Қазақстанда фонограмманы қолданудың жаңа ережелері енгізілді: Әншілер қандай пікірде
Әншілер бұдан былай шығармашылық кештер мен концерттерде әнді фонограммамен айтатын болса, көрерменді алдын ала хабардар етуге міндетті. Ол туралы билет сатылмай тұрып жарнама беретін кезде ескертуі тиіс. Бұл талап "Мәдениет туралы заңда"көрсетілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Былтыр заң жобасы өзгерістерден соң қабылданып, жыл басынан бастап күшіне енді. Соған сәйкес, мәдениет министрлігі фонограмманы пайдалану туралы көрерменге ақпарат берудің ережесін бекітті.
Әншілер де жаңа талапты қолдайтынын, тіпті оны осыдан 20 жыл бұрын енгізу керек екенін айтты.
"Табиғи дауыстың аты табиғи дауыс. Оған ештеңе тең келмейді. Нағыз таланттар өнерге бар ғұмырын арнайды. Ондай дарындарды біз мақтана айтамыз. Ал фонограмма - көрерменді көпе көрнеу алдау", - дейді әнші Сейфуллин Жолбарыс.
Ол бұл заң шықпастан бұрын өз көнцерттерін жанды дауыспен айтып жүргенін атап өтті.
"90-жылдардағы әншілер болып саналамыз. Біз өмірбақи концерттерімізді жанды дауыста өткізгенбіз. Кейбір жерлерде фонограммамен шығамыз. Ал жанды дауыста өзімізге де ұнайды. Ол біздің мамандығымыз. Соған дайындаламыз, репетиция жасаймыз. Жанды дауыста айтқан соң әр концертте әр түрлі айтасың, ең қызығы сонда. Сондықтан қорқатын ештеңе жоқ. Біз қуанамыз заңға", - деді Сейфуллин Жолбарыс.
Сахналас әріптесін "Үркер" тобының солисі Айдос Сағатов та қолдайды. Ол да өзін және өнерді сыйлайтын әнші фонограммамен айтпайды деген пікірде. Тіпті бұл ережені осыдан 20 жыл бұрын бекітсе де артық болмас еді дейді.
"Мен әрине қолдаймын. Біз халықтан үлкен емеспіз. Концертке келген көпшілік білуі керек қой. Біз табиғи дауыспен айтып жатырмыз ба әлде фонограммамен айтып жатырмыз ба? Өзін сыйлайтын әртіс шығарманы табиғи орындайды деп ойлаймын. Біз өзіміз халықты фонограммаға үйретіп алдық. Олар кейде ажырата алмай қалуы да мүмкін. Енді оған жол берілмейтін болды", - деді әнші.
- "Мемлекет әртістерге жағдай жасасын": Әншілер Ақтоты Райымқұлованың фонограмма туралы ұсынысына өре түрегелді
- "Бәріне Қайрат пен Аргония кінәлі": Алтынбек Тәшімбетов әншілер туралы жаңа заңға қатысты өз ойын айтты
Енді концертке барардан бұрын көрермендер әншінің жанды дауыспен немесе фонограммамен айтатын алдын ала біліп барады. Ақпарат жарнамада жазылады. Сондай-ақ ол күңгірт бояумен емес, ашық түспен жазылып көрініп тұруы тиіс. Яғни бұл халыққа билет сатып аларда таңдау мүмкіндігін береді. Бұл билет құнына да әсер етеді. Фонограмма пайдаланатын кештің билеті табиғи дауыспен орындалатын концерттен арзанырақ болуы мүмкін.
"Иә, бұл шығармашылық іс шараларды ұйымдастырушылар мен әншілерге қойылып отырған талап көрермендерге таңдау мүмкіндігін береді. Жарнамадағы жазбаны көрген соң концертке бара ма, бармай ма оны өзі шешеді. Ал тойға келетін болсақ, онда әншілер өздері біледі. Фонограммамен айта ма, әлде табиғи дауыспен айта ма? Ескерте кетейін, бұл ереженің телевизиялық бағдарламаларға қатысы жоқ. Ал, жарнама телеарналарда берілетін болса да, ұйымдастырушылар ережедегі талаптарды сақтаулары қажет", - деді ҚР мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры Күміс Сейітова.
Фонограмма ережесіндегі талаптар әзірге тек ескертумен шектеле тұрмақ. Ешкімге айыппұл салынбайды. Бірақ ол уақытша ғана. Бір жыл бойы мониторинг тобы әртістердің, сондай-ақ ірі мәдени іс-шараларды ұйымдастырушылардың жұмысын бақылайды. Ал егер заң бұзушылықтар көптеп тіркелсе, онда әкімшілік жауапкершілікке тарту жолдары қарастырылады.
Айта кетейік, тексеріс тек карантин шектеулері алынып тасталғанғаннан кейін ғана жүргізіледі.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
