Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“4 тілді жетік біледі”: Алты жастағы полиглоттың анасы қызына ағылшын тілін 8 айынан үйреткен

4 тіл білетін қыз Аиша

Фото: Stan.kz

8 айында анасына тіл үйренуге серік болған қазақстандық Аиша Байдышева 6 жасында төрт тілді еркін меңгерген. Қабілетті бүлдіршіннің тілі өз ана тілінде шыққан. Кейін анасына ағылшын тілін үйренуіне көмектескен. Оған орыс және қытай тілі қосылған. Аишаның анасы Мадина Хасанова Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында баланы қалай полиглот етуге болатынын айтып берді. 

Мадинаның айтуынша, әу баста Аишаны көп тілді меңгеруге баулуды мақсат тұтпаған. Барлығы баланың кішкентай кезінен тілді құлағына сіңіріп өсуіне байланысты дейді ол.

“Шыны керек, бастапқыда “бірден төрт тілді үйретеміз” деген нақты мақсат қоймадық. Бірақ отбасымызда әрқайсымыз әртүрлі тілде сөйлейміз. Сол себепті бұл өзі табиғи түрде жүріп отырды. Аиша кішкентайынан бастап осы тілдерді қатар естіп өсті. Сол себептен біз арнайы үйде тілдік орта жасап, әр тілге жеке көңіл бөліп отырдық. Қазақ тілі – ана тіліміз, туылғаннан бастап осы тілде сөйлестік. Ағылшын тілін шамамен 8 айлығынан бастап енгіздік. 11 айында Аиша кері байланыс жасай бастады. Ойын арқылы, әндер, күнделікті сөздермен үйрендік. Орыс тілі 2 жасынан бастап қосылды, себебі сыртқы ортада атап айтқанда, балабақшада, мультфильмдерде орысша контент жиі кездесетін. Қытай тілін 3 жасынан бастап үйрене бастады, Өзіміз Қытайда тұрып жатқандықтан, бұл да күнделікті өмірде қажет болды”, – дейді Мадина Хасанова.

Айтуынша, өзі тіл үйренуге қызыққан. Сөйтіп бұған Аишаны да баулыған.

“Аиша кішкентайынан бәрін қайталап, тыңдағанды жақсы көретін. Осыны пайдаланып, ойын арқылы тілдерді енгізе бердік. Сөйтіп өзім де ағылшын тілі деңгейімді көтергім келді. Өйткені бұрын ағылшын тілінде 2-3 сөздің өзін айта алмайтынмын. Бір байқағаным, баламен бірге үйрену өте тиімді. Әсіресе, тілі әлі толық шықпаған бала болса. Негізі  5-6 жасқа дейін балада "шет тілі" деген ұғым болмайды. Бұл жаста балалардың деңгейі тіпті ағылшын тілді балалармен тең, яғни A1–A2 деңгейінде. Сондықтан кішкентай кезден үйрету ең дұрыс шешім. Көбіне тілдерді күнделікті өмірге кіріктіріп үйрендік. Мысалы, күнделікті тұрмыста таңертең және кешке ағылшынша сөйлесеміз, ал ата-әжесімен қазақша сөйлеседі. Сыртқа шыққанда қытай тілінде қарым-қатынас жасайды. Осындай жүйелі, бірақ еркін тәсіл жақсы нәтиже берді. Кей күндері 20-30 минут қана тілдік әрекет болса, кей күндері одан да көп уақыт бөлеміз. Бәрі жағдайға байланысты. Бастысы балаға қызық болу керек”, – дейді Аишаның анасы.

Аиша үйде ата-анасымен көбіне қазақша және ағылшынша сөйлеседі. Орыс тілін де ұмыт қалдырмайды. Жас отбасы Қытайда тұрып жатқандықтан Аиша үшін қытай тілін үйрену қажеттілік болған. 

