Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ибрагимов: Министр Арыстанбек туралы менің де айтарым бар

Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген артисі  Бауыржан Ибрагимовпен қазіргі таңдағы еліміздің мәдени өміріндегі өзекті мәселелер жөнінде сұхбаттастық.Ибрагимов Әңгіме барысында қоғамда шу  көтеріп, әр түрлі пікірлердің айтылуына себеп болған   кейбір жайлар да назардан тыс қалған жоқ. Әуелі, әңгіме ауаны туп-тура мәдениет министрі Мұхамедиұлына қатысты кейбір жайлардан өрбіген болатын.

–Бәке, бүгінгі таңда ақпарат айданында аса танымал, кейбір мәлімдемесімен, іс-әрекетімен  біреулердің сынына  ұшырап қалып жүрген   ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының замандасы әрі өнер саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген өз өкілі, танымал қайраткерінің бірі ретінде еліміздегі мәдениет саясатының тізгінін ұстап отырған аталмыш тұлға жайында жеке пікіріңізді білсек деп едік.

Сіз білетін Арыстанбек Мұхамедиұлы қандай жан? Ол кісінің бүгінгі мәдениет министрі ретіндегі қызметіне қалай баға бересіз? Ол кісіге қарата айтатын сын, әр түрлі сипаттағы әңгіме қаншалықты шындыққа жақын?

-Әрине, елдің мәдени өмірінде болып жатқан әрбір оқиғадан өнер адамы ретінде тыс қалмаймыз. Әсіресе, саланы басқарып отырған үкіметтің білдей бір ірі лауазым иесі жайында ештеңе білмей, мүлдем бейхабар отырсақ, онда кім болғанымыз? Қазір министр Арыстанбек туралы екінің бірі, егіздің сыңары  бірдеме айтып қалуға тым әуес.

Ақпарат құралдарына зер салып қарасаңыз, ол кісі жайлы санқилы пікірлер көз сүріндіреді. Әсіресе, қақаған қыстың сары аязымен бірге қатты өршіп кеткен дау-дамай енді ғана саябырсып келе жатқан сияқты көрінеді. Әр нәрсенің шегі бар, енді бір нүкте қойылатын уақыты да болды ғой.

Жалпы, қай салада болмасын тыңнан түрен салынып, қызу жұмыс жүрсе  түрлі көзқарастардың білдіріліп жатуы – заңдылық. Ал, мұндай шаралардың басында әрбір қадамы  елге мәлім болып отыратын белгілі саяси тұлғалар тұрса небір алыпқашты әңгіменің өршуі – қалыпты жағдай. Қазақ «жақсының артынан сөз ереді» деуші ме еді. Расында да   ешнәрсе жасалмаса айтылар әңгімеге себеп те табылмасы басы ашық әңгіме.

Сондықтан, министр жайына келсек, мен кімнің болса да алдымен істеген ісіне қарап баға беруге тырысатын адаммын. Біреулердің дүрмегіне еріп, шулаған топқа әуен қосатын албырт бала-шаға емеспіз. Ол маған лайық шаруа да емес.

Дегенмен, мәдени әлемнің жақсысы мен жаманына бейтарап қарай алмайтын, осы саланың шын жанашыры менің де өз пікірімнің, жеке көзқарасымның болуы заңды әрі қисынды шығар. Ол кісі жайлы не  ойлайтыным,  қандай пікір білдіретінім шынымен қызықты әрі маңызды болса, оны баспасөз алдында еш бүкпесіз ашық білдіруден қашпаймын.

-Әлбетте, сіз сатира саласының сардары, еркін ойлы азаматсыз. Сол себептен де, біздің оқырмандар сізден қара қылды қақ жарған әділ сөзді ғана күтеді.

-Олай болса, алдымен сөзді мынадан бастайықшы. Осы Арыстанбек деген жігіт министр болып келгелі не тындырды? Осы жөнінде ешбір эмоциясыз, яғни, сезімге берілмей, ашуға бой алдырмай  нақты дерек-дәйекке сүйеніп, айтайықшы.

Бұрын жергілікті өңірлердегі мәдени ошақтарды сондағы әкім-қаралар таратып жіберуге, жауып тастауға құзыреті болғанын білесіздер. Осының салдарынан қаншама клуб, кітапханалардан айрылдық. Олардың көбі дүкенге айналып, кейбірінің есігіне қара құлып салынды. Қараусыздан, иесіздіктен тозып кеткені қаншама?   Бұл жағдай жалғасып,  ауыл-аймақ мүлде рухани ошақсыз қалар ма еді, егер «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер енгізілмесе?!

