Қазақстанда АЭС салынады: Референдумның қорытынды нәтижесі белгілі болды
Орталық референдум комиссиясы Қазақстанда АЭС салу бойынша Республикалық референдумның нәтижелерін белгіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: @rnppofficial
Мәліметтерге сәйкес, 12 миллион 284 мың 487 Қазақстан азаматының референдумға қатысуға құқығы бар.
“7 миллион 820 мың 204 адам дауыс беуге қатысты. Яғни, референдумға қатысуға құқылы азаматтар санының 63,66%-ына тең. Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны – 5 миллион 561 мың 937 адам. Нақтырақ айтсақ, 71,12%. Осылайша, референдум өтті деп саналады”, – делінген хабарламада.
Референдумға шығарылған АЭС салу мәселесі бойынша оң шешім қабылданды.
Еске салайық, мемлекет басшысы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған жолдауында АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтетінін хабарлаған еді.
6 қазанда елімізде АЭС салу бойынша референдум өтті. Алғашқылардың бірі болып премьер-министр дауыс берді. Кейіннен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. Сосын еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп дауыс беріп, қазақ халқына бақыт тіледі.
Орталық референдум комиссиясы әрбір екі сағат сайын дауыс берушілердің қатысуы туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының дерегін беріп отырды.
Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20:00-де аяқталды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, тізімге енгізілген азаматтардың 63,87%-ы бюллетень алды. Яғни дауыс беруі керек болған 12 244 683 адамның 7 820 918-і дауыс берді.