Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға арнайы сапармен келген Макрон Тоқаевпен не туралы сөйлесті

Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстанға келді. Қонақты елорда әуежайында премьер-министрі Әлихан Смайылов күтіп алды. Ал Ақордада – президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше ықылас көрсетті. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Токаев - Макрон

Екі елдің басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту жөнінде келіссөздер жүргізді, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.

Эммануэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалады.

“Президент мырза, шақырғаныңыз үшін көп рахмет. Бүгін Астанаға келіп, сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жыл тап келген осы сапарды ұйымдастырғаныңыз үшін рахмет. Біз маңызды халықаралық тақырыптарда ілгерілете аламыз, БҰҰ Жарғысына, аумақтық тұтастық, ұлттық егемендік сияқты принциптерге адалдығымызды көрсете аламыз. Сондай-ақ екіжақты маңызды мәселелерді талқылай аламыз. Біз маңызды экономикалық серіктеспіз. Сонымен қатар, біз елдеріміз арасындағы стратегиялық және экономикалық қарым-қатынастарды ілгерілететін маңызды келісімшарттарға қол қоятынымызды атап өткім келеді. Бүгін сіздермен кездесіп, бірлескен күн тәртібімізді талқылағаныма өте қуанышты екенімді тағы бір айтып өткім келеді”, – деді Франция президенті.



Екі ел басшылары Қазақстан-Франция стратегиялық әріптестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Сонымен қоса саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды.

Қазақстан басшысы Францияның Еуропалық Одақтағы біздің негізгі және сенімді серіктесіміз, сондай-ақ экономикамыздағы ірі инвесторлардың бірі екенін атап өткен.

“Құрметті Президент мырза! Сіздің келуіңізді құптаймыз, бұл өте үлкен оқиға. Шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, бірақ оған қосымша серпін беру қажет. Сондықтан, біз сіздің сапарыңызды тарихи және өте маңызды деп атай аламыз. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін”, – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

Еске салайық, Франция Президенті Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келіп отыр. Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын. 

Талқылау