Аулада қоқыс өртегендерге және кәуап пісіргендерге қандай айыппұл қарастырылған?
Фото: Unsplash.kz
Көпқабатты үйдің немесе жеке үйдің ауласында от жағып, кәуап пісіруге қатысты қандай нормалар бар? Егер аулада қоқыс өртесе, полицей шақыра аламыз ба? Stan.kz ақпарат агенттігі заңгер Ермек Тілеукеевтің көмегімен түсіндірді.
Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында от жағуға, қоқыс өртеуге және кәуап пісіруге бола ма?
Қазақстан заңнамасына сай, көпқабатты тұрғын үйдің ауласында от жағуға рұқсат етілмейді. Себебі бұл өрт шығу қаупіне, көршілердің тыныштығы мен ауаның ластануына, әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Кәуап пісіруге де рұқсат етілмейді. Мұндай әрекет үшін көршілер шағымданса, полицей айыппұл сала алады.
Ал жеке тұрғын үйдің ауласында от жағуға рұқсат па?
Шартты түрде болады. Бірақ мына “Өрт қауіпсіздігі ережелері” орындалуға тиіс:
- Отты құрылыстардан кемінде 50 метр қашықта жағу керек;
- Жанында су немесе өрт сөндіргіш құралдары болуға тиіс;
- Жел соғып тұрған кезде жағуға тыйым салынады;
- Отты қадағалаусыз қалдыруға болмайды.
Дегенмен жеке үйдің ауласында да қоқыс немесе шөп өртеуге тыйым салынған.
Экологиялық кодекс бойынша қоқыс, шөп, резеңке, пластик т.б. өртеу экологияны ластау болып саналады. Бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабы бойынша жеке тұлғаларға 10-30 АЕК көлемінде (39-117 000 теңге) айыппұл салынады.
Заңгер Ермек Тілеукеев те жеке үйлерде есіктің алдына тау етіп үйіп қойып, шөп өртесе, бөтелкелер және көліктің баллонын өртесе, айыппұл салынатынын ескертті. Ал кішкентай ғана қоқыс өртесе немесе өз моншасын тек үйдегілер түсуі үшін жақса, бір дана мангалмен кәуап пісірсе, оған ештеңе болмайды.
"Есіктің алдына 10 мангалды қаптап, кәуап пісірсе, айыппұл салынады, себебі ол адам жеке кәсіпкер болып, заңды жұмыс істеуі керек. Моншаның жағдайында да солай. Егер моншаны ақша табу мақсатында, адамдарды көп кіргізіп, қайта-қайта жағып жатса, айыппұл салынады. Себебі жаңа айтқанымдай, заңды түрде кәсіп жасауы керек. Мұның бәріне көпқабатты үйдің ауласында мүлдем рұқсат етілмейді", – деп түсіндірді заңгер.
Мұндай сәттерде көршілер шағымданбаса да, учаскелік полицей айыппұл сала алады.
"Мұндай заңбұзушылық кезінде көршілер арыз жаза алады. Учаскелік полицей келіп, шара қолданады. Ешкім арыз жазбаса да, полицей мұндай заңбұзушылықтарды өзі тауып, айыппұл салуға құқылы", – деді заңгер.
Түтінді байқаған жеке ұй тұрғындары да, көпқабатты үй тұрғындары да 102 нөміріне хабарласып, арыз бере алады. Дәлел ретінде фото-видео түсіріп алуға болады.
Аулада от жағуға қатысты нормалар мына заңдармен реттеледі:
- Экологиялық кодекстің 293-бабы бойынша (атмосфералық ауаны қорғау саласындағы экологиялық талаптарды бұзу) қоқыс, жапырақ, шөп, тұрмыстық қалдықтарды өртеу атмосфералық ауаны ластау болып саналады. Бұзушылық анықталса, жеке тұлғаларға 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 336-бабы бойынша (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) қауіпсіздік шараларын сақтамай от жағу, мангал жағу, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу жеке тұлғаларға 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады. Осы кодекстің 410-бабы (Қалдықтармен жұмыс істеу тәртібін бұзу) бойынша, қоқысты рұқсатсыз өртеу экологиялық заңнаманы бұзу болып саналады.