Өңірлердегі халықтың бақытына орай,  министрліктің келісімінсіз әкімдердің мәдениет мекемелеріне қатысты дербес шешім қабылдау құзыретінің жойылуы бұл жағдайға  тосқауыл қойды.  Аса бір күрделі проблема осылайша, Арекеңнің мәдениет саласына келіп, батыл шешімдер қабылдауы арқасында  заңнамалық тұрғыдан реттелді.

Театрлар өмірінде де былайғы жұртқа аңғарыла бермейтін күрделі проблемалар баршылық. Мысалы, еліміздегі театрлар бірыңғай репертуарлық саясаттың аясында көркемдік кеңестердің көмегімен заңнамалық негізде реттелетін болды.

Бұл да жылдарға созылған даулы мәселелер болатын. Қарапайым халық арасында бүгінгі өмірді бейнелейтін тартымды қойылымдар жоқтығына сын-сөгіс те көп айтылатын. Театрға баратындардың саны күрт кеміді деп шуладық. Сахналанған қойылымдардың көркемдік сапасы төмен екендігі де сөз болып жататын. Ал, енді, көркемдік кеңес құрылған соң талғамға сай тәуір туындыларға жол ашылады деп үміттенеміз.

Жазушыларға жарыққа шыққан кітабы үшін қаламақы беру мәселесі де шешім тауып отыр. Бұл да өз кезегінде байырғы оқырмандарымызды жас буынмен қоса кітапқұмарлыққа тартуға ықпал етеді деген ойдамыз.

Сол секілді кинематография, бұқаралық спортты дамыту туралы заңдардың жобасы да аталмыш министрдің тұсында жасалды. Ел тарихында тұңғыш рет өткен жылы ғана «Қазақ Елі» атты толықметражды анимациялық фильм түсірілді. Бұл жерде анимациялық кино өнімінің күрделі қиындығын айтып, сөзді созбай-ақ қояйын.

Көрерменін бірден баурап алған Ахан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Рүстем Әбдіраштың «Қазақ елі», «Алмас қылыш» фильмдерінің өзі неге тұрады? Қазірдің өзінде 28 көркем және деректі фильм өндірісте екен. Оның ішінде «Томирис», «Сұлтан Бейбарыс», «Балуан Шолақ» фильмдерімен қатар «Қазақ Елі-2» телесериалы да бар. Мұның бәрі білген жанға осы салада жасалып жатқан игі қадамдар. Барды бағалай білген абзал ғой.

-Қазақстанда үнемі сынға ілігетін, ақсап жатқан бір сала болса, ол туризм шығар. Жалпы, дәл осы салаға ешкімнің көңілі толмайды. Арекеңнің тұсында сыннан көз ашпайтын біздің туризм қаншалықты алға жылжыды?

-Енді, әрекетсіз отыр деуге келмес. Байқауымша, арнайы қабылданған

тұжырымдама бар екен. Онда мәдени-танымдық және этнографиялық туризм ерекше қолға алынып жатқан көрінеді. Мысалы, Mice және Event – туризмді, балалар және жасөспірімдер, медициналық, аңшылық және спорттық туризмді, автотуризмді және караванингті дамыту бағыттарына шейін айқындалғанын тұжырымдамадан көруге болады.

Сондай-ақ,  «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениет», «Алтай маржаны», «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту», «Каспий қақпасы» дегендей өңірлік мәдени-туристік кластерлік дамуы да белгіленген.

Қалай десек те, бүгінгі күні әлем назары Астанаға ауып отырғаны шындық. Әлем елдерінен ағылып жатқан туристердің қарасы да біршама баршылық. Оны қалай жоққа шығаруға болады?

Жуықта «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне орай салынған Этноауыл ұлттық-мәдени кешенінде болдым. Ол жерде халқымыздың тарихи мұраларымен қатар қазіргі күнгі тыныс-тіршілігін айшықтайтын  барлық жәдігерлерді кездестіруге болады. Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар мен туристер сол этноауылда өріп жүр десек артық айтқандық болмайтын шығар. Жалпы, адам қарасы мол. Өз отандастарымыз да қатты қызықтайды екен.

