Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байлықтың ақысы: Неліктен Қазақстан миллионерлерге салық салмайды

Әлемнің кей елдерінде байлыққа салық салынады. Ал Қазақстанда салықтың мұндай түрі әлі енгізілмейді. Ұлттық экономика министрлігіндегілердің сөзінше, байлыққа салықты енгізу үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Ал сарапшылар мемлекетіміздің мұндай өзгеріске дайын емес екенін айтуда.

Байлықтың ақысы: Неліктен Қазақстан миллионерлерге салық салмайды

Бұл туралы «Астана» арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Еліміздің Қаржы министрлігі бірнеше жылдан бері табыс салығының прогрессивті шкаласына өтудің мүмкіндіктерін қарастыруда. Яғни азаматтардың табысы қаншалықты көп болса, төлейтін салығы да көбейеді.

Десе де отандық кәсіпкерлер қымбат мүлкі үшін онсыз да бірталай ақша төлеп отырғандарын айтуда. Танымал кәсіпкер Бейбіт Әлібековтің сөзінше, үлкен қозғалтқышты 3 автокөлігі үшін жылына миллион теңге көлемінде салық төлейтін көрінеді.

«Бізде адал ақша тауып жатса да байларға деген қоғамның көзқарасы жақсы емес. Сондықтан оларға салықты көбейтіп, одан әрі тыныштығын бұзғанша, жайлы жағдай жасап, капиталын өз еліміздегі бизнеске салуға итермелеу керек. Құрылысқа салса да, үй нарығына салса да ол ішкі жалпы өнімнің бір бөлігі. Жыл сайын қалталылар елден көптеп көшіп жатыр. Байлық салығы жағдайды тек ушықтыра түседі», – дейді Әлібеков.

Ал экономист Мақсат Халықтың пікірінше, еліміздегі кәсіпкерлердің дені салық төлеуден қашып отырған жоқ. Десе де түскен салықтың жұмсалатын схемасы көрсетілуі тиіс, дейді ол.

«Көптеген кәсіпкерлер, капиталистер мемлекетке салық төлеуден қашпайды. Алаңдататыны – ол әлеуметтік мәселені шешуге жете ме, жетпей ме? Егер жақсы мүлікті азамат болсаң, одан түскен салық мынадай бір әлеуметтік мәселені шешуге жұмсалады деген схеманы көрсету керек. Біз сыбайлас жемқорлықты жою керекпіз, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту керекпіз», – дейді экономист.

Өз сөзінде ол төленген салықтың халыққа қайтатын ақша екенін ұмытпау керектігін атап өтті. Ол арқылы көптеген мәселелер шешіледі дейді.

«Сіз салықты төлеп жатқан кезде ойлануыңыз керек – осы арқылы мен жұмыссыз жүрген ағама жұмыс тауып беріп жатырмын деп», – дейді Мақсат Халық.

Бұл орайда қоғам белсендісі Несіпжан Әмірованың пікірінше, бақуаттылар тапқанымен бөлісуі тиіс.

«Мен өзімнің қолыммен, бейнетіммен таптым, мен неге беруім керек дейді. Беру керек, бөлісу керек! Мына кедейлермен бөлісу керек! Форбсқа енген байлар бар және базарда пісте сатып отырған кедейлер бар… Бөліссін делік, бірақ жырып бергені тиісті жерге жете ме? Экономика курсынан сабақ берген бір ағай: «Бізде бизнестің дәстүрлі үш емес, төрт түрі бар: шағын, орта, ірі және бюджет ақшасын жымқыру» деп әзілдеп еді. Міне, осы «төртінші бизнес» – салық жүйесіне де селкеу түсіріп тұр. Оған былтыр шыққан “жұмақ досьесі” сияқты оффшорларға ақша тыққандар туралы досьелерді қосыңыз. “Тыныш ұйықтай” алатындар бізде көп. Бірақ дөңбекшіп шығатындарды ұйықтатпайтын қаржы көлемі де өте қомақты», – дейді Әмірова.

Әзірге үкімет байлық үшін салық енгізуге асығар емес. Алайда шенеуніктер таяуда елімізде жылжымайтын мүлік пен автокөлікке төленетін салық көлемі шаршы метрі мен қозғалтықышының мөлшеріне ғана емес, құнына байланысты да есептелуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Десе де мұндай өзгерістің қашан енгізілетіні әзірге белгісіз.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр