Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде бір сатыға төмендеді
Фото: ҚФФ
Қазақстан ұлттық құрамасы 10 шілдеде жаңартылған ФИФА рейтингінде бір орынға төмендеп, қазіргі таңда 114-орында тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл көрсеткіш маусым айындағы сәтсіз ойындармен байланысты. Әли Әлиев жаттықтыратын команда жолдастық кездесу аясында Беларусьтен 1:4 есебімен және 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Солтүстік Македониядан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Осы нәтижелер құраманың рейтингтік ұпайларына кері әсер етіп, бір сатыға төмендеуіне себеп болды.
Қазір Қазақстан Вьетнамнан кейін (113-орын) және Мадагаскардың алдында (115-орын) орналасқан. Бұған дейін, сәуір айында жарияланған рейтингте ұлттық құрама 113-орында тұрған еді.
Еске салайық, құрама үшін рейтингтегі орнын жақсартуға мүмкіндік беретін келесі ресми ойындар іріктеу кезеңінің күзгі бөлімінде өтеді.
Талқылау