«Нон-стоп» үлгісі бойынша жұмыс істейтін Этноауылда қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің барлық түрлері бар. Ұлттық спорт түрлері дейсің бе, дәстүрлі аңшылық-саятшылық, тағам, ас-су түрлері дейсің бе, бәрін кездестіресің. Ана жолы сонда 200 жүйрік сәйгүлік қатысқан үлкен ат жарысы өтті. Атқұмар жігіттер бір серпіліп қалдық.

Этномузыкалық өнер фестивалі ұйымдастырылды. Көнеден жеткен сазды әуенді құлақтың құрышын қандырып, тыңдау да бір ғанибет. Жалпы, ЕХРО көрмесі өтетін үш айда онда түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырыла бермекші. Мұндай шаралардың ұйымдастырылуы туризм саласын дамытуға елеулі ықпал ететін фактор бола алады деп есептеймін, өз басым.

Жалпы, біз қазіргі заман үлгісімен салынған әсем ғимараттарымызбен әлемді таңдай қақтыра алмаймыз. Өркениетті әлем үшін оның бәрі таңғажайып дүние болудан баяғыда қалған. Шетелден келген туристер үшін біздің көшпенді тұрмыс-салтымыз, киіз үйіміз, ежелгі шаруашылығымыз, ұлттық  зат-бұйымдарымыз, көне музыкалық аспаптармен орындалатын ән-күй ғана қызықты әрі тартымды.

Онымен шет жұртты ғана тамсандырып қоймай өз ұрпағымызды, кейінгі жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеуге мүмкіндік табамыз. Салт-дәстүрін құрметтей білген ұрпақ  ана тілінің де қадірін біліп, оны болашаққа мирас етуге ұмтылатын болады. Осындай игіліктер үшін де жоғарыдағыдай этноауылдар керек. Біздің ұлттық кодымыз басқадан бұрын  салт-дәстүрімізде, төл өнерімізде екенін ұмытпауға тиіспіз. Министрліктің осы мәселеге басымдық бергеніне өз басым разы болдым.

-Мәдениет саласына спорттың да қатысты екені белгілі. Сіз бен біз спорттың белгілі бір саласымен кәсіби тұрғыдан үнемі айналысып, жарып кетпесек те, қызу бәсекені көргенде қанымыз қайнап, қызыл кеңірдек боп айғайға басатын  мықты жанкүйер екендігіміз айдан анық. Олай болса, министрлік туралы әңгіме қозғаған екенбіз, спортты неге сөз етпеске?

-Спорттың да жұлдызы жанған тұстары болады. Айта берді, спорт та өнердің бір құрамдас бөлігі. Оған бап та, бақ та, мемлекеттік қолдау да керек. Кез келген мемлекет спортты тек өнер ғана емес, саясат ретінде алға шығарады. Әлем аренасында туған еліңнің байрағы көтеріліп, әнұраны шырқалғанда рухтанбайтын жан бар ма?

Тәуелсіздік жылдарында қайсар ұлдарымыз бен жігерлі қыздарымыздың арқасында талай жеңісті сәттердің куәсі болдық. Пекин, Лондон, Рио де Жанейро олимпиадаларында көк тудың көтерілгенін көріп, талай мәрте кеудемізді қуаныш кернеді ғой.

Сол жеңістердің біразы осы Арыстанбектің министр болған кезімен тұспа тұс келді. Оны да жоққа шығармауымыз керек. Ең бергісін айтқанда, былтыр ғана өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарында  Қытай, Корея, Жапония, Франция сынды азулы елдердің спортшыларын шаң қаптырып, алға шығып кеткен жоқпыз  ба?

Кеше ғана мен мынандай бір деректі ресми сайттан оқып қалдым. Біздің спортшыларымыз 2016 жылдан бері 718 халықаралық сайыста күш сынасып, 239 алтын, 223 күміс, 298 қола медаль алған екен. Бағалай білейікші, жігіттер, бұл үлкен жетістік. Қазір айналаңызға қараңыз, спорт кешендері мен дене шынықтыру залдары, футбол алаңдары күрт көбейгенін аңғарасыз.

Ал, бокс жанкүйері ретінде айтайын, өз басым алдағы қыркүйектің тоғызында «Сарыарқа» велотрегінде өтетін Қанат Исламның жекпе-жегін асыға күтіп жүрген жайым бар. Мұның сыртында ЕХРО көрмесі аясында 1400-ден астам мәдени және спорттық іс-шараның өтуіне министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мұрындық болып отырғанын ұмытпайық.

