Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қандай жанталасты бастан кешкенімді сөзбен түсіндіру мүмкін емес": Қатерлі ісікті 3 рет жеңіп шыққан қазақстандық әйелдің оқиғасы көпті шабыттандырады

Наталья Пан

Фото: Наталья Пан парақшасынан

Қазақстандық Наталья Пан 3 рет қатерлі ісік ауруын жеңіп шықты. Өміріндегі ауыр сынақты еңсерген әйел енді өзгелерге сырқаттан айығуға көмектеседі. Оның жеке блогын қазір 220 мыңнан аса адам бақылап жүр. Ол Stan.kz тілшісіне ауыр дертті қалай жеңіп шыққанын, қандай қиындықтарды еңсергенін айтып, осындай жағдайда жүргендерге кеңес берді. 

41 жастағы Наталья 11 жыл бұрын кенеттен қатерлі ісікке шалдыққанын білген. 2014 жылы ол үшінші қызына жүкті болған. Сөзінше, басында жүктілігі бірқалыпты өткен, үнемі дәрігерлерге тексеріліп отырған. Алайда жүктілігінің 8-айлығында қан кетіп, ауруханаға түсіпті.

“Сол кезде дәрігерлер “бәрі жақсы, ондай болып тұрады” деген. Бірақ нақты себебін айта алмады, қан тоқтап, үйге қайттым. Ал бірнеше аптадан соң қайтадан қан кетті. Сол сәтте дәрігерлер “плацентаның ажырауы” деген күдік бар деді. Тез арада кесарь тілігін жасап, босандырып алды. Алайда босанғаннан кейін дәрігерлер өзара сыбырласты да, үнсіз қалды, баланы маған берген жоқ. Мен бірдеңе дұрыс емес екенін түсіндім”, – деді әйел.

Бірнеше күннен кейін мамандар гинекологқа баруын талап еткен.

“Босанғаннан кейін гинекологқа барғым келмеді. Кейін барармын деп ойладым. Алайда маған “барып келмегеніңізше, балаңызды бермейміз” деді. Гинеколог мені тексерді де, онкодиспансерге жолдады. Мен қасарыстым, ешқашан онкологияға қатысты жерде боламын деп ойламаппын. Ал ол жақтағылар қатергі ісікке күдік бар деп, биопсия тапсыртты”, – деді ол.

Сөзінше, ең қиыны – талдау нәтижесін 10 күн күту болған. Күту өлімнен де жаман дейді.

“10 күнде уайым жегідей жеп қойды. Тіпті сәбиімді бауырыма басып, көңіл бөле алмадым. Көп уақыт есімін де қоймаппыз. Әрі қарай не болатынын ойлап, түрлі жағымсыз сценарийлер көзіме елестеді”, – деді Наталья.

Талдау нәтижесі жатырда қатерлі ісік барын растады. Наталья Панға жатыр мойны обырының 1-сатысы диагнозы қойылды. Алайда Наталья жаман ауру диагнозын естіген сәт есінде қалмағанын айтады.

“Диагнозды естігеннен кейін бәрі бұлыңғыр болды. Көзіме өлім елестеді, ештеңені естімей қалдым. Күйеуім дәрігермен сөйлесіп жатқанын білемін. Ал мен барлық жағымсыз эмоцияны бастап өткердім, ашуға булықтым. Бойымды қорқыныш биледі, өмірге өкпеледім. Үйге қайтарда көлікте қатты жыладым, жан дауысым шықты. Күйеуім де мені қалай жұбатарын білмей, қиналды. Қатерлі ісікке шалдыққанымды білген соң, 2 күнім тек жылаумен өтті, балаларымды, жалпы барлық нәрсені ұмыттым”, – деді келіншек.

Ол отбасының, әсіресе күйеуінің, қолдау өте маңызды болғанын айтады. Онсыз бәрін тастап жіберетін кезеңдер болды дейді. Жақындары Натальяға осы дерттен сауыққан адамдар туралы айтып, олардың оқиғасын баяндаған.

Осылайша әйелге Алматыда ота жасалған. Оның жатырын, толық репродуктивті жүйе ағзаларын алдырып тастады. Алайда ота кезінде қатерлі ісік 1-саты емес, 2-сатыға өтіп кеткені белгілі болған. 

