Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қазақ-француз университетін ашу жоспарлануда

Мұндай ақпаратты Ақордада ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Саясат Нұрбек бүгін Астанада Қазақстан мен Франция арасында білім саласына қатысты бірнеше маңызды келісімдерге қол қойылатынын айтты.

“Біз "Абай-Верн" бағдарламасын кеңейтіп жатырмыз. Бағдарламаның біршама сәтті жүзеге асырылғанын білесіздер, соған сәйкес жыл сайын біздің магистранттар мен докторанттар Францияға барып, сол жерде тағылымдамадан өте алады. Шәкіртақылар санын, оқу ұзақтығын және шәкіртақы мөлшерін 1200-ден 1500 еуроға дейін ұлғайтамыз. Оның үстіне біз "Болашақ" бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатырмыз. 13 француз университеті қосымша қамтылады”, – деді министр.

Саясат Нұрбек сонымен қоса магистранттар мен докторлар тағылымдамадан өтетін ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар санын арттырып жатқанын айтты.



“Қазақстанда қазақ-француз университетін ашу мәселесі пысықталады. Осы мәселені зерттейтін жұмыс тобын құрамыз”, –  деп қосты ол.

Франция президенті Эммануэл Макрон Ақордада өткен жиында екі елдің мәдени байланысына жеке тоқталған еді.

“Біз көптеген маңызды әрі өзекті мәселелерді талқыладық. Әсіресе, энергия, фармкомпаниялар арасындағы серіктестік, ауыл шаруашылығы саласында және басқа да жобаларды талқыладық. Десе де көбірек мәдени байланысты нығайтсақ жақсы болар еді. Дәл қазіргі жағдайдан тыс көбірек іс тындыруға ниет бар. Мәселен, бізге француз тілін оқытуды қайтадан Қазақстан мектептерінде қайтару мәселесі өте маңызды. Біз қалыптасқан жағдайды жақсартуға бар күшімізді салуға дайыньбыз. Мен білім беру ұйымдары арасында қол қойылған келісімдерден үлкен үміт күтемін”, – деген еді Макрон.

Талқылау