“Балабақшада қытай тілі қажет болды. Бірақ балабақшаға бермей тұрып, үйде алдын ала қытай тілінің негіздерін үйреттік. Тек содан кейін ғана балабақшаға бердік тілдік кедергі болмасын, балаға стресс болмауы үшін. Қазір, шүкір, барлығын түсінеді, қуана-қуана балабақшаға барады. Меніңше, Аиша көбіне қазақша және ағылшынша ойлайды. Бірнеше тілді қатар үйреніп жүргенде қоғам тарапынан теріс пікірлер де болды. Кейде өзім де "төрт тіл тым көп емес пе, шатасып кетпей ме" деп ойлайтынмын. Бірақ қазір еш қиындықсыз әр тілде сөйлей алады, жақсы ажыратады, шатаспайды. Балалардың миы өте икемді. Осы тақырыпта ғылыми зерттеулер де бар. Бала бірнеше тілді қатар меңгере алады”, – дейді кішкентай полиглоттың анасы.

 

4 тіл білетін қыз Аиша Фото: Stan.kz

Мадинаның айтуынша, Аишаға тіл үйрету кезінде әртүрлі құрал қолданған. Атап айтқанда, әндер, кітаптар, карталар, мультфильмдер. Аталғандардың арасында мультфильмдер мен балабақша жақсы нәтиже берген.

“Мысалы, ағылшынша ән айтып жүріп, өзі байқамай жаттап алды. Қытайша мультфильмдер мен балабақша қатты көмектесті. Тіл үйренуде ойын мен шығармашылық өте үлкен рөл атқарады. Біз үнемі бірге ойнап, қуыршақтармен сөйлесіп, ән айтып, сурет салып жүрдік. Тек оқытып емес, бірге әрекет жасап үйреттік. Балаға ойын арқылы  үйретсек бәрін жеңіл қабылдайды әрі қызығушылығын жоғалтпайды. Тілдік орта ең мықты әдіс. Бірақ бұл ортаны үйде де жасауға болады. Мысалы, ағылшын тілін алатын болсақ, қазір интернетте қолжетімді материалдар өте көп. Репетиторға да беруге болады, бірақ кішкентай балалар ұзақ уақыт зейін сала алмайды, оларға күніне 30 минут жеткілікті. Сол себепті үйде ойын арқылы, күнделікті қарым-қатынас арқылы үйретсе, тіпті жақсы нәтиже береді. Ата-аналарға айтар кеңесім, ерте бастан қолға алу және тұрақты болу. Баламен бірге өзіңіздің де үйренуіңізге болады. Менде шағын гайд бар, соның көмегімен ата-аналар балаларымен ағылшын тілін қарапайым тәсілдермен үйретуге болады”, – дейді Мадина.

Анасының сөзінше, тіл үйрену адам бойында кез келген адамдармен ашық, еркін сөйлесу, тез тіл табысу сияқты жақсы қабілеттер қалыптастырады. Сондай-ақ шет тілдері баланың ой-өрісін кеңейтеді. Әр тіл жаңа көзқарас, жаңа мәдениет болғандықтан баланың қызығушылығы да артады деп санайды ол.

Сонымен қатар жас отбасы болашақта Қазақстанға оралып, Аишаның өз елінде білім алғанын қалайды.

“Қазір мақсат осы 4 тілді терең меңгеру. Себебі бұл тілдер бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысының өз ерекшелігі мен грамматикасы бар. Сондықтан алдымен мықты база қалыптастырғымыз келеді. Болашақта Аиша өзі басқа тіл үйренгісі келсе, қолдаймыз. Ең бастысы – ішкі мотивациясы мен қызығушылығы. Қазір Қытайда тұрып жатқандықтан осы жақтағы мектепке барамыз деп отырмыз. Биыл 1-сыныпқа барады. Болашақта Қазақстанға оралсақ деген ой бар, сондықтан мектепті елде жалғастырғанын қалаймыз. Қазір білетін тілдерін тереңдетуді көздеп отырмыз. Көптілді бағдарламалар өте ұнайды – баланың ойлауын кеңейтеді”, – дейді Мадина Хасанова.

