"Енді тумашы!": Анасынан енді балалы болмауды өтінген қыздың видеосы желіде талқыға түсті
Видеодан скриншот
Қазақстандықтарды жасөспірім қыздың ата-анасынан енді балалы болмауын өтінген видеосы қатты толқытты. Қыздың өтінішінен кейін желідегілер отбасыдағы үлкен балаларға жиі ауыр жауапкершілік жүктелетінін айтты. Психологтар да балаға бала бақтыру, үй шаруасына жүктеу күйзеліске және жүйке ауруына әкеледі дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде Талшын есімді қыздың анасына енді босанбауын өтінген видеосы тарады. Ол өзінен кейінгі іні-сіңлілеріне қараудан шаршағанын, демалыста жай ғана әжесінің ауылына баруды армандайтынын айтады.
“Қолыңнан келсе туа бермеші, болды! Осылардың кесірінен ауылға бара алмаймын. “Сен керексің маған, мына жаққа да керексің, анда да керексің” дейсіздер. Тумаңызшы болды. Осының өзі жеткілікті маған. Студент болам болды, әрі қарай тұрмысқа шығам. Бір бала туам, соны қараймын, болды”, – деп жылады қыз.
Қыздың анасы бұл реакцияның күтпеген жерден болғанын мойындайды.
“Үлкен қызым кішілерге көмектеседі. Бірақ бұл мәжбүрлі түрде емес, қызымды мәжбүрлеу деген жоқ. Барлығы өзара істеледі. Дәл сол видеода бәрі эмоциямен болды, себебі қызым әжесіне барғысы келді... Адамдар негативті пікір жазып жатыр, бірақ мен ренжімеймін, себебі бізде қандай жағдай болып жатқанын ешкім білмейді”, – деді қыздың анасы Әлия Оралымбекова.
“Қыздың жүйкесін жұқартыпсыздар”, “Өзіңіз тудыңыз ба, өзіңіз қараңыз”, “Баланы балалық шағынан айырмаңыз. Оның өз жеке өмірі бар. Ертең балалы болғысы келмей қалады”, “Сізге күлкілі, бірақ қыз расымен шаршаған” деп жазды желідегілер.
Психологтар жасөспірімдер жауапкершіліктің қысымына ұшырайтынын айтады. Өйткені дәл осы кезеңде тұлға, орталық жүйке жүйесі, эмоционалды интеллект қалыптасады.
“Өзінен кейінгі іні-қарындастарының тәрбиесіне көп уақыт бөлетін мұндай балалар не тым қорғаншы, не бақылаушы, не жауапкершіліктен қашатын адамдар болып өседі. Бұл олардың жеке өміріне кері әсер етеді”, – деді психолог Анастасия Утинанс.
Көп балалы отбасыларда үлкен балалар көбіне "екінші ата-анаға" айналады, ал өз қалауы көлеңкеде қалады дейді.
“Қазақстан қоғамындағы қарама-қайшылықтар бірден көзге түседі. Яғни, бір жағынан қыз бала отбасында көмекші, анасына көмекші ретінде көрінеді, бұл – танымал дәстүрлі аспект. Ал екінші сұраныс – бұл балалық шақты қайта қарау туралы сұраныс, өйткені бізде қазір Z буыны ата-ана бола бастады, ал заманауи ата-аналар көбіне бұл мәселеге анағұрлым саналы қарайды.”, – деді әлеуметтанушы, ішкі саясат сарапшысы Расул Қоспанов.
Сарапшылар отбасылық жауапкершілік, балалардың әл-ауқаты және құқықтары мәселелеріне ата-аналардың жас буыны басқаша қарай бастағанына сенімді. Ал мұндай ата-аналар тәрбиелеген балалар өз мүдделері мен жеке шекараларын қорғаудан қорықпайды.

Соңғы бес жылда 1,5 миллиардқа жуық теңгеге 47 мультфильм түсіріліп, тек төртеуі экранға шыққан
