Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеңіне тығып ұрлаған: Қызылорда облысында банктен 600 миллион теңгені қолды еткен қызметкер қаржыны бәс тігуге жұмсаған

Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысында банк қызметкерінің 600 миллион теңгеден астам қаржыны ұрлағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ақша ұрлау

Агенттік мәліметінше, банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңгенің жетіспейтіні анықталыпты. 

“Контроллер-кассир шамамен 1 000 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан ұрлағаны анықталды. Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді, онда кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлау фактілері тіркелген. Күдікті жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты толық мойындады”, – делінген хабарламада. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге түскені анықталыпты. 

“Сонымен қатар оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды”, – деп қосты агенттік өкілі. 

Талқылау