“Мен “толық жазылдым, бәрі бітті” деп ойласам, отадан кейін әлі де қатерлі ісік жасушалары қалып қойған екен. Емді жалғастырсын деді. Әлі мұның жалғасатынын естіген соң, тағы құлазып, жылай бастадым. Осы тұста мамандар химиятерапияны басқа елден алсын деп кеңес берді. Бізге Ресей мен Кореяны ұсынды. Ресейде таныстарымыз болған соң, Мәскеуде емделуге бел будық. Онда тексеріліп, ем алдым. Алайда олар тек ультрадыбықтық зерттеу жасапты. Ал ол қатерлі ісікті анықтау үшін жеткіліксіз, негізі компьютерлік томография жасалуы қажет еді”, – деді қатерлі ісікті еңсерген жан.

Қатерлі ісік басқа ағзасына өтіп кеткен

Ол 2 жыл бойы дәрігердің нұсқауымен 3 ай сайын жамбас тұсын томографияға түсіріп, тексеріліп жүрген екен. 2016 жылы Астанаға позитронды-эмиссиялық томография келіпті. Бұл барлық ағзаны толық түсіреді. Мамандар Натальяға содан өтсін деген.

“Тексерістен кейін радиолог өкпеңізде метастаза деді. Яғни қатерлі ісік өкпеме тараған. Ал мен бұлай боларын білмедім де, себебі қатерлі ісік жайлы сауатым болмаған. Мәскеулік дәрігерімнің өзі не себептен бұлай болғанын білмей, шошып кетті. “Біткен жерім осы” деп ойладым. Тіпті ішімдікке салынып кетер ме екем… Осы жайттан соң туыстарым ақша жинап, Кореяға баруға бел будық”, – деді Пан.

Кореяда ол ота жасатып, химиятерапияның 6 курсын алған. Сонда да өкпеде 2 мм-лік кішкентай ісік қалып қойған екен.

 “Маған химиятерапияның тағы 2 курсынан өтсін деді. Бірақ мен қажып кеттім. Қайта-қайта химия алу оңай болмады, оның үстіне ақшалай да қысылып кеттік. Сол үшін қосымша курсты алмай, кетіп қалдым”, – деді ол.

“Қатерлі ісік 3-рет пайда болғанда, байбалам салмадым”

2018 жылы өкпедегі қатерлі ісік тағы пайда болды. Алайда қазақстандық арудың бұл ауру туралы әжептеуір білімі пайда болғандықтан, бұрынғыдай байбалам салмаған.

“Үшінші рет естігенімде, өзімді қолға алып, дұрыс қабылдай білдім. Қанша жерден жақындардың қолдауы маңызды дегенімізбен, бәрібір бұл күресті өзіңіз өткеруіңіз керек. Өзіңізді қолға алмасаңыз, ешкім де көмектесе алмайды. Рухани жағынан мән беру керек, берілмеу маңызды”, – деді ол.

Олар емді жалғастыру үшін осы жолы Кореяға көшіп барған. 6 ай сонда өмір сүріп, химитерапияның 6 курсын алыпты. Сөзінше, үшінші ем сәтті өтті. 

“Ловец врачей” жобасы мен орталық қалай пайда болды? 

Натальяны сырқаты мазаламағасын, ісік дамымайды деп ойлапты. Форумдардың біріне қатерлі ісікпен күресін, емделу жолы туралы жазған. Адамдар қызығып, түрлі сұрақтар қойған, ал Наталья оларға жол сілтеді. Осылайша қатерлі ісікке шалдыққандарға қолдау көрсеткісі келген екен. Соның арқасында шетелдік клиниканың халықаралық бөлімінің директоры оны байқап, бірге жұмыс істеуге шақырған.

Әрі қарай бір ғана медициналық орталықпен емес, жан-жақты зерттеуге көшкен. Осылайша науқастарға қолдау көрсететін орталықты ашты. 

