселеге айналып бара жатқанын алға тартты. 

“Климакстың ерте басталуы гормоналды өзгерістермен тікелей байланысты. Көбіне қалқанша безінің ауруы кезінде жыныстық гормондардың да төмендеуі байқалады. Нәтижесінде ол ерте климаксқа алып келеді. Яғни 30-35 жаста етеккір тоқтап қалады. Немесе бұл аналық безінің қызметінің төмендеуі мен артық салмақтың болуына да байланысты. Сондықтан қаралып тексерістен өтіп отыруы керек. 

Қазір 20-25 жаста тестесторонның деңгейі төмен болып жатады. Ал негізінде бұл жаста олардың тестесторон деңгейі жоғары болуы керек. Бұған әсер ететін факторларға тоқталсақ, көп ер жігіттер энергетикалық сусындарды қолданады. Қимыл-қозғалыс аз, артық салмақтағылар көп. Ерте жетілу етеккірдің бұзылысына алып келеді. Ал етеккірдің ерте тоқтауы басқа гормоналды факторлармен байланысты. Бұл жерде ұйқы өте маңызды. Себебі түнгі ауысымда жұмыс істеп етеккірі ерте тоқтап қалған 20 жастағы қыздың оқиғасы бар. Ол екі жыл бойы түнгі ауысымда даяршы болып жүрген. Немесе қатты күйзелістен етеккірі тоқтап қалған әйелдер де бар”, – деп қорытты маман. 



“Олар өздерін қатарластарынан “ерекше” сезініп, оқшаулана бастайды. Булингке ұшырауы мүмкін”

Балалар психологы Айдана Белгібайдың айтуынша, ерте жыныстық жетілу баланың тек денесіне ғана емес, психикасына да қатты әсер етеді. 

“Ерте жетілген балалар өз денесіндегі өзгерістерді қатарларынан бұрын байқайды. Бұл кейде ұялшақтық, ыңғайсыздық, өз денесіне сенімсіздік туғызады. Әсіресе, қыз балалар арасында “денем өзгеше”, “мен тым тез өзгеріп жатырмын” деген ойлар жиі кездесіп, бұл өз-өзіне деген бағалаудың төмендеуіне алып келеді. Ал кейбіреулері, керісінше, өзін ересек сезініп, тым ерте тәуелсіздікке ұмтылады. Гормондық өзгерістер көңіл-күйдің тұрақсыздығына, ашушаңдық пен көп жылауға әкеледі. Эмоцияларды басқару бала үшін қиындай түседі. Себебі оның эмоционалдық жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Мұндай балалар өзін қатарларынан “ерекше” сезініп, оқшаулануы мүмкін. Кейде ерте жетілу буллингке немесе қатарластары тарапынан түсінбеушілікке себеп болады”, – дейді маман.

Айдана Белгібай бұл кезеңде ата-ананың, мұғалімнің және психологтың қолдауы аса маңызды екенін ескертеді. Себебі сыртқы келбетінің ересек көрінуі салдарынан кей балалар өзінен үлкен ортаны іздеп, ересектерге тән мінез көрсетуі ықтимал.

“Баланың бұл үдерісті қалай қабылдайтыны көбіне отбасы жағдайына байланысты. Эмоциялық қолдауы жоғары отбасында өсетін бала өз өзгерістерін жеңіл қабылдай алады. Ал бұл тақырып жабық саналатын, ұят деп саналатын отбасында – бала өзін кінәлі сезінуі мүмкін  Егер бала бойының тез өсуі, дене пішінінің өзгеруі секілді белгілерді тым ерте байқаса, “мен өзгелерден несімен ерекшеленем?” деген сұрақтар мазалай бастайды. Құрдастардың пікірі бұл жаста ерекше әсер етеді: біреудің қызығушылықпен қарауы немесе келемежі – баланың өзін қабылдауына тікелей ықпал етеді. Мысалы, қыз балада сүт бездері ерте пайда болса, бұл мақтаныш та, ұят та тудыруы мүмкін. Ал ұл балада дауыс жуандап, бойы өссе ол өзін дәлелдеуге тырысуы мүмкін”, – дейді маман.

“Ерте жыныстық жетілу – баланың кінәсі емес”

Психолог ерте жыныстық жетілудің тағы бір қауіпі эмоцияларды жасырып, ішке жинау екенін жеткізді. 

“Қыздарда ерте етеккір келген кезде – тітіркенгіштік пен ашушаңдық, ал ұлдарда – тестостеронның күрт көбеюі агрессия мен өзін дәлелдеуге ұмтылуға әкелуі мүмкін. Ата-аналарға ең алдымен бұл тақырыптан қашпауы керек. Жыныстық даму туралы айту – бұл тәрбиенің табиғи бөлігі. Бұл – ұят нәрсе емес. Бала сұрақ қойса, оған сабырлы, ашық түрде жауап беру қажет. “Сенің денең өсіп келеді. Бұл бәрінде болатын қалыпты процесс”, – деп түсіндіру маңызды. Ата-ана қысылып, жауап бермесе, балада ұят пен қорқыныш сезімі пайда болады”, – деді маман.

Психолог сондай-ақ ата-аналарға:

  1. бала эмоцияларын сынамай, қабылдауға;
  2. ашық әрі жылы диалог орнатуға;
  3. эмоцияны сөзбен жеткізуді үйретуге;
  4. құрдастар ортасында мазақ болуына жол бермеуге;
  5. және баланың сыртқы емес, ішкі қасиеттеріне мән беруге кеңес береді.

Ерте жыныстық жетілу – баланың кінәсі емес. Баланы ұялтпай, түсіністікпен қабылдаған орта оның өзін-өзі қабылдауы мен эмоционалды тепе-теңдігіне ең жақсы негіз болады”, – деп түйіндеді Айдана Белгібай.

STAN.KZ
Жұма, 24 Қазан, 2025 17:44
Талқылау