Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сұранысқа ие болуы екіталай": Қырғызстандық мамандар отандық QazVac вакцинасына сенімсіздікпен қарайтындарын жеткізді

Қазақстан 28 шілдеде бауырлас Қырғызстан еліне "QazVac" вакцинасының 25 мың дозасын гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Көрші елдің мұндай көмегін Қырғызстан үкіметі жылы қабылдады. Десек те, халықтың қазақстандық вакцина жайлы ойы қандай? QazVac-тың қырғыз елінде сұранысы бола ма? Бұл туралы Stan.kz тілшісі қырғызстандық сарапшылардан сұрап білді. 
Бермет

Қырғызстандық сарапшы Бермет Барыктабасова

Қырғызстандық денсаулық сақтау жүйесі мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы, дәлелді медицина маманы Бермет Барыктабасова бірнеше айда дайын болған коронавирусқа қарсы вакциналардың тиімділігі күмән тудыратынын атап өтті. 

“Қарапайым адам ретінде әрбір елдің вакцинасына сенгің келеді. Бірақ қазақстандық екпеге қатысты алаңдаушылық, әрине, бар. Вакцина өндіру – қиын үрдіс, тіпті қаржылық жағынан аянып қалмайтын мемлекеттер үшін де бұл процесс қымбатқа түседі. Пандемия басталғалы бері коронавирусқа қарсы вакцина әзірлейтін елдер көбейіп кетті. Бұл жағдай күдік туғызатыны рас. Көбіне өндірушілер вакцина дайындауда заң мен ережелерге көз жұма қарайды. Зерттеулердің сапалық шегі қатты төмендеп кетті. Айтып отырғаным тек қазақстандық вакцинаға ғана емес, әлемдегі барлық вакцинаға қатысты. Қазақстандық вакцинаны дайындауда инактивтендірілген екпе әзірлеу технологиясы пайдаланылғаны жағдайды өзгертпейді, – дейді маман.

“Тіпті ЖРВИ мен тұмауға қарсы вакцинаны мамандар 20 жыл бойы ойлап таба алмай келеді. Ал жаңадан пайда болған коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше айда қалай дайындап шықты? Ғылымдағы мұндай таңғажайыпқа сену қиын. Жауабы жоқ сұрақтар өте көп”, – дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, отандық вакцина жайлы ақпараттың болмауы – көңілге күдік ұялатады. 

“Өз басым, туындаған күдіктерімді ақылға қонымды деп есептеймін. Дегенмен, қазақстандық тараптың бұл бастамасына сәттілік тілеймін. Барлығы да сапалы әрі тиімді вакцинаны қолдануды қалайды. Бұл тұрғыда QazVac-ты неге таңдамасқа? Қазақстандық екпе жайлы жарияланған ақпарат күмәнімді сейілте қоймады. Керісінше, өндірушілердің бұғып қалған мәліметтері көп секілді. Қазақстандық зерттеушілер сынақтардың алғашқы нәтижелері мен қорытындыларын халықаралық ғылыми қауымдастықпен бөлісуге асығар емес. Ғылымда бұған жол берілмейді. Сәйкесінше, жасыратын дүние бар немесе вакцинаның тиімділігі дәлелденбеген, бағалауға келмейді”, – деп қосты қырғызстандық маман. 

Қырғызстандықтар Қазақстандағы вакцина жайлы жаңалықтардан хабардар екенін ескерген сарапшы жағдайды халықтың екпеге сенбеуі ушықтыруда дейді. 

“Қырғызстандықтардың кейбірі қытайлық екпеге, енді бірі ресейлік вакцинаға сене бермейді. Жалпы вакцинациялау үрдісінің COVID-19-ға байланысты эпидемиологиялық жағдайда қалай әсер ететін жайлы да мағлұмат кемде-кем. Бұл тұрғыда қазақстандық ғалымдар, вакцина өндірушілер қажетті ақпаратты жариялайтын болса, халқымыздың QazVac-қа сенімі артады. Дей тұрғанымен, көрші елдердің БАҚ көздері мен әлеуметтік желілері бізге да қолжетімді екенін ескерсек, вакцинаға қатысты олқылықтар, резонанс туғызған жағдайлар қырғызстандықтарды үрейін тудырады. Қазақстандық екпеге күмәнмен қарайтындардың санын арттырады”, – дейді Бермет Барыктабасова. 

