"30 минутқа созылады, тез келемін деген еді": Астанада көзіне лазерлі ота жасатуға барған жалғызбасты ана қаза тапты

Фото: pixabay.com
Желіде астаналық тұрғын өз аяғымен көзіне жеңіл лазерлі ота жасатуға барған анасының кенеттен қаза тапқанын баяндады. Айтуынша, 30-40 минутқа ғана созылатын ота алдында анасында ешқандай кері көрсеткіштер болмаған. Алайда отаға 1 сағат қалғанда дәрігерлер тағы бір диагноз қосып, сол бойынша жасайтындарын айтқан. Жалғызбасты анасының артында қалған 3 жасар бауырын қамқорлығына алып жатқан Ақерке Әкімханова Stan.kz тілшісіне оқиғаны баяндап берді.
24 жастағы Ақерке отбасында тұңғышы.
“Отбасымда анам, сіңлім мен інім, төртеуіміз ғана. Анам – жалғызбасты. Ол екі бауырыммен бірге тұратын. Ал мен тұрмыстамын. Сіңлім 20 жаста, кіші інім үш жаста. Анам кіші інімді “психикалық дамудың тежелуі” бойынша орталықтарға апарып емдетіп жүрген. Сөйтіп жүргенде өзінің көзінің тор қабатының ажырауымен мәселелер пайда болды. Сол бойынша портал арқылы кезекке тұрды. Отаға дейін барлық сараптамадан өтіп, жүрегін тексерткен”, – деді ол.
“Анамнан айырылдым: Дені сау адам өз аяғымен клиникаға барды”
Оқиға 31 қазан күні болған. Ақеркенің анасы кішкентай інісін қарауды өтініп, өзі ота жасатуға кеткен.
“Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына (тор қабықтың ажырауы) анамды көзге жасалатын операцияға жібердім. Бұл жалпы наркозды қажет етпейтін шағын хирургиялық операция болатын. Анам 3 жасар інімді қарап үйде қалуымды өтінді, операция 30–40 минутқа ғана созылады және ешқандай қарсы көрсетілімдер жоқ деді.
Анамның телефонында жазбалар бар. Отаға бір сағат қалған кезде қосымша тағы катаракта (көздің бұлдырап көруі) диагнозын қойған. Бірақ оны біз білмедік. Анам бұл туралы өз телефонына жазып қалдырыпты. Онда “Отаға дейін бір сағат қалды. Дәрігер маған катаракта деген диагноз қойды. Енді соны алып тастайды” деп жазған. Сонда екі операция аяқ астынан бірге өткізіліп тұр ғой”, – деді Ақерке.
Қыз бұрын анасының денсаулығында жүрекке байланысты ешқандай мәселелер болмағанын алға тартты.
"Ақырында анамның жансыз денесін қайтарды. Дені сау адам өз аяғымен таза талдауларымен клиникаға кірген еді. Көздің тор қабығының ажырауына жасалатын операция жүрекке қалай әсер етуі мүмкін? Анамның өлімінің себебін "екінші деңгейдегі анықталмаған кардиомиопатия" деп қойыпты. Бірақ мұндай операцияның жүрекке қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіне алмай жатырмын. Неге “анықталмаған кардиомиопатия”? Сұрақ көп, жауап аз “, – деп қосты ол.
Сонымен қатар марқұмның қызының айтуынша, дәрігерлер науқастың жағдайы нашарлаған соң басқа ауруханаға ауыстырған. Ол сол жерде көз жұмған.
“Ота соңында анамның жағдайы нашарлаған. “Ауа жетпей жатыр деп айтқан. Дәрігерлер сол кезде қажетті шараларды қабылдадық деп айтты. Кейін жүрегі қайта соққан, сосын Теміржол ауруханасына жіберген. Алайда жағдайдың қалай болғанын біз білмейміз. Әлі күнге дейін оны не үшін тасымалдағанын және КазНИИ-ден қандай жағдайда шыққанын ешкім түсіндірген жоқ. Ең абсурд нәрсе сот медициналық сараптамасының қорытындысы: "екінші деңгейдегі анықталмаған кардиомиопатия". Бұл диагноз тор қабықпен де, катарактамен де байланысты емес. Жүрек тоқтауын да түсіндірмейді”, – деді ол.
“3 жасар інім анамызды іздеп жылайды: Оны өз қамқорлығыма алдым”
Қазір Ақерке анасынан айырылған 3 жасар бауырын өз қамқорлығына алу жұмыстарымен айналысуда.
“Анамның өлімі бойынша істі қалай да бастайын деп едім. Бірақ күш те, энергия да жетпеді. 3 жасар інім анасынан айырылып, мен асырап алу құжаттары үшін жүгіріп жүрмін. Ол анамызды іздеп күнде жылайды. Қалайша осылай баланы анасынан айрады? Бәрі маған ініме көбірек көңіл бөлуге кеңес беріп жатыр. Өйткені біздің елде дәрігерге қарсы істі 99% ұту мүмкін емес деді. Резонанс тудыруға да күшім қалмады. Асырап алу мәселесін тезірек бітіре аламын деп ойлаймын. Қазір жауапты дәрігерлер бостандықта жүр”, – деді ол.
Ақерке қазір барлық органдарға арызын жазып қойған. Енді іс бойынша мән-жайды анықтамақ.
Ал оқиғаға байланысты Stan.kz тілшісі Көз аурулары қазақ ғылыми зерттеу институтының өзінен пікір сұрады. Алайда орталық ақпаратты заң бойынша қолжетімділігі шектеулі деп жауап беруден бас тартты.
"Қазақстан Республикасының "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заңының 1-бабымен қолжеткізуі шектелген ақпаратқа, өзгелермен қатар, заңмен қорғалатын "медицина қызметкерінің құпиясы" да жатады. Институт заңмен анықталған тұлғалардан басқа сіздің сұрау салауыз бойынша операцияға және т.б. қатысты ақпаратты таратуға құқылы емес. Сондай-ақ, ағымдағы жылы өлім-жітім институттың "қабырғасында" тіркелмегенін хабарлаймыз”, – деді орталық.
Еске салсақ, бұған дейін осыған ұқсас жағдай – Астанада қарапайым операциядан кейін әйелдің көз жұмғаны туралы хабарлаған едік. Онда лазерлі отадан соң әйелдің ішегінің 80 пайызы қарайып кеткен.
"30 минутқа созылады, тез келемін деген еді": Астанада көзіне лазерлі ота жасатуға барған жалғызбасты ана қаза тапты