"Қабырғалары бір жыл болмай жарылып, құбырлары істен шыққан": Алматыдағы қай тұрғын үй кешеніне тұрғындар көп шағымданады
Фото: Stan.kz
Кейінгі жылдары Алматыда жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріне қатысты тұрғындар тарапынан шағымдар артып жатыр. Stan.kz редакциясына түскен өтініштерді, әлеуметтік желідегі пікірлерді, сот істерін және мемлекеттік органдардың ресми мәліметтерін саралай келе, ең көп шағым Qazaq Stroy, Time Group және SENSATA GROUP компаниялары салған тұрғын үйлерге бағытталғанын анықтадық. Тұрғындар сапасыз құрылыс, жиі су тасқыны, жылу мен жарықтың болмауы және инженерлік жүйелердің істен шығуы сияқты ортақ проблемаларды алға тартады.
“Ақшаны қайтармады, ешқандай жауапкершілік алмады”
Редакция зерттеуінше, ең көп ақаулар "Qazaq Stroy" құрылыс компаниясы салған үйлерден анықталған. Алматы тұрғыны Вероника Лебедеваның отбасы осы компаниядан ипотека арқылы пәтер сатып алып, оған бір жыл толмай жатып 13-14 миллион теңге көлемінде жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алайда пәтерге қоныстанғаннан кейін бірнеше рет су тасқынына ұшырап, үлкен моральдық және материалдық шығын көрген.
Бірінші жағдай көрші пәтердің әсерінен болып, көршісі ламинаттың ақшасын өтеген. Ал екінші рет су басу оқиғасы үстіндегі, әлі сатылмаған және компания меншігінде болған пәтерден келген. Құрылыс компаниясы құбыр жүйесін сапасыз орнатып, пластик тығындар қолданған. Қыстың күнінде жұмысшылар пәтерге су қосып, нәтижесінде төмендегі пәтерді тағы су басқан.
Лебедеваның айтуынша, құрылыс компаниясы өз кінәсін мойындамай, су тасқыны туралы актіні тек әйелдің талап етуінен кейін толтырған. Қазір ол заңгердің көмегімен екі айдан бері компанияға қарсы соттасып жүр, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Компания 400 мың теңге көлеміндегі шығынды өтемеген, ал су басқан пәтер кейін көгерген күйінде басқа адамға сатылған.
Вероника Лебедева бұл жағдайды көпшілікке жеткізіп, болашақ сатып алушыларды ескерту мақсатында видеомен бөліскен. Оның айтуынша, компания клиенттеріне немқұрайлы қарайды және ешқандай жауапкершілік алмайды.
Фото: Видеодан скрин
“Тағы Qazaq Stroy”
Qazaq Stroy компаниясы мемлекеттік бағдарлама аясында салған Alem City тұрғын үй кешенінің тұрғындары қоныстанғаннан кейін бірқатар құрылыс ақауларын анықтаған. Олар сапасыз жөндеу, жарылған қабырғалар, сантехникалық және коммуналдық мәселелерге шағымданып отыр. Сонымен қатар пәтерді жекешелендіру процесінің ұзақтығы мен жоғары төлемдер де тұрғындардың наразылығын тудырған. Жаңбырдан кейін төбеге су жиналып, терезе жарықшаларынан су өтіп, ламинат көтеріліп кеткен сәттер де видеолар арқылы көрсетілген. Әлеуметтік желі қолданушылары компанияны сынға алып, пәтер сатып алмауға кеңес берген.
Алайда Qazaq Stroy өкілдері видеодағы ақаулар былтырғы кадрлар екенін айтып, қазіргі уақытта мұндай мәселелердің жойылғанын мәлімдеді. Дегенмен тұрғындар жағдайдың әлі де өзгермегенін айтты.
Фото: Видеодан скрин
Айта кетейік, Алматыда кезекте тұрған азаматтарға шаршы метрі 450 мың теңгеден пәтер сатып алып жатқан үйлерде құрылыс сапасына байланысты тағы мәселелер туындады. Бұл үйлердің негізгі құрылысшысы, тағы Qazaq Stroy. Компания соттарда бірінен соң бірі жеңіліп жатыр. Компания салған "Alma City-1" тұрғын үй кешеніндегі ақаулар Жоғарғы сотқа дейін жетті.