қырғызстандық дәрігер

Қырғызстандық дәрігер Эрмек Исмаилов

Қырғызстандық хирург дәрігер, ургентті терапевт Эрмек Исмаилов та қазақстандық вакцинаға күмәнмен қарайтынын ашып айтты. Бұл тұрғыда ол әріптесінің сөзімен келіседі. 

“Менің білуімше, бұл екпенің барлық клиникалық сынақтардан өткені туралы ешбір беделді басылымда ғылыми мақала жарияланған жоқ. Бұған қоса, QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындамады. Сол себепті өз басым қазақстандық екпені салдырмас едім. Қазақстандық вакцинаның инактивті екені жайлы оқығанмын. Бірақ клиникалық сынақтардың нәтижелерінің жарияланбауы мен үшін өте күмәнді. Сондай-ақ бұл вакцинаны салғызған қазақстандықтардың санының төмен екенін де ескергім келеді. Міне, осыларға қарап қорытынды шығара беруге болады”, – дейді маман. 

Айтуынша, қазақстандық вакцинаның қырғызстандықтар арасында сұранысқа ие болуы екіталай.

“Негізі халықтың бір бөлігі бұл жаңалықты жылы қабылдады. Шенеуніктер Қазақстанның бұл жәрдемін бауырлас елдің көмегі деп ағынан жарылуда. Алайда біздің қырғызстандықтардың жалпы вакцинаның қай түріне болмасын күдікпен қарайтынын ескерсек, QazVac сұранысқа ие бола ма деген сұрақ туындайды. Сонымен қатар, Қырғызстанда ДДСҰ мақұлдаған басқа вакциналардың бар болғандықтан, меніңше,ьQazVac-ты көп адам таңдай қоймайды. Бұл тұрғыда халықтың екпелер жайлы жалған ақпаратқа сенуі де кері әсерін тигізуде”, – дейді хирург дәрігер. 

Айбар

Сарапшы Айбар Сұлтанғазиев

Қырғызстанның денсаулық сақтау жүйесі бойынша сарапшы Айбар Сұлтанғазиев Қырғызстанда ДДСҰ мойындаған вакцина болғанда, қазақстандық екпені ешкім салдыра қоймайтынын жеткізді.

“Қазақстандық вакцина туралы пікір білдіру қиын. Себебі оның клиникалық сынақтар нәтижесі, тиімділігі, жаңа штаммдарға қарсы әсері туралы ақпарат жоқтың қасы. Өзімнің жүрген медициналық ортаның қазақстандық вакцинаға көзқарасы бейтарап деп айтуыма болады. Мамандар елге жеткізілген екпенің гуманитарлық көмек екенін, көршілес мемлекеттің жәрдемінің көрінісі екенін түсініп отыр. Қазақстандық вакцинаның қолданысы туралы айтарлықтай талқылау болған жоқ. Негізінен былай алып қарасақ, бүкіл постсовет елдерінде вакцинациялау қарқыны әлдеқайда төмен. Халықтың екпенің тиімділігіне күмәнмен қарауы өз ықпалын тигізуде. Сондықтан біздің мемлекеттің тұрғындары QazVac-қа сене қоюы екіталай”, – дейді ол.

“Қырғызстанға 2 миллион 4 мың Sinofarm вакцинасы, 220 мың AstraZeneca вакцинасы жеткізілді. Бұл екпелерді ДДСҰ мойындаған. Олар туралы қажетті мәліметтердің барлығы табылады. Сол себепті, менің ойымша, тұрғындар қазақстандық вакцинадан гөрі, ұсынылған сенім екпелерді таңдайды”, – дейді маман.

Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке отандық "QazVac" вакцинасын ДДСҰ-да тіркеуді тапсырған болатын. Содан соң қазақстандық екпе өзге елдерге тасымалданбақ. 


Талқылау