"Қытай Қазақстанға ешқандай саяси шарт қоймайды": Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинпен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа "алтын кезеңге" қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды. Сондай-ақ президент ҚХР төрағасының елімізге сапары оның туған күнімен тұспа-тұс келгенін айтып, Си Цзиньпинді туған күнімен құттықтады.
Президент Қытайды Қазақстанның тату көршісі және уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктесі деп атады.
“Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз”, – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, сондай-ақ БРИКС + және "Орталық Азия – Қытай" форматында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын атап өтті.
Қытайлық банк Қазақстан даму банкіне 1 миллиард доллар бөледі
ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің ұшағын Астанаға дейін қазақстандық жойғыш-ұшақтар алып жүрген (видео)
Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін еске салды. Былтырғы қорытынды бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар 2025 жыл "Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы" болып жарияланды.
Фото: akorda.kz
Тоқаев атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды.
“Біз Қазақстанда бірнеше, тым болмағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қабылдадық. Осы маңызды жобаға ірі компанияларды тартуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Әлемге әйгілі компания біздің нарықта өз орнын табатыны анық. Сонымен қатар Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел”, – деді президент.
Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Ол Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.
“Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді”, – деді ҚХР төрағасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды
Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты.
Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.
Еске салсақ, бұған дейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жұмыс сапарымен Астанаға келгені туралы жазған едік.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