2022 жылы осы нысан бойынша бірнеше рет тексеріс жүргізіліп, құрылыс нормаларының бұзылғаны, жобадан ауытқушылықтар мен әрлеу жұмыстарының толық орындалмағаны анықталған. Құрылыс салушыға заңбұзушылықтарды жою туралы бірнеше рет нұсқама берілсе де, олар орындалмаған. Соның салдарынан компанияға айыппұл салынды және Жоғарғы Сот та төменгі соттардың шешімін заңды деп таныды.
Тағы бір іс – С.Жүнісов көшесіндегі жаңа үйлерде құрылыс талаптарының сақталмауы. Мысалы, суды ағызуға арналған бетон лотоктар мүлде салынбаған немесе қисық, көлбеусіз орнатылған. Баспалдақтардағы қауіпсіздік қоршаулары талаптарға сай емес, себебі балалардың өміріне қауіпті болып шыққан. Сонымен қатар жоба бойынша қарастырылмаған қосымша қабаттар салынған. Бұл бұзушылықтар үшін де сот Qazaq Stroy мен серіктес компаниясы "Ырысты 46/2"-ны барлық заңбұзушылықтарды жоюға міндеттеді.
Бұдан бөлек Алмалы ауданындағы кейбір тұрғындар құрылыс сапасына көңілі толмай, Qazaq Stroy пен оның еншілес компанияларына қарсы ұжымдық талап қойды. Бастапқыда сот бұл істі қараудан бас тартқанымен, апелляциялық сот істі қайта қарауға жол ашты. Енді компания тұрғындардың талаптарына да жауап беруге міндеттелген екен.
"Лифттер тек әсемдік үшін қойылған": Kokjiek City тұрғындары үй сапасына наразы
Екінші кезекте, Алматыдағы Kokjiek City тұрғын үй кешенінің тұрғындары сапасыз құрылысқа шағымданған еді. Жаңадан салынған бес үй былтыр ғана пайдалануға берілгенімен, пәтер иелері жарық пен жылудың жиі өшіп қалатынын, қабырғалардың дымқылданатынын, ал лифттер мен есептегіштердің әлі іске қосылмағанын айтады.
Тұрғындар құрылыс сапасының төмендігін пәтерге кіре сала байқауға болатынын жеткізді. Есіктердің көбікпен ғана орнатылғаны, жарық пен судың жиі өшетіні, төбеден су ағатыны – негізгі шағымдардың бірі. Кейбір тұрғындар өз қаражатына инженерлік жүйелерді қайта орнатып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған.
Электр энергиясының жиі үзілуіне байланысты су мен жылу да тұрақты берілмейді. Себебі кешенде трансформаторлық станция жоқ, ал энергия көрші ауылдан жеткізіледі. Жоғарғы қабаттарда тұратын тұрғындар пәтерлеріндегі еден мен қабырғалардың ылғалданып кететінін айтады.
Тұрғындардың сөзінше, олар Time Group компаниясына бірнеше рет шағымданған, бірақ нәтиже болмаған. Ақыры тұрғындар компания кеңсесіне барып, басшылықпен кездесуді талап етті. Компания басшысы Алтай Шарабаев бұл жобаны бастапқыда басқа компания бастап, Time Group оны аяқталмаған күйде сатып алғанын түсіндірді.
Ол тұрғындармен бірге жұмыс тобы құрылып, барлық ақауды анықтап, кепілдік жөндеу мерзімін нақтылайтынын мәлімдеді. Алайда тұрғындар компания уәдесін орындамаса, сотқа жүгінетінін айтып отыр.
Фото: 2gis.kz
Time Group тағы сынның астында қалды: Тұрғындар ақшасынан айырылып, сапасыз пәтерлерге тап болды
Бұған дейін Kokjiek City тұрғын үй кешеніндегі сапасыз құрылыс үшін айыпталған компания енді басқа жобалары бойынша да жәбірленушілердің наразылығына тап болды. Жүздеген азамат бар қаржысын салып, пәтерсіз қалғанын айтып отыр. Кейбірі тұрып жатқан үйін сатып, енді бірі несие рәсімдеп, бастапқы жарнаны төлегенімен, уәде етілген сапалы баспана орнына қабырғасы жарылып, құбырынан су ағатын пәтерлер алған.
Time City мен Абай City кешендерінен бас тартуға мәжбүр болған тұрғындар ақшасын қайтаруды талап еткен. Алайда сот шешімі шыққанына қарамастан, компания қаражатты қайтармай отыр.
