Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты

Ақорданың дерегінше, президент конференция қатысушыларына қоғамдық өмірдің барлық саласында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жөнінде мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалардың ең басты жаңалығы – Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереженің бекітілуі.

"Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне сенімдімін. Тек сонда ғана реформаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға қажетті жағдай жасай аламыз. Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі. Әділдікке қашан да, қай жерде де мұқтаждық бар. Біздің елде де солай. Қолға алған реформаларды іске асыру қаншалықты қиын болса да, діттеген мақсатымызға жетпей қоймаймыз. Оны ешкім тоқтатпақ тұрмақ, бағытынан жаңылдыра алмайды", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті. 

Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.

"Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Еске салайық, бұған дейін Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылатынын жаздық. Бұл орталықтар екі мемлекеттің гуманитарлық ынтымақтастығын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Сондай-ақ достас екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған түрлі мәдени шаралар, көрмелер, дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаңға айналмақ.

Талқылау