Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бетонға соғылуы жарылуға себеп болды": Сарапшылар Оңтүстік Кореядағы ұшақ апатында өлімге әкелетін факторларды атап өтті

Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында апатқа ұшыраған Jeju Air ұшағы жағдайды нашарлатып, өлімге әкелетін бірнеше факторларға тап болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The New York Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Kim Soo-hyeon / Reuters

Бұған дейін, Бангкоктан шыққан ұшақ 29 желтоқсанға қараған түні апатқа ұшыраған еді. Шассидің істен шығуына байланысты ұшақ фюзеляжға қонып, ұшу-қону жолағы бойымен сырғанап, бетон конструкцияға соғылып, жарылып, өртенген.

Бортта 181 адам, оның ішінде алты экипаж мүшесі болған. Апаттан екі әйел ғана аман қалып, құтқарылды.

Бұл Оңтүстік Кореядағы ең ауыр әуе апаты болды.

Билік өкілдерінің айтуынша, ұшқыш әуе кеңістігінде құстардың пайда болғанын айтқан. Екі минуттан кейін ол бақылау мұнарасына құстардың соққанын және төтенше жағдай болатынын хабарлаған. 

Ұшқыш "айналмалы маневр" жасайтынын, яғни бірінші қону әрекетін тоқтатып, екіншісіне дайындалу үшін ауада айналатынын жеткізген. Алайда, ол толық шеңбер жасамай, бір минут ішінде ұшу-қону жолағына жақындған. Ал үш минуттан кейін ұшақ бетон конструкциямен соқтығысып, жарылған. 

Корея авиациялық қауіпсіздік қауымдастығының төрағасы Хван Хо Вонның сөзінше, ұшқыштың қонуға неге сонша асыққаны үлкен сұрақ туындатып тұр. 

"Шассидің істен шығуына байланысты фюзеляжға қонар алдын ұшқыштар әдетте қонуға асықпайды. Олар жанармай төгіп, жердегі персоналға төтенше жағдайға дайындалуға уақыт береді. Алайда, бұл жағдайда ұшқыш уақыт жоқ деп шешкен секілді. Екі қозғалтқыш істен шықты ма? Осыншалықты асығыс қону туралы шешім қабылдау адам қателігінің салдары болды ма? Белгісіз", – дейді Хван Хо Вон. 

New York Times басылымының мәліметінше, рейс өз уақытынан жарты сағатқа кешігіп ұшқан. Ал ұшқыштың жеті мың сағатқа жуық ұшу тәжірибесі болған.

Кореяның ашық кибер университетінің қоғамдық қауіпсіздік профессоры Пэк Сын Чжу қозғалтқыштың ақауы шассидің ақауына әкелмейтінін атап өтті.

“Бірақ бұл жағдайда бұл екеуі де болуы мүмкін.  Бұлл ұшқышты минут ішінде фюзеляжға қонуға мәжбүр етті”, – дейді профессор. 

Қайғылы жағдайға себеп болған тағы бір фактор Муан әуежайындағы ұшу-қону жолағының ұзындығы. Әдетте бұл 9,2 мың фут (2,8 км). Бірақ апат күні құрылыс жұмыстарына байланысты 8,2 мың фут (шамамен 2,5 км) болған. 

Билік бұл қашықтық Boeing 737-800 қонуы үшін жеткілікті екенін айтты. Бірақ апатқа ұшыраған ұшақ ұшу-қону жолағына әдеттегіден ұзағырақ қонды.

Фото: Kim Soo-hyeon / Reuters

Кейбір сарапшылардың пікірінше, егер ұшу-қону жолағының соңында ұшқышқа қонуға бет алу жолын дұрыс ұстауға көмектесетін бетон локализатор антеннасы болмаса немесе ол неғұрлым берік бекітілсе, қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын еді. Бір жағы осы құрылымға соғылу, оның жарылуына себеп болды дейді сарапшылар. 

Оңтүстік Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің авиациялық саясат жөніндегі директоры Джу Джонг-Ван антенна ережелерге сәйкес орнатылғанын, оның айналасында топырақ қоршау бар екенін жеткізді. Дегенмен Оңтүстік Корея үкіметі талаптарды ықтимал қайта қарауды қарастыруды жоспарлап отыр екен.  



Сондайақ тағы бір сарапшылар ұшақтың проблемалары бетон конструкциясымен соқтығысқанға дейін басталғанын айтты. 

Авиация сарапшыларының пікірінше, ұшқыш қону кезінде қозғалтқыштар мен шассилерді басқара алмаған. Ұшақта жылдамдықты төмендетудің тағы бір құралы қосылатын қақпақтар іске қосылмаған сияқты, дейді олар.

Фото: Kim Soo-hyeon / Reuters

Оңтүстік Корея университетінің авиация сарапшысы Хюнгвун Джей Ю. Юнг егер бір қозғалтқыш құстың соғуына байланысты істен шықса, ұшқыш басқа қозғалтқыштың қуатын пайдаланып шассиді түсіру үшін гидравликалық сорғыны басқара алатынын айтты.

Сарапшылардың айтуынша, екі қозғалтқыш істен шыққан жағдайда да шассиді қолмен түсіруге болады. Бірақ қонуға асыққанды ескерсек, ұшқыштың бұған уақыты жетпеген болуы мүмкін.

"Мұндай сұрақтарға олар ұшақтың ұшу жазу құрылғысына қарамайынша жауап бермейді", – деді Юнг мырза.

Ұшу жазу құрылғысы немесе "қара жәшік" табылды. Бірақ ол ішінара зақымдалған, сондықтан деректерді қалпына келтіру үшін уақыт қажет болуы мүмкін, деді Джу Джонг-Ван.

Еске салсақ, бұған дейін 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяда ұшақ апаты болғаны айтылды. Апаттан 179 адамның мерт болғанын жазған едік.

Талқылау