Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарапайым хобби табысты бизнеске айналған: Талдықорғандық тігінші қазақстандық киім брендінің дамуына үлес қосуда

Талдықорғандық Дана Үсенбекова – үйде отырып-ақ, өз кәсібін дөңгелетіп жүргізіп отырған маман. Әу баста тігіншілікпен хобби ретінде айналысып жүрген ол өзінің ізденімпаздығының арқасында білімін одан әрі жетілдірді. Бүгінде ол кәсіби білікті маман ғана емес, табысты кәсіпкерге айналды. Өз кәсібінің қыр-сырын ол Stan.kz тілшісіне баяндап берді.

Саясат саласында жоғары білім алып, мемлекеттік қызметте алғашқы еңбек жолын бастаған Дана Талғатқызын тігіншілікке жетелеп әкелген – сұлулыққа деген құштарлық. Кішкентай күнінен әдемі көйлек киюге қызығатын оның өзіне сатып алған киімдерді әрлеп, әдемілеп кию дағдысына айналыпты.

“Тігіншілікпен әу баста хобби ретінде ғана айналысып жүрдім. Кейін түрлі қолөнер бұйымдарын жасадым. Тігінге қатты қызығушылығым арта бастады. Бірақ арнайы білімім болмады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында түрлі курстарға, мәскеулік дизайнерлердің арнайы сабақтарына қатысып, шеберлігімді шыңдай түстім. Астанадағы «Fashion school Laura» мектебінен білім алдым. Білімімді толықтырған сайын, тігіншілікке деген қызығушылығым арта түсті. Ойлана келе, саясат менің салам емес екенін ұқтым. Оның үстіне тігіншілік қасиет менің қанымда бар. Әжем қолынан инесі түспеген ісмер болса, әкем де күрделі тігілетін сырт киімдерді тігу ісімен айналысқан. Тігіншіліктің тізгінін ұстауыма анамның да кеңесі түрткі болды”, – дейді Дана Үсенбекова.

Тігіншілікке түбегейлі бет бұрып, әу баста айналасындағы таныс-біліс жандардан тапсырыс алып жүрген ол кәсібінің көкжиегін кеңейтуді көздейді. Сөйтіп, “Атамекен”  кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалары туралы біліп, өз бағын сынап көруді ұйғарады.

“Бастау Бизнес” бағдарламасы, әсіресе, мен сияқты жастарға берілген зор мүмкіндік. Киім тігуді білгенімен, оны кәсіп ретінде шындап қолға алып, ары қарай дамыту қолымнан келмес еді. Егер де, “Бастау Бизнес” бағдарламасы бойынша 21 күн бойы өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кәнігі мамандарынан дәріс алмағанда. Сабақ барысында мен өз нишамды дұрыс таңдауды, өз қолымнан шыққан дүниелерді жарнамалауды, сатуды үйреніп қана қоймай, табысымды еселеп арттырудың қыр-сырына қанықтым. Бастапқыда өз-өзіме деген сенімсіздік болған еді. Кейін оның барлығын жеңіп, өз кәсібіме деген құлшынысым арта түсті. Нәтижесінде қанша уақыттан бері қиялымда ғана жүрген әдемі көйлектерді тігіп, оны сатылымға шығарып, пайдаға кенеле бастадым. Әрі өзімнің жеке «Dana Talgatkyzy Collection» атты жеке брендімді қалыптастырдым”, –  деп тігіншілікті қалай қолға алғанын баяндап берді.

 



Бұл тұрғыда жолдасының да қолдауы зор болғанын тілге тиек етті ол.

“Бастау Бизнес” бағдарламасының тиімділігі сол – білім беріп қана қоймай, мемлекеттік грант негізінде қатысушыларды өз кәсібін жүргізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.

“Арнаулы грантты иеленгеннен кейін, берілген қаражатқа «Jack A4» өнеркәсіптік түзу тігін машинасын, «Silter 3.0 l» бу генераторын және де киім пішуге арналған арнайы үстелді сатып алдым. Бұрын мұндай құрылғыларым болмағандықтан, киімдерді кәсіби тұрғыда тігуге мүмкіндік болмайтын. Қиындықпен тігілген көйлектерім де ойдағыдай шықпайтын. Қазір заман талабына сай құрал-жабдықтарды қолданудың арқасында өзімнің жеке брендімді қалыптастырып үлгердім. Нақтырақ айтқанда, «Бастау Бизнес» –өмірде өзімнің сүйікті кәсібімді табуға септігін тигізді”, – дейді Дана Үсенбекова.

Ісмердің айтуынша, табысты кәсіпкерге айналу үшін өз салаңда тер төгіп, еселі еңбек етуің керек. Жетістікке ә деген бетте-ақ жете қоймауың да мүмкін дейді.

“Карантин тұсында бірде-бір тапсырыс болмай қалды. Халық әдемі киініп, тойға бармақ түгілі аурумен арпалысып кетті. Осы кезең менің жұмысыма қатты әсер етті. Табыссыз қалдым. Қиындықпен бетпе-бет келу деген осы шығар деп түйдім іштей. Бірақ осы жолдардан жүре отырып, сыналмасам, шыңдалмасам, бәлкім бүгінгі табысты кәсіп иесіне жетпес пе едім, кім білсін?” – деп сыр ақтарды тігінші.

Бүгінде үйінде кішкентай балаларына қарап отырып, өз кәсібін жүргізіп отырған Дана Үсенбекова айына 300-500 мың теңге көлемінде табыс табады екен. Болашақта өз кәсібінің өрісін одан әрі кеңейте түсуді көздеген Дананың сөзінше, бүгінде кез келген кәсіпті дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік мол.  Өзінің қолынан шыққан туындыларын әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасына, түрлі сайттарға жариялай отырып сатуды жолға қойған ол алдағы уақытта бұдан әрі табысын еселей түсетініне сенімді.

“Болашақта бір стильде ғана жұмыс істейтін дизайнерлік шоурум ашқым келеді. Бір шетінде цех, бір шетінде өз өнімдерімізді сататын дүкенім болса деймін. Бүгінде осы бағытта тынбай жұмыс жүргізіп келемін”, – дейді ол.

Қыз-келіншектердің арманындағы әдемі көйлектерді олардың ойлағанынан да артық етіп тігіп беретін ісмердің туындылары бүгінде еліміздің көптеген аймағында сұранысқа ие.

Талқылау