Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бет жыртысуға ұласпауы үшін келіндер қайын жұртының атын атамаған": Этнограф қазақ дәстүрлерінің мәнісі жайлы айтты

Соңғы уақытта келіннің қазақ қоғамындағы орны, келін мен ене арасындағы қарым-қатынас жайлы пікірталастар көбейді. Әйел мен оның күйеуінің арасындағы түсініспеушіліктер отбасын ойрандайтын жағдайға дейін жетті. Қазақ қоғамында келіннің орны қандай болған? Келіннің қайын жұртының туыстарын атымен атамау, шай құю сияқты әдептері жайлы Stan.kz тілшісі этнограф ғалым Ислам Жеменейден сұрады.

–  Әйел адамға күйеуінің туыстарын атымен атауға не үшін тыйым салынған?

–  Әйелдің күйеуінің туыстарының атын атамауы олармен алыстан сыйласып жүргенді жөн көргендіктен. Әйел мен қайын жұртының жақын қатынаста жүре берсе, күндердің күнінде арадағы ұят, тартыну пердесі ашылып кетіп, бет жыртысуға ұласуы мүмкін деген өмірлік тәжірибеге сүйене қалыптасқан дәстүр. Сондай-ақ, ат тергеу, яғни қайын жұртына ат қою дәстүрі келіннің адам танудағы пайым-парасатын көрсетеді. Бұл дәстүр арқасында болашақ келіндер қайын жұртпен де қарым-қатынасы жақсы болуға және оларды алдын ала танып жүруге, олар жайлы түрлі әңгіме-өсекке құлағын түріп жүрмеуге ынталандырады. Осы дәстүр арқылы халқымыздың қоғамдық психологиясымен танысуға мүмкіндік алады.

–  Келіннің алғашқы шай құю жайлы айтып берсеңіз. Мұнда қандай әдеп сақталған?

–  Келін шай құю арқылы өзінің үй шаруасына шеберлігін тәжірибелі әжелердің алдында сынақтан өткізеді. Онда келіннің шайды ақ құманын қалай ұстайтынына және ақ құман мен кесені қандай қашықтықта ұстап тұруында мән бар. Сонда келін ақ құманды кіші шынашағын нәзік те ерекшелеп өзге саусақтарынан оқшаулап шошайтып ұстай білсе, назарға түсіп ұпай жинайды. Шай құйғанда ақ құманды кесеге жақын ұстап сапыртпай, сесін шығармай құйса әжелерді риза қыла алады.



Сондай-ақ, келіннің шай құйып отырғандағы кейпі және көзінің қиығымен жеңгесі мен қонақтарға баяу қарап, жағдайды бақылауға алып отыруының жақсы бағалуында үлкен рөлі бар. Келін шай құю бөлмеге кіргенде сәлем беруі мен қалай отырып орналасуы, әрі дастарханнан рұқсат бергенде қалай тұрып кетуіне ерекше көңіл бөлінеді. Сонда келіннің түрі мен іс-қимылы оның пейілін танытады.

–  Келіннің қайын жұртының алдын кеспей, төрге шықпауының мәнісі неде?

–  Келін қайын жұртының алдын кеспей және төрге шықпау дәстүрінде әу-бастан менмендік нәпсісіне тоқтау салу мәні жатыр. Өйткені салт-дәстүр адамзаттың нәпсісінің сұранысын реттеушісі екенін бабалар ғасырлар бойында өмірлік тәжірибеден өткізіп келген. Адамға нәпсісінің сұранысына реттеуші күш болмаса, адамдар жамандыққа тезірек бейімделіп кетеді. Әсіресе менмендік өте болымсыз мінездердің бірі болғандықтан бабалар келінді қарапайымдылыққа тәрбиелеу мақсатында мұндай дәстүрді қалыптастырған.

–  Қазақтар әйел босанғанда, босану алдында қандай ырым-жоралғылар ұстанған? 

–  Әйел босанғанда сәбиге қажет нәрселер күйеу мен келін және етене жақын туыстар-достар тарапынан сыйға тартылып жатады. Мәселен, Иран қазақтарында әйелдің босанған күнінен бір апта өткен соң күйеу жақ бір қой сойып ең жақын ағайын, жек-жаттың әйелдерін шақырып той жасайды. Оны "жарыс қазан" дейді. Арада біраз уақыт өткен соң келіннің ата-анасы тарапынан бір қой тарту болады. Бұл дәстүр елімізде өзгешелеу сипатқа ие болған сияқты. Өйткені бірінші қой сою дәстүрі келіннің ата-анасына жүктеліп кеткен.

Жалпылап айтқанда толғағы ұзаққа созылып жату тарихтың өткен қатпарында қалған дүние. Өйткені ондай пробламаны медицинаның дамуы артқа қалдырған. Сондай-ақ "құрсақ той" жалпы қазақтар арасында тойлайтындай дәстүрі болмаған. Бұл тойшылдардың  қосымша тойларының бір бұтағы деп біліңіз.

Ирандағы бір үлкен әжеден толғағы ұзаққа созылған әйелге не істеу керек деп сұрағанымыз бар. Естуімізше, бұрынғылар көптеген шара қолданған. Соның бірі - белбеумен толғақтың жоғарыдан төмен қарай байлаулары еді. Бірақ қазақ әйелдерінің қолданған шаралары толғақ әйелге ем болардай рахаттандырып, қиналысын жоя алатын деп естідік дейді әже. Сондай шаралар аз болмаған. Енді бәрі ұмытылып барады деді.

–  Шала туған балаларды қалай күткені жайлы қандай деректер бар?

–  Қазақтар шала баланың хабарын беруден бас тартқан. Өйткені оны сәтсіздік деп сезгендіктен болар. Сосын ондай сәбидің тәрбиесі, бағуын жар салмай, ата-аналар өздері атқарған. Сондай-ақ, ағайын-жекжат ондай жайтты баланың ата-анасынан оларды қинамау үшін сұрамайтын. Тек қана өздері айтуға ұмтылса, қомқорлық жасаған. Мұны өмір тәжірибесінен алған қорытынды деп біліңіздер.

Талқылау