Тұрғындар айлап компания кеңсесінің есігін тоздырғанымен, әр келген сайын тек “кепіл хат” алып қайтқан. Компанияның атқарушы директоры Алтай Шарабаев мәселені шешуге уәде беріп, сот шешімі 4 шілдеге дейін орындалады деген. Алайда жәбірленушілер бұл жолы да тек құрғақ уәде болып қала ма деп қауіптенеді.
Фото: Видеодан скрин
“SENSATA GROUP құрылыс компаниясынан ешқашан пәтер сатып алмау керек”
Бұдан кейін желіде mersei_designer қолданушы SENSATA GROUP құрылыс компаниясынан ешқашан пәтер сатып алмау керек екенін айтып ашуланды.
"Бұл өміріңіз үшін қауіпті. Бір ай бұрын Sensata Plaza тұрғын үй кешенінде өрт болды. Ал компания басшылығы бұл жағдайды жасыруға тырысып жатыр. Осылайша өрт сөндіру жүйесі жұмыс істемеген. Басшылық үнсіз отыр, түп-түгелімен бей-берекетсіздік болған. Кепілдік қызметі де – көзбояушылық. Ең нашар құрылыс компаниясы. Өмірімдегі ең сәтсіз таңдау болды. Алдағы уақытта осы оқиға туралы егжей-тегжейлі бөлісемін", – деді оқырман.
Фото: mersei_designer қолданушысының парақшасынан
"Алтын City" тұрғындары сусыз қалдық”
Келесі Түрксіб ауданында орналасқан "Алтын City" тұрғын үй кешенінде тұратын азаматтар бірнеше айдан бері жүйелі түрде коммуналдық және тұрмыстық қиындықтарға тап болған. Тұрғындардың айтуынша, жарық пен судың жиі өшуі, кәріз жүйесінің тасуы, сондай-ақ таңсәріден басталатын құрылыс жұмыстарының шуы қалыпты жағдайға айналған. Бұл әрекеттер тыныштық сақтау ережелеріне де қайшы келеді.
Соңғы апталарда жағдай тіпті ушығып кеткен. Тұрғындар бір айға жуық уақыт бойы ыстық сусыз отырғанын айтады. Ең өкініштісі, судың өшетіні туралы ескерту тек бір күн бұрын ғана берілген. Бұл оқиға жұртшылықтың ашуын туғызып, олар акиматқа бірнеше рет шағымданып, бейбіт жиналыстарға шығып, тіпті жедел қызметтерді шақырған.
Алайда тұрғындардың айтуынша, билік өкілдері тек уәде беріп қана қойып, нақты шара қолданбай отыр. Тұрғындар полиция мен басқа да тиісті мекемелерді шақырғандарын, алайда жүйелі шешімдер әлі күнге дейін жоқ екенін атап өтті.
Фото: krisha.kz сайтынан
Қанша іс қаралды?
Осы ретте редакция Түрксіб аудандық сотына сауал жолдап, қанша шағым қаралғанын сұрады.
"2024 жылы сұратылған санат бойынша аудандық сот өндірісінде үш азаматтық іс қаралды. Көбіне арыз-шағым құрылыс жұмыстарының толық жүргізілмеуі және сапасыз құрылыс жұмыстары бойынша келіп түскен. Екінші талапта жөндеу жұмыстары мен құжаттарды ұсынылса да, қараусыз қалдырылған", – деп жауап берді Түрксіб аудандық соты.
Соттың дерегіне сенсек, үшінші азаматтық іс осы тұрғындардың талап-арызына сәйкес келеді. Келісімшарт орындалмағаны, яғни қоршау мен септик салынбағаны үшін талап толық қанағаттандырылғаны туралы айтылған.
Бұдан бөлек Алматыдағы қала құрылысын бақылау басқармасына соңғы жылдары қанша заңсыздық болғанын сұраған едік. Басқарманың дерегіне сенсек, 2023 жылдың өзінде 1074 жоспардан тыс тексеру жүргізілген екен.
"Биыл құрылыс нысандарында 248 заң бұзушылық анықталды. Олар құрылыс нормаларын ғана емес, құжат жүргізу мен ұйымдастырудағы кемшіліктерді де қамтиды. Ал былтырдан бері 436 жоспардан тыс тексеру болды. Көбіне шағымдар тұрғындардан түсті", – деп жауап берді құрылыс басқармасы.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
