“Не үшін тудық, не үшін бақтық?”: Ата-ананың балаға өзін асырау міндетін жүктеуі қазақстандықтар арасында қызу талқыланды

Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған
Желіде қазақстандықтар арасында “бала ата-ананы асырауға міндетті ме, ал ата-ана баланың мойнына осындай жүк артқаны дұрыс па” деген сауал қызу талқыға түсті. Үлкендер “бағып қаққан ата-анасының еңбегін ақтау керек” десе, жастар керісінше, “балалардың аяққа тұрып, өз өмір жолын жасауы керек” деген пікір айтты. Қазақта әр отбасы баласын ізімді жалғаушы деп атаған. Дегенмен ата-ананы асырауды баланың мойнына жастайынан арту дұрыс па? Stan.kz тілшісі маманнан сұрап көрді.
Желіде қазақстандықтар арасында “Бала 18-ге толғаннан кейін ата-анасын асырауға міндетті ме?” деген сауалнама жүргізілген. Мұнда ересектердің көбі “иә” деп жауап берген.
“Әрине, міндетті. Оны сен бағасың, асырайсың. Енді ол да бақпаса қалай?”, “Баланы 18 жасқа дейін өсірдік, бақтық қақтық. Ал кәмелет жасқа жеткесін әке-шешесін бағуға міндетті деп ойлаймын”, “Енді не үшін бақтық, не үшін тудық?”, “Біздің қазақта міндетті ғой негізі”, “Баланы анасы қарауы, кейін анасын бала қарауы өмір бойына міндет деп санаймын”, – деді жұртшылық.
Тағы бір тарап мынадай пікір айтқан.
“18-ге толған бала ата-анасын асырауға міндетті емес. Себебі ол ата-анасын асырауы үшін бірінші өзінің жағдайын жасап, білім жинауы керек. Бәлкім ескі буын солай ойлайтын шығар”, “Міндетті емес бала “мені өмірге әкел” деп ешкімнен өтінген жоқ”, – деді жұртшылық.
Фото: Желі кадрларынан скрин
Желіде жастар да бұл мәселеге байланысты өз ойларын айтып қалды.
“Әке-шешеңе ешқандай жағдайда ақша берме. Егер сен оларды аяп, мән бермесем олар дымсыз қалады деген аяу сезімі болып тұрса бұлай көмектесудің қажеті жоқ. Психологтар да “ата-анаңа бермей, бірінші өзіңді қамтамасыз ет” деген кеңестерді айтады. Себебі әркімнің өз несібесі бар. Бала бала болып қалуы керек. Ата-ананы аяйтын сен емес, керісінше ата-ана емес бала орнында қалу керек”,- деді қазақстандық.
Осы тұста жастар ата-ананың “балам асырауы керек” деген талабы оның отбасылы болған кезінде де үлкен мәселелерге алып келетінін алға тартты. Әсіресе бұл ата-ананың баласын бөлек жібермеуі, мойнына одан да үлкен міндет артуы әрекеттерімен білінеді екен.
“Бірақ қазіргі қоғамда, балалардың көбі өз ата-анасымен тұрғысы келмейді. Өйткені өздері оларға шыдамайды. Сол себептен өзіңізге “мен өз ата-анамды асырай аламын ба деп”, сұрап көріңіз. Жауап негативті болса, онда ата-анасы тұралы әңгімені қозғамай-ақ қой”, “Өздеріне қарауға қауқары жетпей жатқан ата-анаға қарау деген дұрыс қой. Ал әзірге күш-қуаты бар өздерінше өмір сүре алатын болса бөлек одақ болып шыққан дұрыс. Кейін қарау керек шақта ешкім әке-шешесін тастап кетпейді”, “Шынымен қазақтарда әсіресе көбіне ата-анасы баласына табынып кетіп, барлық мәселесін артып қояды. Болмаса, өмірге алып келгенін міндетсінеді”, – деп жазды жас буын.
“Ата-анаға қамқор болу жүрек қалауынан туындауы керек: Міндеттен емес”
Осы тұста психолог Айдана Белгібай қазақ қоғамында ата-ананы қадірлеу, жасы үлкенге қызмет ету секілді құндылықтар бала санасына ерте жастан сіңірілетінін алға тартты.
