Қызылорда облысында карантинге жабылған ауыл тұрғындары наразылық білдірді

Қызылорда облысындағы ауыл тұрғындары елде төтенше жағдай аяқталса да неге қамалып отырғандарын түсінбейді. Жұмыс тоқтағандықтан азық-түлік алатын ақша жоқ, ал үйдегі бала-шаға аш отыр. Ал, ауылдың оқшауланғанын пайдаланған дүкен иелері азық-түлік бағасын аспандатып қойған. Олар әкімдіктің баға туралы ескертуін елемейді де, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Екі жарым ай бойы карантинде отырған тұрғындар бұл жағдайға наразылықтарын білдіруде.
Аудан орталығына шықпақ болғандарды әскерилер өткізбей қойған. Себебі Қодамановтағы карантиннің аяқталу уақыты әлі белгісіз.

"11 мамырға дейін деді бізге. Мақұл, 11-не дейін біз шыдадық, екі жарым ай отырмыз. Бізді қойшы, пенсиямыз жүріп жатыр, ал, мына жастардың айлығы жүріп жатқан жоқ, үйлерінде пенсия да алмайды. Алты-жеті баласы барлар бар. Оның үстіне дүкенде қарызға бермейді, сонан кейін қиналып жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Патыма Даниярова.

Ел пандемия басталғалы күн көріс қиындап кеткенін  айтады. Ал, кәсіпкерлер осы жағдайды пайдаланып, азық-түлікті қымбат бағаға сатып жатқан көрінеді.

"Ауданда 7 мыңнан алатын ұнды бұл жақта 8,5 мыңнан аламыз. Екі литр шемішке майын ауданнан 900 теңгеден алып жүрсек, қазіргі кезде мың жарым теңге. Оған екінің бірінің қолы жете бермейді ғой. Халықтың барлығы қиналып жатыр. Біздің ауылдан шығып жатқан ешқандай ауру жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Раушан Сәрсенбай.

Ауыл әкімі бағаның шарықтап тұрғанын растады. Алайда қолдан келер нақты көмек жоқ, дейді.

"Бағалар бойынша біздер жұмыс жасап жатырмыз. Оның енді ауданмен салыстырмалы түрде жасаған кезде біраз айырмашылықтар бар енді. Тиісті дүкен иелеріне бағаны қымбаттатпау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жасадық", - дейді Ынтымақ Мадиев, Төңкеріс ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы.

Үш жарым мың тұрғыны бар бұл ауылдан коронавирус ауруына шалдыққан 46 науқас анықталды. Оның 44-і тиісті ем-домын алып шықса, екеуі әлі ауруханада жатыр. Осы азаматтармен байланыста болды деген 300-ден аса ауыл тұрғыны карантинге жабылды.

"Екі апта жаттық СПТУ-дың общагасында. Бірақ бізге жағдай жасаған жоқ. Тамақтың өзін кейде екі рет, кейде бір рет берді. Біз тамақты өзіміздің туыстарымыздан, достарымыздан алдырып отырдық. Он төрт күн жатамыз деп аштан өліп қала жаздадық", - дейді Азамат Құбаев, карантинде болған ауыл тұрғыны.

Тұрғындарды сабырға шақыру үшін аудан әкімінің орынбасары келді. Шенеунік карантин кезінде үш адамнан артық бас қосуға болмайтынын біле тұра ауыл тұрғындарын барлығын көпірдің үстіне жинап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айтуынша бекет әзірге ашылмайды екен.

"Бұл жерден блок-пост алынбайды. Блок пост тұрады. Өйткені Төңкеріс өздеріңіз білесіздер Шиелі ауданы бойынша бір ошақ болып есептеледі. СОVID-19-дың ошағы осы Төңкеріс болып есептеліп тұр. Бұл жерде қазір 46 адам тіркеліп тұр", - деді Болатбек Ысмағұлов, Шиелы ауданы әкімінің орынбасары.

Ал, бұл уақытта Шиелі ауданының орталығында тіршілік қайнап тұр. Базарлар жұмыс істеп, тұрғындар орталықта емін-еркін жүр. Осыны сөз еткен Қодаманов ауылының тұрғындарына аудан әкімінің орынбасары алдағы уақытта блок-пост алынбаса да ауылдан шығуға рұқсат беру мәселесін қарайтындарын жеткізді.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр