Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев сот отырысында судьяға телефонының құпиясөзін айтты

Әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша кезекті сот отырысы жалғасып жатыр. Айыпталушы біршама қарсылықтан кейін тергеу үшін телефонының құпиясөзін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары айыпталушы құпиясөзді айтуға дайын екенін мәлімдеді. Бишімбаев сот хатшысына құпиясөзді жазып берді. 

“Бишімбаевқа тиесілі IPhone 13 pro телефонын тексеру басталды”, – деді судья Айжан Көлбаева.

Алайда WhatsApp желісін ашатын кезде “қосымшаны жаңарту керек” деген хабарлама шығып, ашылмай қойды. Осыдан кейін сот фото-видеоларды қарауды бастады. 

Бұған дейін Бишімбаев судьяға телефонының құпиясөзін айтпай қойған еді. Ол адвокаттарына ғана құпиясөзді айтуға дайынмын деп мәлімдеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де Бишімбаевтың телефонын аша алмады. 

Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау