"Кофеңіз суып үлгергенше, көлік алып, оны тіркетіп үлгересіз": Еуразиялық банк жаңа автокөліктерді несиелеу үдерісін толықтай цифрландырды
Елімізде жаңа автокөлікті сатып алуға арналған алғашқы тура цифрлық несие іске қосылды. Енді жаңа көлікті несиеге алу кезінде өтінім беруден бастап тіркеу және мемлекеттік нөмірлерді алуға дейінгі барлық рәсім автосалоннан шықпай-ақ онлайн жүргізіледі. Осылайша Eurasian Drive жобасының арқасында несиеге жаңа көлік алу, оны тіркеуге қою уақыты барынша қысқармақ. Бұл жобаны Еуразиялық банк пен Allur автокөлік компаниясы ішкі істер министрлігімен бірлесіп іске асырып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Бұған дейін тек жүрілген көліктерді сатып алған кезде ғана онлайн тіркеуге мүмкіндік беріліп келді, ал жаңа көлік иелері көлігін бастапқы тіркеуге қою үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттардың қағаз нұсқасын апарып тапсыруға тиіс болатын. Енді Allur автосалондарында жаңа көлікті несиеге рәсімдеу кезінде тіркеу және мемлекеттік нөмір алу процесі онлайн жүргізіледі.
Жаңа жобаны таныстуға арналған жиында "Allur КТ" АҚ бөлшек сауда бағыты бойынша басқарушы директоры Мұхамед Әлімханов алғашқы онлайн тіркеу қызметінің іске қосылуы нарықтағы маңызды қадам екенін атап өтті.
"Елімізде цифрландыру қарқынды дамып келеді және күнделікті өмірдегі үдерістердің адамдар үшін жеңілдей түскені қуантады. Жаңа автокөліктерді сатып алу кезінде алғашқы онлайн тіркеу қызметінің іске қосылуы – ыңғайлы әрі заманауи клиенттік тәжірибеге жасалған маңызды қадам. Біз бұл жобада толық техникалық интеграцияны қамтамасыз етіп, қазақстандықтар үшін алғашқы толық цифрлық автонесиенің бір бөлшегі болғанымызды мақтан тұтамыз. Адамдардың қажеттіліктері өзгеріп жатыр – олар қарапайым, түсінікті және жедел шешімдерді күтеді. Біз де сол сенім үдесінен шығуға тырысамыз", – дейді Мұхамед Әлімханов.
Автокөлікті рәсімдеу бірнеше автоматтандырылған кезеңнен тұрады:
– Автосалоннан көлік таңдалғаннан кейін, менеджер жүйеге клиенттің деректерін енгізеді – тек ЖСН мен телефон нөмірі жеткілікті, сонымен қатар көлік параметрлері мен бастапқы жарна мөлшері көрсетіледі.
– Қаржыландыру мақұлданған соң, клиент, банк және автосалон арасындағы барлық құжат мен шарттар ЭЦҚ көмегімен онлайн түрде рәсімделеді, бастапқы жарнаны банк картасы арқылы немесе автосалон кассасында төлеуге болады.
– Мәміле расталғаннан кейін жүйеде цифрлық құжаттар топтамасы автоматты түрде қалыптасады және көлікті тіркеу процесі басталады: осы кезеңде клиент жүйе арқылы тіркеу нөмірін (VIP нөмірді қоса алғанда) таңдайды, мемлекеттік баж салығын төлейді, тұлғасын растайды және ІІМ-ге өтініш береді, сондай-ақ көлікке банк кепілдігін рәсімдейді. Техпаспорт бірден цифрлық құжаттар бөлімінде көрінеді. Банк мамандары бұл рәсімдерге бар-жоғы бір сағаттай уақыт кететінін айтады.
Ал мемлекеттік нөмірлер мен құжаттардың түпнұсқасын көлік иесі арнайы ХҚКО-дан кезексіз, өзіне ыңғайлы уақытта алып кетуіне болады.
"Бүгінде клиентке көлікті онлайн таңдап, несиені онлайн рәсімдеуден бөлек, сол көлікті халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, онлайн рәсімдеуге мүмкіндік беретін жүйе қажет екенін байқадық. Бізге жылдамдық пен уақытты үнемдеуге бағытталған осы клиенттік тәжірбиені бірінші болып құру маңызды болды. Нәтижесінде шын мәнінде тура цифрлық процеске қол жеткіздік. Елімізде алғаш рет клиент бір сағаттың ішінде көлікті нөмірімен қоса алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Біз ведомстволар мен технологиялар арасындағы шекараларды жою дәстүрін жалғастыра бермекпіз", – дейді Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Ләззат Сатиева.
Жаңа қызметті бірнеше клиент сәтті қолданып үлгерген. Банк өкілдері бұл қызметке қосымша ақы алынбайтынына және деректердің оңды-солды тарап кетпейтініне кепілдік беріп отыр.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
