Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мыңдаған тонна шіріген пиязды әкімдіктің алдына төгеміз": Алматы облысында шаруалар наразылық білдірді

Алматы облысы Шеңгелді ауылының шаруалары мыңдаған тонна шіріген пиязды облысы әкімдігі ғимаратының алдына төгуге ниетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Бұл шешімге келуге шенеуніктердің мәселемізге мүлде немқұрайлы қарауы себеп болды дейді шаруалар. Шаруалар бірнеше айдан бері өсірген өнімін өткізе алмай, миллиондаған шығынға батып отыр.

“17 млн ​​қарызым бар. Екі көлігімді саттым. Мал сатамыз, қазір мал сатылымда тұрған жылқыларым бар. Не істерімізді білмейміз, егіс науқаны жақындап қалды. Жаңа маусым, жаңа жыл. Бұл жағдайдан қалай шығуға болады? Дизельдік отын жоқ. Ақша жоқ”, – дейді шаруа Марат Төлеубеков. 

Ақша мәселесі Шеңгелді ауылындағы басқа шаруалар үшін де өткір мәселе болып тұр. Шаруалардың айтуынша, көпшілігінің несиесі бар, кейбіреулерінің есепшоттары толығымен бұғатталған. Өсірген пиязын сата алмай отырған шаруа қожалықтардың саны 50-ден асады. 

Шаруалардың айтуынша, қазір қоймаларда 15 мың тоннадан астам пияз шіріп жатыр. Өнімдер фермерлер жалға алатын қоймаларда сақталады. Өнімін мұндай қоймаларда бір ай сақтау бір шаруаға кем дегенде 900 мың теңгеге түседі екен.

“Бізге облыс әкімдігі де, министрлік те қолдау көрсетпейді. Әр жерде көмектесеміз деп айғайлап жатса да. Бірде бізге шенеуніктер келді. Ауғанстаннан келген кәсіпкерлер біздің пиязды 40 теңгеден алып кететінін айтты. Біз келістік. Алайда ешкім келмеді”, – шаруа Маралбек Межкенов. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы диқандардың сөзін жоққа шығарды. Олар ауған кәсіпкерлеріне пиязды ұсынылған бағамен сатудан өздері бас тартқанын айтады.

“Ешкім келіспеді. Енді күн жылынған кезде бізге ешкім келмеді деп отыр. Бірақ адамдар бар, кездесулер болды. Олар қалай дәлелдейді? Бірақ жұмыс жалғасуда. Ауғанстандық кәсіпкерлерді қайта таптық. Қазір олар 4-5 жүк көлігімен 20-25 теңгеден алып жатыр”, – дейді Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қойымчан Омаров. 

Шаруалар әкімдіктен мәселені екі апта ішінде шешуді талап етіп отыр. Шешілмеген жағдайда шаруалар шіріген пияздың бәрін Алматы облысы әкімдігінің алдына төгеміз деп уәде берді.

Талқылау