Шымкенттік кәсіпкер Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдап кетті деп айыптады: Бұл оқиға немен аяқталды?
Фотоколлаж: Stan.kz / Айгүл Орынбек
Шымкенттік кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызы құқықтарын қорғауға уәде берген қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің 10 миллион теңге алғанын айтып шағымданды. Кәсіпкердің сөзінше, заңгердің адвокаттық лицензиясының жоқтығы анықталып, уәде еткен қорғау қызметін орындай алмаған. Бұл жағдайдан кейін Эльмира заңгерді екіжүзділік жасады деп айыптап, полицияға арыз жазған. Алайда Айгүл Орынбек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, Эльмира Дүйсенқызымен арада заңды келісімшарт жасалғанын айтып отыр.
Айта кетсек, даудың басы – Шымкенттегі ҰҚК-нің экс-басшысы Манат Сарбасов пен бірқатар шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны. Оған парақорлық, алаяқтық, өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айып тағылды.
Іс бойынша куәгерлердің бірі жекеменшік мектеп директоры – Эльмира Дүйсенқызы. Ол 2007 жылы Манат Сарбасовпен танысқан. Сарбасов кәсіпкерді өз қамқорлығына алуға уәде берген. Эльмира екі жыл бойы жоқ қызметкерлерді жасыру үшін ай сайын миллион теңгеден пара берген.
Сондай-ақ Сарбасов өз туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастыруды талап еткен. Сөйтіп жалпы заңсыз төлемдер 435 миллион теңгеге жеткен.
Кейін Дүйсенқызының өзі бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған соң бәрі өзгерді. 2022 жылы сәуірде ол Сарбасовтан кем дегенде бір бөлігін қайтаруды талап етті, нәтижесінде ол 15 млн теңге делдал арқылы береді. Бұл жаңа тергеудің басталуына себеп болды. 2023 жылы қазанда Сарбасовқа қатысты іс қозғалды.
HALYQSTAN мәліметінше, іс материалдарында блогер Айгүл Орынбектің екі тараппен де тиімді байланыс орнатуға тырысқаны айтылады. 2023 жылы Орынбек Сарбасовқа қарсы арыз жазған Эльмира Дүйсенқызымен кездесуді өзі сұрап, оған "құқықтарын қорғау" қызметін ұсынған.
"Айгүл маған өз қызметінің құны 10 миллион теңге екенін айтты. Ол өзін адвокатпын деді, бірақ кейін лицензиясы жоқ екенін білдім. Сол сәттен бастап мен оның қос тарапқа жұмыс істеп жүргеніне күмәндана бастадым", – деді Эльмира сотта.
"Заңгерлік қызмет атқаратынымды бәрі біледі"
Бұл күдіктер іс материалдарымен де расталған. Онда Орынбек пен Сарбасовтың арасында бұрыннан сенімді қарым-қатынас болғаны айтылған. Орынбек арқылы алған мәліметтеріне сене отырып, Сарбасов кейін “ақша бопсалау әрекеті болды деген желеумен” рапорт жазған. Ал Эльмира блогерден алған ақшасын қайтаруды талап етіп, кейін оны алаяқтық жасады деп полицияға арыз түсірген.
Алайда Айгүл Орынбектің айтуынша, Эльмира Дүйсенқызына тергеуші үй жағдайында арыз жаздырған. Сондықтан Орынбек айыптау актісін осы іске байланыстырып жазуы заңдылықтан алшақ әрекет деп санайды. Заңгер кәсіпкердің сөзін жоққа шығарып отыр.
“Маған 4 миллион ғана төледі. Менің қорғаушы емес, заңгерлік қызмет атқаратынымды бәрі біледі. Эльмира Дүйсенқызымен 2024 жылғы 30 қазанда келісімшартқа отырдық. Ол кісі менің қоғам белсендісі әрі заңгер, жәбірленуші тараптан қатыса алатынымды жақсы білді. Екі-үш күн өткен соң, маған хабарласып, ҰҚК қызметкерлері “менен бас тарт деп жатыр” деді. Басында мән бермедім, неге олар олай айтып жатыр деп таңғалдым. Келісімшартқа енді ғана отырған едік, бұл жағдай маған қызық көрінді. Содан мен "Онда сіз келісімшарттан бас тартасыз ба?" деп сұрадым. Ол кісі "Жоқ, сіз ертең бәрін факт-фактімен видео арқылы айтасыз, бұл іс бойынша резонанс болады ғой" деді. Ойымда білім саласындағы жемқорлықты ашу болған соң жарайды деп келісім бердім", – деді қоғам белсендісі Айгүл Орынбек.
Сонымен қатар Айгүл Орынбек лицензиясы жоғын жоққа шығарды.
"Мен қоғам белсендісінен бұрын заңгер екенімді жеткіздім. Сонымен қатар келісімшартымда заңгер екенім нақты көрсетілген. Бір емес, бірнеше қылмыс жасаған алаяқ адам, өзіне жаза қолданылмауы үшін, өзін қорғау мақсатында тергеушілер не десе, соны айта салады. Мен оған өзім куә және құрбаны болып отырмын. Еш жерде заңды бұзғаным жоқ, өз іс әрекетіме жауап бере аламын", – деді Айгүл Орынбек.
Айта кетсек, осы шудан соң Айгүл Орынбек 20 мамыр күні Ұлттық құрылтай құрамынан шығарылғаны белгілі болды. Ол бұл шешімді табиғи жаңару үдерісі деп бағалап, иығынан ауыр жүк түскендей сезінетінін айтты.
Бұдан бөлек Шымкент қалалық полиция департаменті Орынбекке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты растамады. Сонымен қатар арыз негізінде қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеді.
"Былтыр қазан айында тараған "Орынбек ұсталды" деген қауесет те шындыққа жанаспайды. Ол тек әңгімелесуге шақырылған", – делінген полиция департаментінің жауабында.
Полиция департаменті блогер Айгүл Орынбекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілмейтінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылғы 30 қазанда журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің Шымкентте ұсталғанын хабарлаған болатын. Алайда Шымкент қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"8 жасар балам "гей" боламын деді": Қазақстандық блогерді ұлының тосыннан айтқан әңгімесі таңғалдырған (видео)
