Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін шенеунікке алғаш рет айыппұл салынды
Фото: Рexels.com
Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы әкімдіктің ресми парақшасында жер теліміне қатысты жалған ақпарат таратқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аудан әкімі аппаратының сайтында 180,34 гектар шабындық алқаптардың бос жатқаны туралы және 30,62 гектар жайылымдық жер жайлы анық емес ақпарат жариялаған. Ал облыс бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғам филиалының мәліметтеріне сенсек, бұл учаскенің шабындық жері – 193,4 гектар, жайылымдардың ауданы – 30,0 гектар.
Осы әрекеті үшін мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 1-бөлігі (Мемлекеттік органның жалған ақпарат таратуы) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады. Самар ауданы сотының қаулысымен жер қатынастары бөлімінің басшысы аталған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 117 960 теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды”, – деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы.
Сот актісі заңды күшіне енді.

Соңғы бес жылда 1,5 миллиардқа жуық теңгеге 47 мультфильм түсіріліп, тек төртеуі экранға шыққан
