Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Уәде беріп, сазға отырғызып кетті": Еркін Рақышев өзін алдап кеткен министрге өкпесін айтты

Танымал кинорежиссер Еркін Рақышев өзінің неге үлкен экраннан көрінбей кеткендігі жайлы және қазіргі киноның хал-ахуалын бағамдап, министрлерден көрген қорлығы туралы бүкпесіз шындығын Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Қазақ киносы мен «Қазақфильмнің» қазіргі хәл-ахуалы қалай?

Біржақты кесіп айтуға болмайды. Себебі, жақсы жағы да, бар жаман жағы да бар. Бұдан 7-8 жылға қарағанда «Қазақфильм» көбірек кино түсіре бастады. Алға жылжу бар. Бірақ дұрыс бағытта емес. Себебі, соңғы жылдарда «Қазақфильмге» бөлінген ақшаның басым бөлігі президент жайлы киноға кеткен. "Қазақ хандығы" түсірілгенде 5 млн доллар таппай сабылған едік, ал сол кезде елбасы туралы шыққан киноға 50 млн доллар бөлді. Әділдік көріп тұрсыз ба? 

Қазіргі шығып жатқан кинолар жайлы пікіріңіз қандай? Әншілер де түсіріп кетті.

Нарықтық экономикада жеке киностудиялардың кино түсіріп, прокатқа шығуы заңды. Бұл жерде ең бастысы сапа. Ал жақсы сапа болу үшін сан болуы керек. Өйткені, түсірілген кино көп болса, сапа да арта түседі. Қазіргі күнде сан бар. Енді бізге сапа керек. Сапалы дүние шығару үшін режиссер мықты дарын иесі болу керек, екінші қаражаты болу керек. 

Қазақ киносы отызға кеп тұрмысқа шыға алмай отырған қыздар тақырыбынан ары аса алмай отырған сияқты...

Әлемді жаулап жатқан түрік, кәріс кинолары осы этаптардан өткен. Қазіргі қазақ киноларының даму сатысы тәжірбие алмасу деңгейінде деп айта аламыз. Біз тарихи киноларға назар аударуымыз керек. Екіншісі, әлемдік деңгейге шығуды көздеу керек.

Қазіргі режиссерлерден кімнің жұмысына көңіліңіз толып, кімді мойындайсыз?

Еркін Рақышевті (күліп). Бюджетімнің аздығынан көп кино түсіре алмаймын. Дегенмен халық көретін кино түсіріп жүргеніме мақтанамын. Қаншалықты қиындықпен түсіріп жатқанымды елдер білмейді. Жақында ғана жапондықтармен бір ірі киноның түсірілім жұмыстарын бітірдік. Бірақ толықтай аяқтауға ақша таппай, Мәдениет министрімен айтысып жүрмін. Мәдениет министрі маған киноңды қаржыландырамын деп уәде берген. Мен оған сеніп, елдерден қарыз алып, соңында сазға отырғызып кетті. 

Сіздің режиссерлік қабілетіңізді сынап жатады. Оқымаған, кинолары тек ауыл-аймақтағыларға арналған деп. Осы пікірлерді қалай қабылдайсыз? 

Мұндай пікірлерге философиялық тұрғыдан қараймын. Бәрін жерден алып, жерге салудың қажеті жоқ. Бәріне ұнау міндет емес. Әр нәрсенің өзіндік жақсы жақтары да бар. Мен ондай кісілерге ренжімеймін. Оларға: оптимист бол, тырнақ астынан кір іздегенше, жақсысын асырмайсың ба деп айтамын. Әркім өзінің деңгейіне қарай бағалайды. Оның деңгейі жақсылықты көрмейді. Қандай қиыншылықпен келген дүние екенін білмейді. Алдымен мендей болып кино түсірсін, сосын сынай берсін. 

Қазір кино түсірмей кеттіңіз. Мәселе ақшаға тіреліп тұр ма? Әлде дауыл алдындағы тыныштық па? 

Деректі фильм түсірумен айналысып кеттім. Содан халық көрінбей кетті деп ойлайды. Алдағы уақытта 16 сериялы «Азаттық» деген тарихи сериал түсіруді көздеп отырмын. Туындыда 50 жылдық қазақтың тарихы, оның ішінде Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама жайында сөз болады. Қалай қолыма қаражат тиеді, жобаны солай бастап кетеміз.

 

Cұхбаттасқан: Жанна Мәлік

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр