Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бибісара Асаубаева қазақша жауап беруден бас тартқаны үшін сынға қалды

бибісара асаубаева

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева журналиске қазақ тілінде жауап бермегені үшін сынға қалды. Анасы қызының тіл үйреніп жатқанын айтып, ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстандық гроссмейтерге сұхбат барысында журналистердің бірі қазақша жауап беруді сұраған. Алайда ол бас тартты.

“Жоқ, айта алмаймын”, – деді ол. Неге? деп нақтылаған кезде “Жоқ” деп қысқа қайырды.

Осыдан кейін желі қолданушылары шахматшының қылығына наразы болды. 

“Не масқара мынау? Көзін алартып, бір сөз айтсаң болады ғой”, Ағылшын және орыс тілдерін жетік біледі. Әлемдегі ең мықьы шахматшылардың бірінің есте сақтау қабілеті жақсы, бір-екі сөзді үйреніп алуға мүмкіндік бар шығар?! Жай ғана керек етіп тұрған жоқ. Ол басқа ұлт болса, жарайды, бірақ ол қазақ, оның қанында болуы керек!” деп жазды желідегілер. 

Алайда оны қолдағандар да табылды. Сөздерінше, қазақ тілінде сөйлемесе де, Қазақстанның туын асқақтатып жатыр.

Бибісараның анасы Лиана Таңжарықова әлеуметтік желідегі сынға жауап берді.

“Бибісара орыс, ағылшын тілдерін жетік біледі. Қазақ тілін үйреніп жатыр. Бибісара Қазақстан бойынша бірінші орынға ие және ол зияткерлік шахмат спорты бойынша елімізді әлемдік аренада көрсетіп жүр. Оның парақшасында басқа ел оқырманы көп. Сіздердің өшпенді пікірлеріңіз “қазақтар осындай” деген пікір тудыруы мүмкін”, – деді анасы.

Ол қазақтар бір-бірін қолдауы керек деген ой айтты.

“Біздің ұлттық кодымыз мүлде басқа. Біз мейірімді, тәрбиелі халықпыз. Біз әрқашан бір-бірімізді қолдаймыз. Қазақ деген осындай. Əрине, сіздерге бәрібір шығар, бірақ мен осындай кезде шын жүректен ұяламын. Сондықтан жақсылықта, бейбітшілікте өмір сүруге және адамдарды сүюге, ортақ елімізді әлемдік аренада танытатын азаматтарыңызды сүюге шақырамын. Жүрегіңізде тыныштық болсын және қазақтар әлемдегі ең жақсы халықтардың бірі екенін есте сақтаңыз”, – деді Лиана Таңжарықова.

Бибісараның өзі де қазақ тілін меңгеріп алатынын айтты.

"Көпшілігі мені қорлағаны үшін сотқа беруге кеңес берді, бірақ мен олай етпеймін. Бұл адам онсыз да бақытсыз. Қоғам да,  әрқайсымыз да сияқты мінсіз емеспіз. Қолдауларыңызға көп рахмет, мейірімді адамдар әрқашан көбірек болады. Бұл мен үшін өте құнды. Ал жек көретін адамдар да мейірімді болады деп үміттенемін. Мен қазақ тілін үйреніп аламын, мойындамаңыздар”, – деді ол.

Шахматшы көпшілікке өз өмірін реттеуге кеңес берді.

“Жақында мен маңызды турнирде ойнаймын, соған назар аударуым керек. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, шахмат әлемінде еліміздің атынан шығып жүрмін, оны абыроймен атқаруға тырысамын. Барлығына сәттілік", – деді Асаубаева.

Еске салсақ, бұған дейін қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді “қазақшасөйлешник” деген қоғам белсендісі көптің сынына ұшыраған еді.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 16:04
Талқылау