Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жылу қашан өшірілетіні белгілі болды

Алматы әкімі Ерболат Досаев кеңес өткізіп, онда жылу беру маусымын аяқтау, сондай-ақ алдағы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындықты бастау мәселесін талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pexels.com

Жылыту маусымына дайындық және өткізу қағидаларына сәйкес, Алматыда күнтізбелік бес күнде гидрометеорологиялық қызметпен тіркелген орташа тәуліктік ауа температурасының +8 градустан және одан жоғары болуына байланысты жылыту маусымын тоқтату туралы шешім қабылданды.

Жылу 15 сәуірде – алдымен әкімшілік ғимараттарда, білім беру мекемелерінде, мәдениет нысандарында, одан кейін тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда сөндіріледі.

Кеңесте инфрақұрылымның тозуын азайту жөніндегі инвестициялық бағдарламаның маңызы атап өтілді. 2023 жылы жылу желілерінің тозуы жоспарланған 0,6% орнына 1,3%-ға қысқарған.

Мәселен, биыл жыл басында 25 жылдан астам пайдаланылып келе жатқан тозған желілердің ұзындығы желілердің жалпы ұзындығының 802,6 км немесе 57,9%-ына тең. Биыл 20 км жылу желілері қайта жаңартылады, бұл тозуды 1,8% төмендетуге мүмкіндік береді.

2023 жылы жылыту маусымына дайындық аясында Алматы қаласының табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламасы бойынша ("АлТС" ЖШС, "Алматы Су" МКК, "АТЭС" ЖШС) және жергілікті бюджет есебінен 30 млрд теңге іске асырылды.

Биыл 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа 35 млрд теңге бөлінді, 2025 жылы қосымша 32 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Алматы әкімі алдағы жылыту маусымына дайындық кезінде осы бағыттағы жұмысты күшейтуді, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің, екі бөлімшенің – энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мен қалалық мобильділік басқармасының жолдарды жөндеумен байланысты жұмыстарын жүргізу регламенттерін синхрондауды тапсырды.

Алматыда барлығы 214 мектеп, 190 балабақша, 128 аурухана және 8836 көппәтерлі тұрғын үй орталық жылытуға қосылған.

Бұған дейін Алматы облысы Шеңгелді ауылының шаруалары мыңдаған тонна шіріген пиязды облыс әкімдігі ғимаратының алдына төгуге ниетті екенін жазған едік. 

Бұл шешімге келуге шенеуніктердің мәселемізге мүлде немқұрайлы қарауы себеп болды дейді шаруалар. Олар бірнеше айдан бері өсірген өнімін өткізе алмай, миллиондаған шығынға батып отыр.

Талқылау