“Бірақ бұл ұғым міндет, жауапкершілік пен махаббаттың ара жігін шатастырып жібере алады. Егер бұл түсінік “балам міндетті” деген сеніммен қалыптасса, онда ол эмоционалды қысымға айналады. Ал баланың шынайы ниетімен көмек көрсетуі бұл тәрбиенің де, мәдениеттің де үйлесімді нәтижесі. Сондықтан қазіргі заманда бұл ұғымды психологиялық шекарамен, баланың жеке шешім құқығымен үйлестіре отырып қарастыру маңызды.
“Баланың міндеті – ата-ананы бағу” деген түсінік қазақ қоғамында терең тарихи-мәдени тамырмен байланысқан. Бұл сенім ұрпақтың үлкенге құрмет көрсетуі, ата-ананың ақ батасын алуы сияқты құндылықтармен сабақтасып келеді. Дегенмен, бұл түсініктің адам психологиясына оң да, теріс те әсер етеді”, – деді маман.
Психолог осы тұста жеке шекараны сақтау өте маңызды екенін алға тартты.
“Ата-анаға қамқор болу – адамның жүрек қалауынан туындауы керек. Ал егер бұл үнемі “міндетің” деп айтылса, эмоционалды қысымға айналады. Ересек балада кінә сезімі, борышты өтеу мәжбүрлігі пайда болуы мүмкін. Бұл оның жеке өміріне, таңдауларына кедергі келтіреді. Кейбір жағдайда бала “өз өмірін емес, ата-ананың үмітін” жүзеге асыруға тырысып, ішкі күйзеліс, қанағатсыздық сезімін бастан кешіреді. Яғни ата-ананы сыйлау мен бағу мейірімнен туындаған әрекет болғанда ғана баланың да, ата-ананың да психологиялық саулығына пайдалы болады. Ал міндеттеу, қысыммен күту арадағы байланысқа сызат түсіреді”, – деп қосты Айдана Белгібай.
“Бала өзін кінәлі сезінбес үшін не істеуі керек?: Психолог кеңестері”
Маман осы тұста ата-ана баладан жасы, жағдайы, табысы мүмкіндік беріп тұрса ғана көмек сұрауы қажет екенін тілге тиек етті.
"Біз сені өсірдік, енді сен бізді асырауға міндеттісің" деу – эмоционалдық қысым жасау. Ата-ана өз жауапкершілігінен бас тартып, баланы қаржылық немесе моральдық тірек етпеуі керек. Егер олар үнемі үлкен талаппен баладан қаржылық қолдау сұраса, баланың жеке дамуына, отбасына, мансабына кері әсер етеді. Кейбір адамдар ата-аналарын асырамаса, өзін кінәлі сезінеді. Бұл сезім қайдан қалыптасады? "Жақсы бала ата-анасын бағып-қағуы керек" деген сенім балаға ерте жастан сіңіріледі. Нәтижесінде, жеке өмірді таңдаса, өзін опасыз, жаман бала сезінеді. Бұл эмоциялық манипуляцияның салдары”, – деді ол.
Осы тұста психолог екі тарапқа да мынадай кеңестерін ұсынды:
Ата-анасына көмектескісі келетін, бірақ өзі де қаржылық қиындық көріп жүрген жастарға кеңес:
- - Алдымен өз қаржылық тұрақтылығыңызды қалпына келтіріңіз. Бұл кейін ата-анаға тұрақты көмектесуге мүмкіндік береді;
- - Көмек міндет емес, мүмкіндік пен ниет болуы керек;
- - Ата-анаға басқа қолдау түрлерін ұсынуға болады: уақыт бөлу, тұрмыстық көмектер, қамқорлық;
- - Шекараны сақтап, өз ресурсыңызды сарқып тастамаңыз.
Баланс сақтау үшін ата-ана да, бала да не істеуі керек?
- - Ата-ана баланы дербес тұлға ретінде қабылдауы қажет. Қолдау сұраса, қысымсыз айтуы керек;
- - Бала өзін кінәлі сезінбей эмоциялық және материалдық шекараны нақты белгілеуі керек;
- - Екі тарап та ашық диалог жүргізіп, өз сезімі мен мүмкіндігін шынайы айтуы қажет. Қарым-қатынас жақсы көру, құрмет және еркіндікке құрылуы керек.
“Не үшін тудық, не үшін бақтық?”: Ата-ананың балаға өзін асырау міндетін жүктеуі қазақстандықтар арасында қызу талқыланды