“Компаниямыз дұрыс маман таңдауға, емделу жолын табуға көмектеседі. Орталығымыздың дәрігерлері олардың ауруы туралы ақпараттандырады, жағдайын түсіндіреді. Біз қолайлы бағада дәл науқастың сырқатын емдей алатын білікті маманды іздейміз. Ол маманға біздің орталықтың дәрігері науқастың барлық анамнезін айтады. Себебі көп жағдайда олар өздеріне не болғанын толық түсінбей, оны дәрігерге жеткізе алмайды. Нақтырақ айтқанда, біз шетелдік орталық пен науқас арасында көпір боламыз”, – деді қазақстандық.

“Әр атқан таңыма шүкір ететін болдым”

Наталья Пан әлі күнге дейін бұл ауру қайта пайда бола ма деген қорқынышы барын жасырмады. Сондай-ақ бұл сырқат оны толықтай өзгертіп, өмірге деген көзқарасын қайта қалыптастырғанын айтады.

“Осыдан кейін материалдық құндылықтардың маңызы болмай қалды. Әр атқан таңыма шүкір ететін болдым. Өйткені менікіндей диагнозы болған біршама әйел қазір бұл өмірде жоқ. Жүздеген адамның айыға алмағанын өз көзіммен көрдім. Өмірдің қаншалықты құнды екенін түсіндім. Бұрын өзімшіл едім, өзгелердің көңілі маңызды болмаған, айналада не болып жатқанына қызықпағам. Осы аурудан кейін адамдарды жақсы көруді, жақындарымды бағалауды үйрендім. Бұл сынақ маған көп сабақ берді”, – деді әйел.

Қатерлі ісікке шалдыққандарға берер кеңесі

Наталья қатерлі ісігі бар адамдар емді бастар алдында ақпарат жинап, тыңғылықты зерттеп барып шешіп қабылдауы керек дейді.

“Бұл – өте қауіпті ауру. Сол үшін осы диагноз расталған сәттен бастап аса жауапкершілікпен қарау керек. Тіпті 1-сатысы болса да, уақыт жоғалтуға болмайды. Қатерлі ісік өздігінен емделмейді. Ауруыңыз туралы зерттеу қажет. Маман таңдағанда да мұқият болыңыздар”, – деді Пан.

Айтуынша, науқастар жиі жіберетін қателік – медицинаға жатпайтын дәстүрлі, балама емге жүгіну. Бақсы-балгерге бару, түрлі шөптен жасалған сусын ішу немесе халық емін қолдану жағдайды тек ушықтыратынын айтады.

“Қатерлі ісікті емдеудің медициналық жолдан басқа баламасы жоқ. Бірде-бір адам халық емі не дәстүрлі ем арқылы емделген жоқ. Осы халық емі үшін медициналық емнен бас тартып, мүшкіл халде оралғандарды көп көрдім. Бірақ ондай қатерге бас тікпеген жөн”, – дейді ол.

Ол 3 мәрте жаман ауруды жеңуіне сәттілік те әсер етті деп санайды. 

“Менің бірнеше рет қатерлі ісікті жеңгеніме қарап, “емі бар, жеңіл ауру екен ғой” деп немқұрайлы қарамаса екен деймін. Менің неден өткенімді, қандай жанталасты өткергенімді сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Олай 3 рет емделіп кететіндердің үлесі өте аз. Бір дәрімен шешілетін нәрсе емес. Алайда өзіңізге деген сенім, сауатты маман, дұрыс емнің арқасында мен өмір сүріп келемін”, – деді Наталья.

Қатерлі ісіктің қаупін айтып ескерткенімен, үміт үзілмеу керегін айтты. Ол ұйқы безі қатерлі ісігінің 4-сатысында да жазылып кеткен қарт кісінің оқиғасын айтып берді.

“Орталығымыз енді ашылған кезде науқастың ұлы хабарласты. Олар Германияға емделуге барған. Алайда ем ойлағаннан да қымбатқа шығыпты. Орталықтан басқа ауруханалар бар ма деп сұрады. Осылайша Кореяға жол тартты. химиятерапияның 6 курсын алды, ісігі кішірейді. Қатерлі ісік кішірейгеннен кейін 12 сағатқа созылған ота жасалды. Өлім аузында қалып, өмір үшін күресті. Отадан кейін тағы химиятерапияның 4 курсын өтті. Нәтижесінде жазылып, әлі де өмір сүріп жатыр”, – деді Нататья Пан.
Қырмызы Скендирова
Жұма, 24 Қазан, 2025 17:08
Талқылау