Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасіретті қаңтар, Мухоряповтің дауы және жаңа Қазақстан: 2022 жыл қандай маңызды оқиғаларымен есте қалды

Қасіретті қаңтар оқиғасы, Ресейдің Украина жеріне басып кіруі, жаңа Қазақстандағы өзгерістер... Өтіп бара жатқан 2022 жыл еліміз үшін де әлем үшін де елеулі оқиғаларға толы болды. Stan.kz тілшісі жылды қорытындылап, өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларын еске алады.

Коллаж 2022

Қасіретті қаңтар

Жаңа жыл басталмай жатып Қазақстанда халық наразылығы болды. 2022 жылы 4 қаңтарда Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықты Қазақстанның көптеген өңірінде халық қолдап, жаппай шеруге шыққан. Кейін бірнеше қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, оқиға бақылаудан шығады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны "билікті күшпен басып алу" деп бағалап, әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық береді. Елде төтенше жағдай жарияланып, билік мемлекетке "террористер шабуыл жасады" деп мәлімдейді.

Қақтығыстардан, әсіресе, Алматы қаласына қатты залал келді. 6 қаңтарда Қазақстан билігі ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінен көмек сұрады. Қасіретті қаңтар оқиғалары кезінде 238 адам опат болды. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер. Із-түссіз жоғалып кеткен азаматтар да бар.



Қаралы қаңтардан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де қоғам арасында жауабы табылмаған сұрақ көп. Бас прокуратура бұл оқиғаға байланысты тергеудің аяқталып қалғанын айтқан, алайда ашық мәлімдеме жасамады.

ресей Украина 2022

Ресейдің Украина жеріне басып кіруі

24 ақпанда әлемдегі тұрақтылықты төңкеріп тастаған оқиға болды. Дәл осы күні Ресей президенті Владимир Путин Украина аумағында "арнайы әскери операция" басталғанын хабарлады. Алайда Украинаның өзінде және басқа елдерде мұны өзге аумаққа күшпен басып кіру деп атайды. Осыдан кейін Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлап, Ресейге қарсы көптеген санкция салынды. 

21 қыркүйекте Ресей билігі елде жаппай ішінара мобилизация жариялады. Ресей ішіндегі дүрбелең Қазақстанға да әсер етті, ел азаматтарын соғыс аймағына алып кету туралы заңнан кейін көптеген ресейлік азамат Қазақстанға қоныс аударды. ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, елімізге жыл басынан бері 3 миллионға жуық Ресей азаматы келген. Екі ел арасындағы әскери қақтығыс әлі күнге дейін жалғасып жатыр.



Жаңа Қазақстан

Қасіретті қаңтардан кейін елімізде жаңа өзгерістер басталды. Билік мұны жаңа Қазақстанның орнауы деп түсіндіреді. 5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды.

Қаңтар оқиғалары тұсында Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметін атқарған Кәрім Мәсімов қаңтар айының басында мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған. Мәсімовтің ісі бойынша тергеу аяқталып, сотқа жөнелтілді. Кінәсі дәлелденсе 17 жылға сотталуы мүмкін.

Жаңа Қазақстанда тұңғыш президет Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарын биліктен шеттету көріністері байқалды. 17 қаңтарда күйеубаласы Тимур Құлыбаев “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кеткенін мәлімдеді. Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі. 

Сонымен қоса Назарбаевтың күйеу балалары Қайрат Шәріпбаев пен Димаш Досанов “QazaqGaz” және "ҚазТрансОйл" ұлттық компанияларының басқарма төрағалары қызметінен кеткені белгілі болды.

коллаж

Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш ҰҚК-дегі қызметінен босатылды. Әбішті қызметінен босату туралы жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.



19 қаңтарда мәжіліс депутаттары 2020 жылы қабылданған “Ұлт көшбасшысы туралы заңға” түзетулер енгізді. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айырылды. 27 қаңтарда Назарбаев Қазақстанның билеуші партиясының (қазіргі Amanat – ред.) басшысы қызметінен босатылды. 

25 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату жөнінде қаулы шығарды.

