Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қасықпен 1 ай топырақты қазып, түрмеден қашып шықтым": Алматылық үй-күйсіз жан спорт шеберінен қаңғыбасқа қалай айналды

Алматыда үй-күйсіз жүрген азаматтың бірі басынан өткенін айтты. Спортшы жігіт қаңғыбасқа қалай айналды? 33 жыл темір тордың ар жағында отырған азаматтың өткен күндеріне өкініші көп. Жастықпен жасаған қателіктерім бар деп мойындайды. 

Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Амир есімді азамат 55 жаста. Балдақпен аяғын сылтып басады. Аяңдап жүріп, күн көреді. Әркімнен тиын-тебен сұрайды. Біреуден опық жейді. Жұмысын тегін істетіп, далаға тастап кететіндер бар. "Бұл - өмір, бір рет құласаң, қайта тұра алмайсың" дейді өзі. 33 жылын түрмеде өткізген. Ондағылар "түзелмес" деген лақап ат беріп, қолына өшпестей жазып берген. Ал өзінің өмірге деген құлшынысы басым. Аллаға сенеді. Кешірім сұрайды. Ертеңінен көп үміт күтеді.

"Мен бокспен айналыстым. Спорт шебері болдым. Бастапқыда, Ресейдің, кейін Қазақстанның атынан жарыстарға барып жүрдім. Дайындықтан соң залдан шығып келе жатқанымда бір мас азамат маған тиісе бастады. Мен оның сөзін көтере алмай ұрып жібердім. Ол менің бір соққымнан өліп кетті. Солай сотталып кеттім. Мен солай қателестім. Бір ашуым бүкіл өмірімді құртты. Сабыр ету керек еді. Түрмеде 33 жыл отырдым. Түрмеден соң баратын жерім болған жоқ. Ешкімім болған жоқ. Мен жетімдер үйінде өскен адаммын. Солай қаңғырып қалдым", - деді Амир. 

Оның 7 баласы бар. Үлкені 30-дан асқан. Отбасы Ресейде тұрады. 

"Ұлым ай сайын ақша жіберіп тұрады. Бірақ мен Ресейге барғым келмейді. Ол жақта өмір сүру қиын. Барсам отбасым қабылдайтын шығар. Мен бәрібір әкесімін ғой. Қазақстанның адамдары мейірімді келеді. Бұл жақта Ресейден қарағанда жұмсақ. Ресейдің қысы да суық, адамдары да суық", - деді ол. 

Амир түрмеден қашып, қайта ұсталған. Сол үшін 18 жыл үстінен қосылып, барлығы 33 жылға бас бостандығынан айырылды. 

"Түрмеде жалғыз адамдық камерада отырдым. Ешкіммен сөйлеспейсің. Күнделікті бір тәртіппен жұмыс қайталанады. Сондықтан түрмеден қашуды ойладым. Тамақ ішетін қасықпен топырақ қаздым. Темір торды кесіп, үш қақпаның топырағын қазып өтуім керек болды. Бұған 1 жарым ай уақыт кетті. Осылайша түн ішінде қашып шықтым. Көлікпен, пойызбен жүруге қорықтым. Жаяу жүріп Ялтаға жеттім. Мені 1 айдан соң Ялтаға жеткенде ұстады. Ол жерде кафеге кірген кезде ұсталдым. Сол кафеге кірмеуім керек еді", - деп өткенін еске алды. 

Амир отбасынан неге кеткенін ашып айтпайды. Бастысы балаларын жақсы көретінін, сағынанытын мойындайды. 

"Алматыда мен жүретін ауданда 100-ден аса қаңғыбас жүрген. Солардан үш адам ғана қалдық. Қыста аязға шыдамай өліп кетеді. Мен де далада қаңғырып жүрмін. Кей адамдар ертіп кетіп, жұмысын жасатады. Ұрып-соғады. Небір адам бар. Мен Аллаға сенем. Кешірім сұраймын. Өлімнен қорықпаймын. Бәрібір өлеміз ғой. Бір жақсы күндер туар. Бұлай жүре беруге болмайды. Жақсы жұмыс тапсам деп армандаймын. Тұрмыстық қажетті заттар дайындай аламын. Нарды жасаймын, шкатулкалар жасаймын. Не жасау керектің бәрін жасаймын. Аула сыпыру болса да, еден жуу керек болса да жасаймын. Ақша оңай келмейді ғой. Мен бәріне дайынмын", - деді ол.

Бағдарлама журналисі Нұрсейіт Жылқышыбай азаматтың өтінішін ескеріп, жиһаз жасайтын орынға жұмысқа кіргізді. Жуындырып-тамақтандырып, бір киер киімін алып берді. Бастапқыда көмектен мүлде бас тартқан азамат көзіне жас ала алғысын айтты. 

"Маған ешқашан бұлай ешкім көмектескен емес. Ешкім жуындырып-киіндіріп, тамақтандырған жоқ. Сондықтан жылағым кеп тұр. Бірақ көз жасымды көрсетпеймін. Себебі біз жігітпіз ғой. Азамат көз жасын көрсетпеу керек. Бәріне алғысым шексіз. Денсаулық берсін. Алла бақытты өмір берсін", - деді Амир. 

Амирдің айтуынша, далада қаңғып жүрген азаматтардың әр қилы тағдыры бар. Әркім әртүрлі жағдайды бастан кешкен. Амалсыз қаңғыбасқа айналған. Ал ең сорақысы көп жағдайда сол адамдарды бұндай күйге арақ жеткізеді дейді ол. 

Талқылау
Пікір
кипатша
14 Жел, 20 жыл - 14:10

мен кангыбастар жөнинде пикир калдыргым келеді ешким ата анадан кангы болып тумайды және кангы болуга куштарда емес әркімнін басында әркилы тағдыр себеп бар әйтеуир бир нарсе кангы болуга итермелейді ,Сол кангыбастарга арналган ұйым болса  арнайы сол жандарды зерттеп тексеріп не себептен осындай жагдайга тап болды тергеу жургізіліп  оналту шараларын жургізбейді.Тиісті кінәліні тауып жаза көрсетсе ,себебі көбісі зорлык зомбылык кұрбаны .Кайкиган Казахстан деген укімет тур неге кайыршыны каптатып отр оларда анадан туган пенде емеспа.