Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үй ішімізбен дала кезетінбіз": Жұбайынан қорлық көрген қазақстандық әйелдер бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталған кейін қоғам арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кеңінен талқылана бастады. Қайғылы жағдай осыған дейін күйеуінен зәбір көргенін айтудан тартынған әйелдерге “отбасы үшін шыда” деген үндеудің қате екенін түсіндіргендей. Stan.kz тілшісі назарларыңызға өз жұбайынан қысым көрген қазақстандықтардың оқиғасын ұсынады.

Қазақстандық әйелдер оқиғалары туралы ашық айтқанымен мұның анонимді болуын қалап, аты-жөнін атамауды сұрады. 

“Баламның мүгедектігіне мені кінәлайды”

Динараның (аты өзгертілген) күйеуімен отасқанына 20 жыл болған. Үйленгеннен бері ол одан моральдық, экономикалық, тіпті физикалық қысым көргенін айтады. Алайда баласының ерекше қажеттілігі болғандықтан, байлаулымын дейді. Әрі күйеуі жоғары қызметте болғандықтан, полицияға жүгінудің мәні жоқ екеніне сенімді. Өйткені ауылындағы полиция қызметкерлері оның жұбайымен етене таныс. Айтуынша, алғашында жұбайы оның жұмыстан шығуын үгіттеп, үй шаруаларымен айналысуын, қаржылай өзі қамтамасыз ететінін айтқан. Осы кезден бастап ұрыс-керіс барысында қол көтеретін жағдайлар болған, кетіп қалғанымен, отбасы үшін кешірім беріп, қайта қосылған. Мәселе бала ерекше қажеттілікпен туғанда ушыққан.

“Балама мүгедектігі бар деп жазып берді. Осыдан соң мені қорлауы жиіледі. Баламның осындай болғанына мені кінәлап, әр ісімнен қате іздейтінді шығарды. Бала жыласа, одан сайын шу шығарып, соққыға жығады. “Төркініңде осындай болған шығар” деп тілдеп, өз ата-анаммен кездесуіме рұқсат бермейді. Жұмыста отырса да, әр сәтімді аңдып, видео арқылы қоңырау шалады. Кетіп қалғым-ақ келеді, бірақ ерекше балаға үнемі күтім, қыруар ақша керек. Өзім баламен айналысатындықтан, жұмыс істей алмаймын, оны ауруханаларға, сауықтыру орталықтарына апарамын. Ал мүгедектігі үшін берілетін ақша еміне, қажеттіліктеріне толық жетпейді”, – дейді ерекше баланың анасы.

Сөзінше, ер адам бір рет тіпті теуіп, оның құйымшағын сындырыпты. Боқтық сөздер айтып, оның қаржылай тәуелді екенін пайдаланып, моральдық қысым да көрсетеді екен. 

“Сырт көзге өте үлгілі отбасы болып көрінеміз, бірақ ішімізде не болып жатқанын ешкім білмейді. Ата-енем де бұған қалыпты қарайды. Енем “ұрса, не болыпты, өлтірген жоқ қой, бастысы балаңмен тастап кетпеді” деп жылы жабады”, – дейді ол.



“Полицейлер күйеуімнің жағында”

Тағы бір келіншек әлеуметтік желідегі пікірлер бөлімінде күйеуі соққыға жыққанда, тіпті құзырлы органдар көмектеспегенін жазды.

“Жұбайым мені ұрып-соққан кезде учаскелік полицейді шақырдым. Оның өзінде де тығылып, әрең шақырдым. Өйткені ол телефонымды тартып алған еді. Полицейлер жұбайымды сол мезетте алып кеткенімен, бір сағаттан кейін босатып жіберді. Кейін үйге келіп, одан сайын ойран салды”, – деді ол.

Айтуынша, үйдің есігін ұрып “арыз жазғаның үшін өлтіремін” деп айқайға басқан. Ертеңіне әйел тағы да арыз жазуға бекініпті, десе де полицейлер істі сағызша созып, сотқа жібермеген.

“Денемдегі жарақаттарды алу үшін ауданға сараптамаға бару керек деді. Қолымда кішкентай балам бар, соған қарамастан соңына жеткізейін деген ниетпен ол жерге бардым. Ондағы қызметкер полиция берген қағазға қол қойды да, басқа мекенжайға жіберді. Сол жерде сараптама алынды, оны екі апта күттім. Нәтижесін алып, полицейге бергенімде, ол істі сотқа жібермедім деді. Себебі күйеуіңіз іспен танысуға келмей қойды деді”, – деп жазды келіншек.

