Қырғызстанда Қамчыбек Көлбаевпен байланыста болған 50 кеден қызметкері жұмыстан қуылды
Қырғызстанда қылмыстық топ жетекшісі Қамчыбек Көлбаевпен байланыста болғаны үшін 50-ге жуық кеден қызметкері жұмыстан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: gknb.gov.kg
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлағандай, танымал ұры Қамшыбек Асанбектің тығыз байланысын анықтау бойынша іс-шаралар барысында ішкі ведомстволық тәртіпті бұзған кеден қызметіндегі жекелеген лауазымды тұлғалар анықталды.
"Департаменттің 50-ге жуық қызметкерінің криминалдық авторитетпен және кеден төрағасының бұрынғы орынбасарымен тығыз байланыста болғаны анықталды. Бұл қызметкерлер қызметтерінен босатылды. Құқық бұзушылыққа қатысы бар басқа тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасуда", - деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті криминалдық авторитет Камчы Көлбаевтың (Камчыбек Асанбек) өлтірілгенін мәлімдеген еді. Кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарында Қырғызстан билігі өлтірілген қылмыс жетекшісі Камчыбек Көлбаевты тергеу аясында оның активтерін Қазақстаннан қайтаруды көздеп отыр деген ақпарат тараған болатын.