Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайықпен қатынайды": Қызылорда облысында балалар қабырғалары жарылған ескі мектепте оқуға мәжбүр

Қызылорда облысы Арал ауданында бастауыш сынып оқушылары балықшылардың жатақханасында білім алып жатыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

мектеп

Түсірілімнен скриншот

Ақшатаудағы мектептің ғимараты қырық жыл бұрын салынған. Сол себепті қабырғалары сөгіліп, мұнда кішкентай бүлдіршіндерді оқыту қауіпті. Ал ауылда орта мектеп болмағандықтан, жасөспірімдер көрші елді мекендегі интернатқа жету үшін жол жүріп барады. Әрі кішкентай көлікке сыймай қиналады. Мұз еріген шақта балалар Сырдария өзені арқылы арғы беттегі білім ордасына қайықпен қатынауға мәжбүр. 

“Понтондық көпірден өткен кезде мұз жарылып кете ме деп қорқамыз. Қайықпен өткен күндеріміз де болды. Мектепке барғанша шаршаймыз”, – дейді 5-сынып оқушысы Айжарық Қаһарманұлы.

Осылайша алты орындық көлікке 20-ға жуық оқушы мектепке бүктетіліп барады.  Сырдарияның мұзы еріп, сең жүргенде тіпті қиналады. Қалқымалы көпір алынып, балалар арғы беттегі ауылға қайықпен қатынайды.

“Жеткенше аман-есен жеттіңдер ма деп хабарласып отырамыз. Уайымымыз сол. 21 ғасырға сәйкес білім алса екен дейміз”, – деді Ақшатау ауылының тұрғыны Динара Сабирова.

Тұрғындардың айтуынша, облысты басқарған төрт әкім де ауылға жаңа мектеп саламыз деп уәде берген. Тіпті бес жыл бұрын жобалық құжаттарын жинақтап, білім ұясының орнын да дайындап қойды. Бірақ  орын әлі күнге дейін бос тұр. 

“Ауданға да, облысқа да бардық. Бірақ Ақшатау халқына оң көзқарас танытып жатқан, не болмаса нақты жауап берген бір адамды естіген жоқпыз”, – дейді ақшатаулықтардың бірі. 

“Нәлібаевтың қабылдауына бардық. 4 мұғалім бар деп едік, “мектеп ашылса қалған мұғалімдерді Алматыдан әкелесің бе” деп айтқаны бар, – деді Ақшатау тұрғыны Жазира Есжанова. 

Ауылдағы бастауыш мектебінің іргетасы қырық жыл бұрын қаланған. Бұл ғимарат әу баста балықшылардың жатақханасы болыпты. Мұнда спорт алаңы, ыстық тамақ беретін асхана жоқ. Екі бөлмелі нысанның іші қыста суық болады.

Ауыл әкімі бұған дейін жаңа мектептің құжаттары дайындалып қойғанын растады. Бірақ ол жоспар кейін өзгерген. 

“2023 жылға салынуы керек болған. Бірақ халық санына байланысты жоба өзгертілді. Аудан көлемінде апатты жағдайдағы, одан кейін үш ауысымды мектептер бар. Бірінші кезекте солар салынады. Енді облыс әкімімен келісіміміз бар. Осы алдағы сессияда ең құрығанда бастап кетуге жұмыс істелуде”, – деп мәлімдеді Аманөткел ауылдық округінің әкімі Қайрат Әбдіраманов.

Ауыл басшысының сөзіне қарасақ, жаңа мектептің құрылысы қашан басталатыны белгісіз. Сондықтан білім іздеген ауыл балалары алдағы көктемде де тағы өзенді қайықпен кесіп өтіп, мектепке қатынайды. Бастауыш сынып оқушылары әзірге балықшылар жатақханасында білім алады.

Талқылау