-Бәке, өнер қайраткері ретінде өз төл министрлігіңіз тарапынан атқарылып жатқан істерден толық хабардар еткеніңізге рақмет! Жоғарыдағы сұрағымызға қайтадан оралсақ. Сонда, министр Арыстанбек Мұхамедиұлын былайғы жұрт жазықсыз жазғырып жүр деп ойлайсыз ба? Әлде, Арекең тым тұзы жеңіл адам ба?

-Жоғарыда менің мысалға келтіріп отырған жайлардан өзіңіз де аңғарған боларсыз деп ойлаймын. Өз басым біреулер айтқан жел сөзге ермейтін адаммын. Неше жерден жамандап, жермен жексен етіп жатса да белгілі бір тұлға болсын, қатардағы қарапайым адам болсын, оның іс-әрекетіне қарап, жіті танып қана өз бағамды беретін адаммын. «Өтірік өрге баспайды» деген халық даналығына сүйеніп, өзім көз жеткізбеген нәрсеге еш қашан сенбеймін.

Менің ойымша, Арыстанбектің ұйымдастыру қабілеті мен іс тәжірибесі мығым, өзі де еңбекқор елгезек жігіт. Қолынан іс келетін жігіттерді кейде біз жүндей түтіп жібере жаздап, күндеп жүретін жаман әдетіміз бар. «Көп айтса, көнді. Жұрт айтса, болды» деуден аулақ болуымызды  Абай атамыз ескертіп кеткен еді ғой. Ол министр бола ма, жұмыскер бола ма, кім болса ол болсын, адам баласын жазықсыз жазғырудан жаман нәрсе жоқ. Обал-сауап дегенді ұмытпасақ игі еді.

Әр адам жеке бір әлем. Кез келген тұлғаның бойынан мін іздесеңіз, міндетті түрде болмашы бірдеме болса да табасыз. Сынай беру, кінә іздеу бәрінен оңай дүние ғой. Сол сияқты сіз неше жерден жақсы адам болсаңыз да, көреалмаушылық, күндеушілік деген сұрапыл пәле бар кезде жұрттың бәріне жағуыңыз тағы да мүмкін емес.

Бұл тұрғыдан келгенде, Арекеңнің шынайы істің адамы екенін, қулық-сұмдықтан алыстау  екенін, ақ көңілдігі, кейде ойдағысын еш бүкпесіз айтып қалатын адал да аңғалдығының да бар екенін  байқағандай боламын. Оның өзі де түсінген адамға соншалықты жаман үрдіс емес.

Арыстанбек туралы айтарымның бар екенін сөз басында мәлімдегенде мен осы тұсқа ерекше басымдық беріп отырғанымды айта кетуді жөн санаймын.

Мінсіз адам болмайды. Бірақ, болмашы бірдемені зорайтып, арасында оны өтірікпен де тұздықтап, әркімнің соңына шам алып түсе берсек, бізге өзге жұрт жақсы министрін, тәуір азаматтарын шеттен әкеліп бере ме? Қазақта бір тамаша сөз бар ғой, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген.

Ал, мен шынын айтқанда, Арыстанбектің бойынан жамандықтың, иттіктің нышанын көріп тұрған жоқпын. Актер ретінде айтайын, біз  адам танитын жұртпыз. Адамның сыртқы бейнесін ғана емес, ішкі әлемін де көріп, біле аламыз. Бұл бәлкім, кәсіби мамандықтың бізге берген сыйы шығар.

Арекеңнің тұзы жеңіл адам екенін өзіңіз де дұрыс аңғарған екенсіз. Иә, өмірде ниеті таза бола тұра кейбіреулерге іскерлігі мен алғырлығы, қабілеті мен тиянақтылығы үшін де жақпай қала беретін, жазықсыз бола тұра артынан сөз еретін тұзы жеңіл адамдар болады. Бірақ, қоғамға ондай жандардың тигізер зияны болмайды. Түсінген адамға ондай жандардың арам ниеті бола қоймайды. Керісінше, «ішімдегіні тап» деп тымырайған адамдардан және екіжүзді сайқал пәлелерден  сақтануымыз  керек шығар.

 

Талқылау