Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Газадағы гуманитарлық дағдарыс: Тұрғындар мал азығы мен күрішті қорек етіп келеді

Газа секторының солтүстігіндегі тұрғындар балалардың бірнеше күн бойы тамақтанбағанын айтып дабыл қағып жатыр. Себебі гуманитарлық көмектің елге кіруіне тыйым салынған. Кейбір тұрғындар аман қалу үшін мал азығын ұнға тартып, қорек етіп келеді. Алайда ол қор да таусылуға жақын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Фото: BBC

Біріккен Ұлттар Ұйымы анклавтың солтүстік бөлігіндегі кішкентай балалардың 15%-дан астамы ұзақ уақыттан бері тамақтанбағанын ескертеді.

БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру кеңсесінің хабарлауынша, Израиль әскерлері гуманитарлық көмектің қалай және қайда жеткізілетінін анықтап, оның келуіне барынша кедергі жасап жатыр. 

Ведомствоның мәліметінше, солтүстік аймақтарда тұратын 300 мың адамға көмек жетпесе, аштыққа ұшырау қаупі жоғары.

Газаға көмекке қол жеткізуді үйлестіру міндеті жүктелген израильдік әскери шенеунік Даниэль Хагари Газада ашаршылық жоқ екенін айтып, гуманитарлық көмек көлемін шектемейтінін бірнеше рет мәлімдеді. 

Ал Газа қаласы мен Бейт-Лахияда тұратын жергілікті медицина қызметкері Махмұд Шалабидің айтуынша, адамдар мал азығын ұнға айналдырып жатыр. Тіпті оның өзі таусылуға жақын. 

"Адамдар оны базардан да таба алмай жатыр. Ол біз тұратын аймаққа жақын маңда да қолжетімді емес", – деді ол. 

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Израиль әскерінің солтүстікке қарай бара жатқан соңғы бес көмек колоннасының төртеуін тоқтатқанын айтты.



Ашаршылықтың ауыр зардабы сезіліп жатыр

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының аймақтық директоры Мэтт Холлингворттың айтуынша, Газаны жоғары деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз етпесе, ашаршылық қаупі төніп тұр. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық істерді үйлестіру кеңсесінің хабарлауынша, Газаның солтүстігіне жеткізілуге тиіс көмектің 56%-ы қайтарылған. 

Фото: BBC

Бейт Лахияның жергілікті тұрғыны, төрт баланың анасы Духа әл-Халидидің айтуынша, екі апта бұрын Газа қаласындағы әпкесінің үйіне тамақ іздеп, 10 шақырымдай жаяу барған. Ол кезде балаларының нәр татпағанына үш күн болған екен. 

"Менің ақшам жоқ, тіпті бар болған күнде де қаланың басты базарында ештеңе қалмаған. Әпкем мен оның отбасы да қиналып отыр. Мен барғанда үйіндегі соңғы макаронын бөлісті", – деді тұрғын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше агенттіктерінің бағалауы бойынша, Газаның солтүстігіндегі тұрғындардың үштен біріне жуығы қазір азық-түлік тапшылығына тап болды. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Газаның солтүстігінде су тапшылығы да сезіледі. Олар су ішіп, жуыну үшін жерді қазуға мәжбүр. 

Айта кетейік, бұған дейін Израиль премьер-министрі әскеріне алдағы шабуыл аясында Рафахтағы миллионнан астам адамды эвакуациялау жоспарын құруды тапсырғаны туралы жазған едік. 

Талқылау