13 наурызда Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды. Сатыбалдыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері “Қазақтелеком” АҚ-ның аса ірі көлемдегі қаржысын жымқыру және қызметін асыра пайдалану фактісі бойынша ұстаған. 6 ай абақтыда отырған Сатыбалдыны сот ақыры 6 жылға бас бостандығынан айырды.

15 наурызда Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев ұсталды. Боранбаевтың қызы Әлима – 2020 жылы көз жұмған Айсұлтан Назарбаевтың әйелі болған. Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың үстінен квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактісімен іс қозғаған.

Жалпыхалықтық референдум

5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыхалықтық референдум өтті. Сайлауға дауыс  беруге құқығы бар азаматтардың 68,05 пайызы қатысқан.


"Орыс тілін өз мәртебесінен айыруға әлі ерте": Референдумда дауыс берген қазақстандықтар қандай өзгерістерді күтеді?


Оның ішінде референдумға қатысушылардың 77,18 пайызы реформаларды қолдаса, 18,66 пайызы қарсы шыққан. Негізгі конституциялық өзгеріс - Қазақстанның суперпрезиденттік билік түрінен күшті Парламенті бар президенттік билікке көшуі болды.

Әскердегі өлім-жітімнің көбеюі

2022 жылы әскерде сарбаздардың қаза табуы жиіледі. Ұлттық ұланның Ақтаудағы 3502 әскери бөлімінің арнайы комендатурасын басқарған Абылай Мерғалиев 30 шілдеде Ақтау маңындағы Басқұдық ауылындағы үйінің дәретханасында асылып тұрған күйі табылды. Марқұмның артында әйелі мен кішкентай қызы қалған.

29 шілдеде Ұлттық ұланның Степногорскідегі 3517 әскери бөлімнің қатардағы жауынгері 27 жастағы Н.Оразбай жұмыс орны – автопаркте өлі табылды. Ұлттық ұланның ақпаратына қарағанда, 29 шілде түнге қарай автопарк бойынша тәулік кезекшілікте тұрған Оразбай дәретханаға кетіп, кері оралмаған. Кейін оның сол жердегі қоймадан асылып тұрған күйі тапқан.

аскерилер коллаж

Суретте әскерде қаза тапқан сарбаздар Әлібек Қалбай, Ұлықбек Бердешов, Еділ Тешебаев

10 тамызда тағы бір сарбаздың қаза тапқаны жайлы хабар тарады. Ұлттық ұлан жауынгері Шахимов Алматы облысы 5574 әскери бөлімінің жаттығу алаңында басына темір тиіп, жараланып, Қонаев қаласындағы ауруханада көз жұмғаны хабарланды. 



10 сәуірде Жамбыл облысындағы “Андас батыр” шекара бекетіндегі қатардағы жауынгер 19 жастағы Ұлықбек Бердешовтің жартасқа асулы денесі Қырғызстан аумағынан табылған. Шекара қызметі оның ата-анасына "алдын ала нұсқа бойынша, балаларыңыз өзіне қол жұмсаған" деген.

Сәуірде Жамбыл облысындағы әскери бөлімге келгеніне төрт күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай есімді жауынгер жұмбақ жағдайда көз жұмған. Бастапқыда жауынгердің "таңғы сап кезінде есінен танып қалғаны", артынша көз жұмғаны айтылған. Кейін қорғаныс министрлігі "Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеген. 

Биыл маусым айында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімінде түркістандық 19 жастағы сарбаз Еділ Тешебаев қаза тапты. Шекара қызметінің баспасөз бөлімі "Еділ Тешебаев өзіне қол жұмсады, суицидке әскери қызмет емес, отбасылық-тұрмыстық проблемалар себеп болған" деп хабарлаған.

Костанай пожар 2022

Бір адам қаза тапты: Қостанай облысындағы өрт

2 қыркүйекте Қазақстанның солтүстік-батысында еліміздің тарихындағы ең үлкен орман өрті болды. Табиғи апат 10 қыркүйекке дейін жалғасқан.


"Бір уақытта сегіз жерден өрттің шығуы сәйкестік емес": Қазақстандықтар орман өртін қасақана ұйымдастыру нұсқасын қызу талқылап жатыр


Алапат өрт  43 мың гектар орман аумағы мен екі елді мекендегі 91 үйді жойып жіберген. Салдарынан бір адам қаза болып, 10 адам жараланды. 2 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Елорда қайта Астана деп аталды

17 қыркүйекте ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласына қайта Астана атауы қайтарылды. Қала атауын өзгерту Конституцияға енгізілген өзгертулер аясында жүзеге асырылды. Елорда 2019 жылдан бастап Нұр-Сұлтан аталып келген.

Республика күніне ресми мәртебе берілді

Қыркүйек айының соңында президет Тоқаев Республика күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша 25 қазан күні мереке әрі демалыс күніне айналды. 2009 жылдан бері Республика күні тек әлеуметтік маңызы бар мереке ретінде аталып өтіліп келген және оның құрметіне демалыс күні болмаған еді.

Қазақстанда үш жаңа облыс пайда болды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 4 мамырдағы елдің жаңа өңірлерін құру туралы Жарлығы ресми түрде 8 маусымнан бастап күшіне енген болатын. Соған сәйкес, жаңа облыстар пайда болғаннан кейін ел әкімшілік түрде 20 аумаққа бөлінетіні белгілі болды, яғни 17 облыс және республикалық маңызы бар үш қала.

Ұлытау облысы - ең үлкен өңірлердің бірі. Ол екі ауданнан тұрады - Жаңарқа, Ұлытау, облыстағы үш қала - Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев. Жезқазған - мыс өнеркәсібінің орталығы, ол аймақтың әкімшілік орталығына айналған. Жаңа облыстың халқы шамамен 226 мың адам болады.

Абай облысы Шығыс Қазақстан облысынан бөлінген. Кеңес заманында оның аумағында Семей облысы орналасқан. Өңір орталығы Семей қаласы болды. Облысқа сегіз аудан кірді: Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Үржар, сондай-ақ, екі қала - Семей және Курчатов. Облыс халқы шамамен 640 мың адам болады.

Алматы облысы құрамынан бөлінген облыс - Жетісу облысы. Онда 650 мыңға жуық адам тұрады. Облыстың әкімшілік орталығы Алматы облысының бұрынғы орталығы - Талдықорғанда орналасқан. Облысқа сегіз аудан және екі қала кірді - Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары.

Рамиль Мухоряпов

Қазақ тілі жәні Мухоряпов

Биыл қазақ тілінің төңірегінде дау болды. Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесуде шетелдіктерге қазақ тілінде жауап беру “мәдениеттің көрінісі емес” деген сөзі үшін қатты сынға ұшырады. Даулы мәлімдемесінен кейін кәсіпкер қазақстандықтардан кешірім сұрағанымен, бұл мәселені ешкім жылы жауып қойғысы келмеді.



Танымал қоғам белсенділері кәсіпкерді жауап тартуды талап етсе, тұтынушылар оның компаниясына бойкот жариялады. Кейін Алматы полициясы Мухоряповтың "қазақ тілі туралы" мәлімдемесі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Полиция "өшпенділік тудыру" бабы бойынша іс қозғаған. 

"Елбасыны жақсы көремін": Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарты үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке іліккен. Бұған дейін Хаменованың өзі елдегі жемқорлықты қатал сынға алып келген.

Елбасыны жақсы көретінін ашық айтып, қанша жерден өзінің қылмыскер емес екенін айтып келгенімен сот Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сот Хаменованы ҚР Қылмыстық кодексінің 366 баптың 3 бөлігінің 2 тармағы (Адамдар тобымен ірі мөлшерде пара алу) бойынша кінәлі деп тапқан. Балаларының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға шегерілді. Ол сонымен қоса "Құрмет" орденінен де айырылған.

Хаменова

Президент сайлауы

20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Оның ерекшелігі жаңадан сайланған президент тек бір мерзімге ғана сайланады. Ал президенттік мерзім 5 жылдан 7 жылға дейін созылады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, жеңіске жеткен. Оған 6 миллион қазақстандық дауыс берген.

Өзге қарсыластары: Жигули Дайрабаев – 3,42%;
Қарақат Әбден – 2,6%;
Мейрам Қажыкен –  2,53%;
Нұрлан Әуесбаев –  2,22%;
Салтанат Тұрсынбекова –  2,12% дауыс жинаған. Сайлаушылардың 5,8 пайызы бәріне қарсы деген жолға дауыс берген – бұл 460 484 адам. Сайлауға келушілердің қорытынды көрсеткіші 69,44 пайызды құраған.

