Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қамбар батыр шылым шегіп, арақ ішетін браконьер болған": Мектеп оқулығындағы қателіктер кімнің салғырттығы

Бұзылмаған батыр қалмады. Бәріміз оқып өскен Қамбар батыр шылым шегіп, арақ ішетін  браконьер болған екен. Ал оның ғашығы Назым арақ-шарапты өзі ашытып дайындаған. Одан қалса сандықтың түбіне сақтаған екен. Ұлттық фольклорға мені тіл тигізіп отыр демеңіз, биылғы оқу маусымына дейін 9-сыныптың оқушылары Қазақ әдебиетін осылай оқып келген. Бұл не? Министрліктің салғырттығы ма?

Қамбар батыр шылым шегіп, арақ ішетін браконьер болған: Мектеп оқулығындағы қателіктер кімнің салғырттығы

Осы олқылықтың  қыр-сырын бір кісідей білетін мамандармен біздің тілшіміз тілдесіп қайтты. Мүмкін ақиқатын солар айтар? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«2012 жылы «Мектеп» баспасынан Қазақ әдебиеті кітабы басып шығарылып мектептерге бағыт алады. Мұның ішіндегі Қамбар батыр деген жыр ата-аналардың наразылығын тудырған. Себебі онда батыр шылым шегеді, ал Назым арақ-шарапты сандығында сақтайды деген жолдар болған. 2013 жылы баспа мұны өзгертеді де қайтадан шығарады. Ішінен Назым арақ-шарап тастайды деген жолдарды алып тастаған. Балалар 2018 жылға дейін осы кітаппен оқыған. Бірақ мән берсеңіздер Назым ерсі қылығын қойғанымен Қамбар батыр шылымын шегіп жүре берген екен.   

Бекжан Әбдуәлиұлының айтуынша, Кеңес Одағы тұсында «Қамбар батыр шылым шеккен, Назымға арақ дайындаған» деп жырлаған біреудің сөзі қағазға түскен. Кейін ол «Бабалар сөзі» жинағына еніп кеткенге ұқсайды. Міне, мәселе осыда.  

«Шылымын шегіп тұрады деген жолдар бар. Бұл қарасаңыз құстардың бәрін қырып тастап маңдайының терін сүртіп, шылымын шегіп тұр. Ол заманда шылым деген қайда?! Қазақтың ұғымында жоқ дүние. Екінші бір адамның жанына бататыны халықтың аялағаны Назым «Арақ пенен шарапты, сандыққа салып сақтады, бөтелкеге ашытып. Қайтқанда Қамбар ішсін деп» дейді. Сонда халықтың сұлу жаңағы браконьер Қамбарды шақырып алып арақ беріп, ішкен соң не болды енді?!», - дейді филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы. 

Ұзақ жыл бала оқытып келе жатқан Гүлнәр Берекетованың айтуынша, ондай жолдардың кездескені жалған ақпарат емес. Бірақ білікті мамандар «біз жырдың басқа қырын насихаттауға тырысып бақтық» дейді.

«Бұл ата-бабамыздан келе жатқан жыр ғой.  Бізді батырлыққа, бірлікке үндейтін жыр. Осындай ұлттық бағытта, ұлттық рухта  тәрбиелейтіндей, мысалы мен өзім солай сабақ бердім. Балаларды солай тәрбиеледім», - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Берекетова.

Осыдан бірер апта бұрын біздің арнаға сұхбат берген еліміздің бас мұғалімі қай пәннің кітабын алып қарасаң да қатенің өріп жүргенін хабардар екенін айтқан еді. Бұл олқылықтардың орнын толтырудың жолын да білетін болып шықты.

«Жүйені өзгертіп жатырмыз. Ол экспертизадан бастап, оқулықтарды дайындайтын авторлардан  бастап, бұл оқулықтарды өткізетін апробациядан бастап, оқулықтардың мазмұнынан бастап, бұл оқулықтарды дайындауға беретін бағдарламадан бастап осының бәрінің басын біріктіріп бәрін жүйелі қолға алса бұл мәселеге түбегейлі өзгерістер енгізуге болады», - дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Кітаптардың сапасы биік-биік мінберлерде талай айтылып, жауыр болғалы қашан?! Су жаңа депутат «бұл күндері бала оқытамыз деп бас қатады» дегенді айтып қалды.

«Кейде өзім ойлаймын да балалармен отырып жаттап алайыншы дегенде миға кірмейді ғой мынадай. Негізі бұрынғы кездегі мынау «Әліппе» кезеңі болды ғой, сондай болса екен деймін ойым. Бір жерден шығарылса кітап», - дейді ҚР парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Әлімжан.

Жіберілген қателік оны қыруар қаржыға қайта жөндеу айналып келгенде бармақ басты, көз қыстыға әкеліп тіреліп тұрғанын филолог мамандар ашық айтып отыр. Бұлай кете беретін болса түбі жақсылыққа апармайды.

«Арызы өткендік, қолы жеткендік дегендей осылай бір адамдар жеңіп алуы мүмкін. Содан кейін олар барып авторлардың іздей бастайды. Ол қандай автор болатыны келесі мәселе. Осыны жасақтап болып кірісемін деген кезде оқулықтың тапсыратын уақыты болады. Осы кезде жанталас басталады да асығыс жан жақтан материалды жинап әкеліп оқулаққа кіргізеді. Сосын осындай олқылықтар кетіп жатады», - дейді Филология ғылымдарының докторы.

Сабақ беріп жүрген ұстаздар мен ғалымдардың айтып отырғанын министрлік естісе жақсы еді. Қатені жөндеу, бәрін жойып тастап басынан бастау емес, керісінше бар нәрсенің артығын алып тастап өңдеу жасалса деген өтініш айтады. Кітап шығару және басу ісінде жемқорлық жойылмаса Қамбар батыр бастаған топ шылым шегуді жақын арада қоя қоймас.  

Талқылау