Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Германияда сауық құрып жүрген шенеунік-магистранттар жазаланды

Германияда ішімдік ішіп, видеоға түсіп қалған магистрант-шенеуніктер оқудан шығарылып, мемлекет тарапынан берілген барлық ақшалай шығынды өтейтін болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

магистранттар

Бұл туралы Жоғарғы соттың сайтында жарияланды. 

"Ағымдағы жылдың 13 қаңтарында You Tube желісінің «БACE» каналында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының (бұдан әрі – Академия) магистранттары аталған бейнематериал жарық көрді. Жарияланыммен байланысты сұрақтарды қарастыру үшін Академияда комиссия құрылды", - делінген ресми мәлімдемеде. 

Бұйрыққа сәйкес Академияның екінші курс магистранттары қатарынан оларды оқытуға жұмсалған бюджеттік шығындар мемлекетке өтеле отырып Басканбаева Дамира Бекболатовна, Джумагулова Айзада Богенбаевна, Ескен Аян Ынтымақұлы, Жеренширинова Асель Маликовна, Жолдасбаев Алишер Канатович, Касымова Зарина Ермековна, Кенжебаев Адлет Оралбекович, Утепбаева Гульжан Маратовна шығарылды.

Екінші курс магистранттары Бисембаев Арсем Даулетовичке, Жанаев Ерлан Дулатовичке, Мамираимова Асель Сайлаубайкызына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

"Бұйрықта көрсетілген барлық магистранттар 2019 жылдың қарашасында шетелдік жоғары оқу орнында тағылымдамадан өту барысында Академия, сот жүйесі қызметкерлері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің имиджіне нұқсан келтіретін әдептен тыс мінез-құлық көрсетті", - деп жазылған бұйрықта. 

Білім алушылар (оқудан шығарылған сегіз магистрант) спирт ішімдіктерін ішу орын алған Висмар қаласының (ГФР) жатақханасында  жағымсыз мінез-құлыққа жол берген. Сол арқылы олар Академия магистранты мен мемлекеттік қызметшінің моральдық-әдептілік тұлғасына сай емес, соның ішінде төсектің үстінде қолына бөтелке ұстап секіру және билеу, жағымсыз сөздер айту («Мен барлық сұрақтарды шешемін!» және т.б.), үстелге, орындыққа міну және басқа әрекеттер жасапты. Мұның барлығы аталған оқиғаның қатысушыларының ұжымдық мақұлдауымен болған.

Мұндай әрекеттерге жол беру орынды емес деп есептеледі, себебі Академияның әрбір магистранты мемлекеттік биліктің беделін арттыруға, мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге міндетті.

Аталған Академияның 27 және 39 жас аралығындағы сегіз магистранты мемлекеттік қызметші және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бола отырып, ант берген және 3 жылдан 14 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар.

Бұл олардың аталған әрекеттердің шет елдің жатақханасында болып жатқандығын, мұндай әрекеттер көрсетілген видеоматериалды түсіру мен БАҚ-та тарату мемлекеттік қызмет жүйесіне нұқсан келтіретіндігін түсінетіндігі жайлы тұжырым жасауға негіз бола алады.

Сегіз магистранттың ешқайсысы аталған әрекеттердің мемлекеттік қызметшінің мәртебесіне сай еместігін біле тұра әріптестерінің тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кеспеді және оларды болдырмау жөнінде өзге шараларды қабылдамады.

Youtube желісіндегі зерттелген бейне- және фотоматериал бір тәуліктің ішінде 90 мың шамасында қаралған, 1 мыңнан астам пікір қалдырылған, олардың 2/3-і жағымсыз сипатта екен. 

Бұған дейін Әділет академиясы магистранттарының Германиядағы көңіл көтеру кеші желіде таралғаны айтылған еді. 

  

 

Талқылау