Қақаған қыста жылусыз қалған Екібастұз

27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған . Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. 

Екибастуз скрин



1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол  жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.

6 желтоқсанда Екібастұзда гараждардың бірінlе жергілік жылу-электр орталығы учаскесінің басшысы өлі күйінде табылды. Полиция оқиғаға түсінік беріп, ЖЭС учаскесінің бастығы әйелімен болған жанжалдан кейін қайтыс болғанын айтқан.

Тоқаев осы оқиғадан кейін энергетика министрлігін сынға алған.

Өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің қазасы

Астанада өрт шыққан көпқабатты үйлердің бірінен үш адамды құтқарып қалып, өзі ауыр жарақаттан есін жимастан ауруханада көз жұмған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігі бүкіл қазақстандықтарды тәнті етті. 

Адамдарды өрт аузынан аман алып қалған Асқардың денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылған. Төрт күннен соң өрт сөндіруші есін жимастан көз жұмды.

22 қарашада Көкшетауда қаза асы өтіп, батыр өзінің туған жері – Үлгі ауылында жерленді.

Мемлекет басшысының атынан ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мен елорданың сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыстаған.

Асқар Забикулиннің отбасы құрғанына 5 жыл болған. Батырдың артында әйелі мен екі баласы қалды.

Аскар Забикулин

Спорт және әлемдегі оқиғалар

Рыбакинаның тарихи жеңісі

13 шілдеде әлемдегі ең беделді теннис турнирлерінің бірі Уимблдонда әйелдер арасындағы жекелей сынның финалы өтті. Оған алғаш рет қазақстандық спортшы – Елена Рыбакина қатысты. 

Рыбакина кездесу барысында Тунистен келген қарсыласы Онс Жаберден жеңіліп жатқан. Алайда есепті тез теңестіріп, Қазақстан тарихындағы ең маңызды жеңіске жетті.

Головкин-Канело трилогиясының финалы

18 қыркүйекте бокстан жылдың басты кездесуі өтті. Үшінші жекпе-жекте қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Канело Альварес жұдырықтасты. Қазақстандық жанкүйерлердің үлкен өкінішіне орай, трилогиядағы жеңіс Альвареске бұйырды. Ол төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

Канело Головкин

Қазақ қызының қазасы: Сеулде хэллоуин мерекесі кезіндегі дүрбелең

Сеулдің Итхэвон ауданында Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде 150-ден астам адам бірін бірі таптап өлтірген қайғылы оқиға болды. Мерекені тойлау үшін жиналған адамдар аудандағы тар көшеге жиналған. Жиналғандардың көпшілігі ауа жетпей қаза тапқан. 29 қазанда қайтыс болғандардың көпшілігі түнгі клубтарымен әйгілі Сеулдегі Итхэвон кварталына пандемиядан кейінгі алғаш рет Хэллоуинді тойлауға барған. Кейбір мәліметтерге сәйкес, онда 100 мыңға дейін адам жиналған.

Соңғы мәліметтер бойынша, Итхэвондағы қарбалас кезінде 156 адам опат болған. Қайтыс болғандардың арасында 1996 жылы туған Қазақстан азаматы Мәдина Шерниязова бар. Хэллоуин мерекесі кезінде қаза тапқан қазақстандық студент туған жері Ақтөбе қаласында жерленді Мадинаның денесі Алматыға 3 қарашада әкелінген.

Катарда өткен әлем чемпионаты

2022 жылда болған барлық жабырқау оқиғаларға қуанышты рең беріп тұрған – Катарда өткен футболдан әлем чемпионаты. Чемпионат тарихта алғаш рет Катардың климаттық жағдайына байланысты күздің аяғы мен қыстың алғашқы айында өтті.

Әлем чемпионатының финалында Аргентина мен Франция құрамалары бас жүлдені тартысқа салды. Аргентина финалда Францияны жеңіп, тарихта үшінші рет футболдан әлем чемпионы атанды. Аргентина 1986 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатында жеңіске жетіп, өз тарихында үшінші рет кубокты жеңіп алды.

Аргентин чемпиона

Талқылау