Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қытайды бағындырғым келеді": 13 жасар қазақстандық қыз халықаралық спорттық бал билері жарысында алтын жүлде иеленді

Фото: Алтынай Жұмабайдың жеке мұрағатынан алынды

Жақында 13 жасар қазақстандық биші Алтынай Жұмабай Германияның Мюнхен қаласында өткен “The Lion Dance Championship” жарысында алтын жүлде иеленді. Ол Италия, Англия және Франциядан келген қарсыластарын басып озды. Осы орайда Stan.kz тілшісі бал биі шеберінен жеңіс жолындағы еңбегі мен ендігі мақсаты туралы сұрап білді. 

Алтынай жақында Германияның Мюнхен қаласында өткен жарыста алтын жүлде иеленді. Бұл – оның әлем чемпионатына үшінші рет қатысуы. Алтынай алғаш рет 11 жасында чемпион атанған. Жас биші Грузия, Италия, Оңтүстік Корея және Германияда өткен ірі халықаралық турнирлерге қатысқан.

“Мақсатым – жаттықтырушы болу”

Алтынай Жұмабай спорттық бал биімен 3,5 жасынан бастап айналысқан. 

“Сол кезден бастап үзіліссіз жаттығумен айналысып келемін. Түрлі жиындар, шеберлік сабақтары мен іссапарлар жасап, Қазақстанда жақсы нәтиже көрсеткен соң шетелге шыға бастадым. 7 жасымнан бастап ағылшын тіліне ден қойдым. Себебі мақсатымыз Еуропаға бару еді. Педагогтермен қарым-қатынас жасау үшін ағылшын тілі қажет болды. Қазір екінші жыл қатарынан қытай тілін қосымша оқып жүрмін. Себебі қазір мақсатымыз — Қытай”, – дейді Алтынай.

Алтынаймен қазақстандық ұстаздар ғана емес Ресей, Еуропадан келген педагогтер да жұмыс істейді екен.

“Жеке сабақ аламын. Анам Сәуле Абраева алты жыл бұрын спорттық-бал билері мектебін ашты. Қазір онда балалар саны өте көп. Анам мектепте жетекшілік етіп, басқа балаларға бағыт-бағдар беріп, ата-аналармен сөйлеседі”, – дейді жеңімпазымыз. 

Алтынайдың алдағы мақсаты әлемдік сұранысқа ие жаттықтырушы болу. 

“Мақсатым – Хореография академиясына түсу. Біздің ұлттық хореография академиясы бүкіл әлемде жақсы бағаланады. Қазір беделі артып келеді. Дегенмен елімізде қазақ арасынан шыққан көрнекті жаттықтырушылар жоқтың қасы. Себебі жаттықтырушыларға өз-өзін дамытуға мүмкіндік бермейді. Болашақта  халықаралық деңгейде ең үздік жаттықтырушы болуды қалаймын”, – дейді Алтынай. 

Алтынайдың анасы Сәуле Абраеваның айтуынша, қызы 7 жасынан бастап Әлем чемпионы болуды мақсат еткен.   

“2023 жылы алғаш рет Италияға ұштық. Сол жерде Алтынай 12 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанды. Өте үлкен бәсекелестік болды. 60 баланың ішінен ол бірінші орын алды. 2024 жылы желтоқсанда тағы да Италияға ұштық. Сол жерде ол вице-чемпион атанды. Алтынайдың деңгейі өте жоғары. Ол әлемдегі ең мықты қыздардың бірі. Бұл – Қытай, Еуропа және Ресейде жұмыс істеген педагогтардың пікірі”, – дейді Абраева. 

Абраеваның сөзінше, Алтынай дәл осы би түрін 3,5 жасында өзі таңдаған. 

“Бұл – қызыма Құдайдың берген таланты. Кішкентай кезінде Алтынайды Шығыс билеріне, басқа би түрлеріне апардық. Олардың ішінде бал билері ғана ұнады. Онда қызыммен бүкіл Қазақстаннан келген педагогтар тобы жұмыс істеді. Біздің басты  принцип – командамен жұмыс істеу. Сондықтан осындай нәтижелерге жеттік. Себебі бір жаттықтырушы мұндай нәтиже бере алмайды. Жыл сайын жаңа педагогтарды шақырамын. Қазір Алтынаймен Астанадағы Хореография академиясын бітірген, магистратурада оқып жүрген Даниярбеков Нұрәлем есімді педагог жұмыс істейді”, – дейді Сәуле Абраева. 

Сәуле Абраева Германияның Мюнхен қаласында өткен жарыста қызы өнер көрсеткен тұста қатты қобалжығанын жеткізді. 

"Әрине қобалжыдым. Қарсыластары Малайзия мен Украинадан келген, өте мықты қыздар болды. Алтынайға сахна сыртында қолдау білдірдім. Алдын ала сөйлескенде “мейлі қай орын болса да, ең үздігі сенсің” дедім", – дейді Абраева. 

Сәуле Абраева басты мақсат мықтылар арасында жұмыс істеу дейді.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 20 Мамыр, 2025 14:14
Талқылау