Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Илья Топурия UFC-дағы коллекциялық карталар құны бойынша Хабибтің рекордын жаңартты

Фото: фотоколлаж / спортшылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан

Грузиялық-испандық аралас жекпе-жек шебері Илья Топурия UFC-дің коллекциялық карталар нарығында жаңа рекорд орнатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның есімі жазылған 2022 UFC Black Prizm Rookie (1/1, PSA 9) картасы 101 мың АҚШ долларынан аса бағаға (шамамен 47 миллион теңге) сатылып, UFC тарихындағы ең қымбат карта атанды.

Бұған дейін бұл рекорд ресейлік танымал спортшы Хабиб Нурмагомедовқа тиесілі болатын. Оның 2014 Topps Knockout Autograph 1/1 (PSA 7) картасы шамамен 79 200 доллар (шамамен 37 миллион теңге) көлемінде сатылған еді. Осылайша, Топурия Хабибті артта қалдырып, UFC тарихында картасы 100 мың доллардан асқан алғашқы спортшыға айналды.

Айта кетейік, Илья Топурияның танымалдылығы оның жарқын жеңістерімен және жеңіл салмақтағы UFC чемпионы атағын иеленуімен тікелей байланысты. Қазіргі таңда ол әлем бойынша жанкүйерлерінің санын арттырып келеді.

1/1 форматындағы карталар – бір данамен ғана шығарылатын сирек заттар, сондықтан олар коллекционерлер арасында ерекше бағаланады. Сарапшылардың айтуынша, спорттық карталар нарығы қарқынды дамып келеді, ал UFC спортшыларына деген қызығушылық жаңа деңгейге көтерілуде.

Осылайша, Илья Топурия тек октагонда ғана емес, октагоннан тыс жерде де рекорд жаңартуда.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 11 Шілде, 2025 16:23
Талқылау