Аишаның өзі төрт тілмен шектеліп қалғысы келмейді. Келешекте араб, түрік және қырғыз тілін меңгеріп алуға ниетті. 

Мадина Қытайдағы балабақшада күн тәртібінің нақты құрылғанын атап өтті. Оның сөзінше, онда баланың жүйелі күн тәртібін қалыптастыруға, жан-жақты дамуына (дене, таным, эмоциялық-әлеуметтік) және тұрмыстық дағдыларды қалыптастыруға баса назар аударады.

“Қытайдағы балабақшалар ең алдымен құрылымы мен тәртібімен ерекшеленеді. Күн тәртібі нақты белгіленген, балалардың денсаулығы мен дамуына үлкен мән беріледі. Таңертеңнен кешке дейін әр сағат жоспарланған: дене шынықтыру, ойын, сабақ, тынығу уақыты – бәрі жүйелі түрде ұйымдастырылған. Сонымен қатар тәрбиешілер мен медқызметкерлер балаға ерекше назар аударады, күнде таңертең денсаулық тексеруінен бастап, күн соңына дейін бақылау жасайды. Менің ойымша, ең үлкен артықшылығы – тәртіп пен жүйелілік. Ата-ана ретінде мен өзімді сенімді әрі тыныш сезінемін,себебі қызым жақсы ортада екеніне көзім жетті. Аиша мемлекеттік балабақшаға барды, жалғыз шетелдік болып қытайлықтармен бірге оқиды. Ақысын ай сайын емес, бірден семестрге төленеді (шамамен 4-5 ай) 7500 юань, теңгемен 540 мың тенге. Одан бөлек униформаның да ақшысы  бар”, – дейді Аишаның анасы.

Бірақ балабақшаның бір кемшіл тұсы – халал тамақ берілмейді. Сол себепті Аишаға анасы үйден тамақ жасап береді.

“Аишаға арнайы ланчбокс дайындаймын. Тағы бір кемшілігі – кейде баланың жеке ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінбей, бәріне бірдей талап қойылады”, – дейді ол.

 

Мадина Қытай балабақшасында баланың бір күні қалай өтетінін айтып берді.

“Таңғы 8 шамасында ата-аналар балаларын алып келеді. Медбике дене қызуын, ауыз қуысын тексереді. Таза ауада таңғы жаттығу жасайды. Кешенге музыкамен бірге жасалатын гимнастика, сырғанақ, өрмелегіштер, секіру мен жүгіріс сияқты спорттық ойындар кіреді. Сағат 10 шамасында ұжымдық сабақ өтеді. Ол тіл (ертегі, тақпақ), өнер (сурет, қолөнер, музыка), ғылым (тәжірибе, бақылау), математика, әлеуметтік және денсаулық нормаларын қамтиды. Оқыту ойын, тәжірибе, әрекет арқылы өтеді. Таңғы асқа жеміс, сүт немесе пайдалы тіскебасар береді. Кейін тағы да далада ойнайды. Түскі асқа негізгі тағам, ет, көкөніс, сорпа ұсынылады. Балаға өздігінен тамақ ішуге, үстел әдебін меңгеруді үйретеді.
Түскі астан кейін серуен, кітап оқу, баяу музыка тыңдайды. 12:30 – 14:30-ға дейін балалар түскі ұйқыға жатады. Ұйқыдан тұрып киінуді,  төсекті жинауды үйренеді. Сосын тіскебасар жейді. Кейін балалар шығармашылықпен айналысады. Қаласа, кітап оқиды, ойыншық құрастырады, қуыршақпен ойнайды. 16:15-те балабақшадан балаларды алып кетеміз. Балалар жеке заттарын жинап, шығуға дайындалады. Ата-аналар баласын арнайы жүйе арқылы немесе картоамен алып кетеді. Кейде мұғалімдер сол күнгі жағдай туралы қысқаша айтады”, – дейді Аишаның анасы.

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 19:35
Талқылау