Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Иммунитетпен салыстырғанда тиімділігі төмен": Қазақстандықтар вакцина туралы жаңа ақпаратты қызу талқылауда

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде таралған вакцина өндірісіне маманданған Merk фармацевтикалық компаниясының COVID-19-ға қарсы препараттарды әзірлеуді тоқтатқаны туралы жаңалықты талқылап жатыр. Компания табиғи иммунитетпен салыстырғанда олардың тиімділігі төмен екенін мәлімдеген екен. Желі қолданушылары мұны коронавирусқа қарсы вакциналардың тиімділігінің төмен екенінің дәлелі деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Merk компаниясы COVID-19 қарсы бірден екі вакцина әзірлеген – V590 және V591. Екі препарат та клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңінен өтті. Компанияның ресми сайтындағы хабарламаға сәйкес, олардың нәтижелері қанағаттанарлықсыз болды.

"Бұл зерттеулерде V590 және V591 екеуіне де төзімділік жақсы болды, бірақ иммундық жауаптар табиғи жұқтырудан кейін байқалғаға және SARS-CoV-2 / COVID-19 қарсы басқа вакциналар бойынша хабарланғандарға қарағанда нашар болды", – делінген фармкомпания сайтында.

Осылайша, Merk әзірлеушілері препараттардың басқа компаниялар шығарған аналогтардан төмен екенін мойындады. Бұл COVID-19 қарсы басқа вакциналар да тиімсіз деген сөз емес.

Сондай-ақ, Merk сайтындағы ақпаратқа сәйкес, компания COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеу үшін терапевтік препараттар шығаруға бар күшін салуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде екі дәрілік зат жасалуда – МК-7110 және МК-4482.



Айта кетейік, клиникалық сынақтан өткен вакциналардың тиімділігі дәлелденген. Бірқатар шетелдік вакциналар өндірісі басталды.

Ал Қазақстанның QAZCOVID-IN вакцинасы қазіргі кезде клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінен өтуде. 

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы вакцинация тегін әрі ерікті түрде өтетінін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиімділігі дәлелденсе отандық вакцинаны салдыруға дайын екенін жеткізді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 27 Қаңтар, 2021 13:00
Талқылау