Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әртүрлі сылтаулармен ақша сұрайды: Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Киберполицияның хабарлауынша, айлакерлер жәбірленушінің WhatsApp мессенджерін пайдаланып, барлық контактілерге әртүрлі сылтаулармен ақша сұрайтын мәтін жіберіп, үшінші адамдардың жалған шоттарын көрсетеді. Осылайша күдіктілердің қауіпті сілтеме арқылы жәбірленушінің WhatsАpp аккаунтына қолжеткізетіні белгілі болды.  Алаяқтықтың тап осы жаңа түріне тап болған журналист Александр Журавлев Stan.kz тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.  

Фото: polisia.kz

Алаяқтықтың жаңа түріне қатысты полиция азаматтарға, ұтыс ойыны, балаларға дауыс беру, кез келген тақырып бойынша сауалнама түрінде таралатын күмәнді сілтемелерді баспауға, олардың сайтына кірмеуге және жеке деректерді енгізбеуге шақырды.

“Егер сілтемені абайсызда басып, одан күдіктенсеңіз, қолданбадағы "Параметрлер" бөліміндегі "Байланыстырылған құрылғылар" қойындысына өту арқылы WhatsApp тіркелгіңізге параллель кіруді тексеруге болады. Бұл қойындыда сіз қосылмаған белгісіз құрылғы көрсетілсе, бұл жерден дереу шығыңыз”, – деді полиция. 

Тым құрығанда біреуі Facebook-тағы жазбамды көріп ақша жібермейтін шығар деп ойладым

Журналист 7 желтоқсан күні Facebook парақшасында белгісіз біреулердің WhatsApp мессенджерін бұзып, барлық контактілерге жазып, ақша сұрап жатқанын хабарлады. Ол оқырмандарынан бос сөзге сенбеуді ескертіп, ешкімге ештеңе жібермеуді сұрады. Оның айтуынша, сол күні Израиль деп жазылған кәдімгі шетелдік нөмірден қоңырау түскен. Ол менде ешқандай күдік-күмән болмады дейді. 

"Кімнің, қандай мақсатта қоңырау шалып тұрғанын білмейсің. Мен Ресейден хабарласып тұр деп ойладым. Әрине мұндай кезде әлдебір алаяқ қоңырау шалып жатыр деген ой басыңа келмейді. Қоңырауға жауап бердім, менен код сұрады. Әлі есімде 7226 деген кодты айттым. Олар осылайша менің WhatsApp мессенджерімді бұзып, бірінші жанымда отырған анама жазды. Ол кісіге "Сәлеметсіз бе. 150 000 теңге жібере аласыз ба? Мен сізге кешке қайтарамын" деген хабарлама келіпті. Содан кейін WhatsApp-тан достарыма қоңырау шалып, жаза бастады. Мен сол сәтте Beeline-ға қоңырау шалдым. Олар көмектесе алмайтындарын айтып, полицияға хабарласуымды сұрады. Осы сәтте мен қосымша 2-3 минут уақытымды жоғалттым. Колл-центр тіптен көп уақытымды алды. Одан да сол уақытты WhatsApp-ты қайтаруға жұмсағаным дұрыс еді", - деді алаяқтардың құрығына түскен журналист.

Содан кейін журналист 5 мың оқырманы бар Facebook-қа жазба жариялаған. 

"Facebook желісінде жазба жариялаған соң ең қиыны басталды. Өйткені мен WhatsApp-ты қалпына келтіруге әрекет еттім. Ең бірінші WhatsApp-қа "маған хакерлік шабуыл жасады" деген статус салдым. Сосын қолданбаны мүлдем жоюға тырыстым. Ескеретін жәйт, бұл жерде WhatsApp-ты дұрыс жоя білу де өнер. Оны тек телефоннан ғана емес, кейде компьютеріңізде Web WhatsApp қолданбасын пайдаланатын болсаңыз, ол жерден де үнемі өшіріп жүріңіз. Өйткені оны тек телефоннан жойсаңыз, шабуылшылар алаяқтық әрекетін әрі қарай жалғастыра беретін болады", - деді журналист. 

Фото: Александр Журавлев

Түсінікіз белгісі бар банктік шот нөмірі келген

Журналистің айтуынша, достарын жағдайдан хабардар етемін деп отырғанда, олар алаяққа ақша жіберіп үлгерген. Осылайша оның үш досы қақпанға түскен.

"Бұл жағдайда ең қиыны контактімдегі адамдардың хабарласып ақша жіберіп үлгергенін айтуы. Жалпы бұл оқиға 45 минутқа созылды. Бастысы жаңаданг жүктелген WhatsApp-ты да дұрыс енгізу керек. Құпиялылыққа өтіп, қорғаудың барлық деңгейлерін қосып қойыңыз. Бүкіл әрекетті орнымен, дұрыс жасау маңызды”, – деп ескертті журналист.

Сондай-ақ ол профиліне қызыл түспен "алаяқтар маған шабуыл жасады, ақша жібермеңіз" деген жазуы бар сурет қойған. Оның айтуынша, бір қызығы алаяқтар латын тілінде сақталған нөмірлерге емес, кирилицада жазылған контактілерден ғана ақша сұраған.

“Не себеп екенін білмеймін. Бірнеше минут операция тоқтап, кейіннен жаңасы басталды. Себебі белгісіз нөмірдегі адам, 150 мың теңгенің чегін жіберіп, маған қайтарып беріңіз деп жазды. Демек, осы сәтте тағы бір алаяқтың пайда болғанын сездім. Содан мен полицияға хабарласып, оларға барлық кескіндерді жібердім. Олар қазір белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Нәтижесін күтудемін", - деді журналист. 

Сондай-ақ журналист Александр Журавлевтің айтуынша, алаяқ ақша сұраған кезде онлайн режимде жұмыс істейтін банктік шот нөмірі келіп түскен. Тіпті ондағы белгілер де түсініксіздеу болды дейді. 

"Бұл онлайн режимде жұмыс істейтін банктің бір түрі. Өзіндік электронды шоты бар, толығымен электронды банк екенін білдім. Оған 150 мыңға дейінгі ақшаны растаусыз жіберуге болады екен. Осы тұста ақшаны жіберген адамдар ұсақ-түйекке мән беруі керек еді", - деді Журавлев. 

Сондай-ақ алаяқтарға алданған журналист қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.

“Айтарым барлық нәрсеге егжей-тегжейлі, мұқият қараңыз. Әсіресе осындай хабарлама алған адамдар абай болуы керек. Ақша сұрап тұрған адам нақты кім екенін анықтау үшін қоңырау соғып көріңіз. Тіпті сізге жазған кезде емлесіне, тыныс белгілер мен жазу стиліне мән беріңіз! Бұл жағдайда әрбір ұсақ-түйек, әрбір бөлшек маңызды. Сақ болыңыздар!”, – деді журналист. 

Талқылау