Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дер кезінде байқамады": Ақтөбе тұрғыны қызының мүгедек болғанына дәрігерлерді айыптады

Ақтөбе тұрғыны 2 жылдан бері жаңа туған нәрестесінің сарғайғанын байқамаған дәрігерлерді жазалауға тырысып келеді. Әйелдің айтуынша, уақыт өте келе ауру ауыр асқынуларға алып келген. Қыз мүгедек болып қалды, оған церебралды сал ауруы диагнозы қойылды. Осыдан кейін анасы полицияға арыз жазды, бірақ осы уақыт ішінде іс орнынан жылжымаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Раушан Мұстафаева екінші қызын 15 жыл күткен. 2019 жылы кішкентай Амина дүниеге келді. Әйел жүктілікті оңай өткізген, бала толығымен сау дүниеге келді. Ал ауруханадан шыққаннан кейін нәресте сарғайып кеткен. Ата-анасы дабыл қағып, жергілікті педиатрды шақырған. Бірақ дәрігер балада билирубин деңгейін өлшемей, тек ауызша ұсыныстар беріпті. Қыздың жағдайы нашарлай берген. Ауруханаға түскен кезде оның қанындағы билирубин мөлшері нормадан 5 есе жоғары екені анықталған.

"Қалалық балалар ауруханасына түскен кезде қабылдау бөлімінде бізге билитест көрсетіп, маңдайына 1130 қойды. Медбике мен дәрігер Ахтанова билирубинді уақытында өлшемеді, бұған назар аудармады", - деді Раушан.



Өте кеш анықталған сарғаю қыздың денсаулығына қатты әсер етті. Үш айлығында оған церебралды сал ауруы диагнозы қойылды. Жүргізілген тексерулер қорқынышты диагноз жаңа туылған нәрестелердің патологиялық сарғаюының салдары болғанын растады. Баланың ми қыртысы зақымданған. Анасы полицияға арыз жазып, жергілікті педиатрдың жауапқа тартылуын талап етті. 2 жылға жуық уақыт өтсе де іс сотқа жетпеген.

"Біз 4 медициналық сараптама жасадық, 3-ін осында өткіздік. Олар бізге иә, бала шынымен зардап шекті, еңбекке жарамсыздықтың 75%, денсаулыққа ауыр зиян келгенін растады. Іс үнемі жабылады. Мен шағым жаза бастасам, іс қайта ашылады. Азаматтық тәртіпте шешуді ұсынады. Егер бізде 317-бап 2-тармақ болса, неге азаматтық тәртіптіке барамын. Бұл қылмыстық іс, денсаулыққа ауыр зиян келтірді", - деді шырылдаған ана.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында осы оқиғадан кейін №2 қалалық емханада қызметтік тексеру жүргізгенін айтты. Амбулатория меңгерушісіне сөгіс жариялап, учаскелік дәрігерді жұмыстан шығарды.

"Қателік учаскелік дәрігер тарапынан болды. Ол байқамады, сарғайған сәтті жіберіп алды.  Учаскелік дәрігер жұмыстан босатылды", - деді Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Куштаева.

2019 жылы қозғалған іс жабылған, полиция бұл жағдайға алдағы уақытта түсініктеме беретінін мәлімдеді. Соған қарамастан, кішкентай Аминаның отбасы бұл істі сотқа жеткізіп, барлық дәрігерлерді жазалайды деп үміттенеді.

Гүлдана Қазтай
Сейсенбі, 01 Маусым, 2021 13:37
Талқылау