Әйел жұбайының әрекеті жауапсыз қалғанына қынжылады.

“Маған күйеуім хабарлама жазып, “полицейлер менің жағымда” деп жазды, сол кезде бәрі түсінікті болды”, – дейді ол.

“Бала болсам да, екеуінің ажырасқанын естіп, қуанғаным есімде”

Қазақстандық қыз өз үйіндегі әкесінің шу шығарған сәттерін, анасын соққыға жыққанын қорқынышпен еске алды. Айтуынша, әкесінен қашып, үй-ішімен дала кезетін кездері болған. 

“Әкем ішімдік ішіп, үйде шу шығаратын. Анамның басын қарға тығып, тұншықтырмақ болғанын білемін. Кешке жиі соққыға жығатын. Араша түскеніміз үшін ағам екеумізге де қол көтереді. Ақыры бәріміз үйден қашып, әкем тынышталғанша, дала кезетінбіз немесе көрші үйге барамыз. Шешем мұндай қорлықтан қажып, ақыры ажырасуға шешім қабылдады. Сол кезде мектеп жасына жетер-жетпес жастамын. Десе де сол күн анық есімде. Анамыз бен әкеміз ажырасқанын естіп, ағаммен бірге қуанғаннан кереуеттің үстіне шығып, секірдік”, – дейді ол.

Ол анасының дұрыс шешім қабылдағанына сенімді әрі сол таңдауы үшін риза екенін айтты. 

Stan.kz тілшісі қыздың анасымен де тілдесіп көрді.

“Балаларым кішкентай болса да, олардың болашағы үшін жұбайыммен ажырастым. Себебі зорлық-зомбылық дендеген отбасыдан “тиран адам” өсіп шығады. Әрі қарай шыдауға болар еді, алайда кесірі екі балама тигенін қаламадым. Мені осы үшін айыптағандар болды, бірақ мен екеуін жалғыз өзім тәрбиелеп, аяққа тұрғыздым. Бастысы – психологиялық қысымнан аман алып қалдым”, – деді әйел.

“Үйленерге дейін мүлдем басқа еді”

Тағы бір келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған екен. Үйленгенге дейін күйеуі жуас, сабырлы жігіт болып көрінген. Қол көтермек түгілі ауыр сөз айтады деп ойламадым дейді ол.

“Үйленгеннен соң адам танымастай өзгерді. Тойдан кейін ертесіне “киімімді үтікте” деп айқайға басты. “Үй шаруасы – сенің міндетің, оны істемесең, керегің жоқ” деді. Тіпті ақша болмаған кезде ашуын менен алатын. Мен оны қатты сүйгендіктен, шыдап келдім. Отбасым қайтуымды сұраса да, оларды тыңдамадым. Бала туып бергеннен кейін бәрі өзгереді деп сендім”, – дейді келіншек.

Алайда дүниеге бала келгеннен соң, әйелге қысым одан сайын күшейген.

“Отбасымды мүлдем сыйламады, оларды боқтап, төркінмен араласуыма шектеу қоятын. Тіпті олармен байланыспасын деп телефонымды сындырып тастаған. Ұрайын деп жатқанында, жуынатын бөлмеге тығылатынмын. Сонда да есікті бұзып кіріп, ұрып тастайды. Көк ала қойдай көгеріп жүрдім. Достарына айтып, сөйлессінші деп те өтіндім”, – дейді ол.

Сөзінше, осыдан кейін ол бірнеше рет өз төркініне кетіп қалған. Бірақ ер адам кешірім сұрап, енді қайталамаймын деп ант-су ішіп, қайта алып кетуді әдетке айналдырған.

Қазір ер адам отбасын тастап, басқа елге көшіп кеткен көрінеді. Баласын қаржылай қамтамасыз етуді де өз жауапкершілігіне алмаған. 

Қоғамдық дау тудырған мәселеден соң Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке бап ретінде қарастыру ұсынылды. Алайда бұл заңға қарсы шығып, мұның түбі ерлердің құқығын шектеуге әкеледі деп айтқандар да табылды.

Талқылау