Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда студенттік және дебюттік халықаралық "Бастау" кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

Күні кеше Алматыда VIII студенттік және дебюттік халықаралық "Бастау" кинофестивалі жеңімпаздарды жариялады. Фестивальдің тарихында алғаш рет қысқаметражды фильмдермен  (Bastau Shorts) қатар дебюттік толықметражды (Bastau Debuts) қартиналар да бақ сынады. Аталған бағдарламаға Еуропа елдері, жақын және алыс шетелден ондаған толықметражды фильм қатысқан, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Bastau Debuts толықметражды дебюттік фильмдер байқауының халықаралық қазылар алқасы құрамында ресейлік кинорежиссер, сценарист және продюсер Михаил Сегал (төраға), киносыншы Роберто Куэто (Испания), продюсер Денис Васлин (Нидерланд), театр және кино актриса Нелли Уварова (Ресей), актер және продюсер Фархат Әбдірайымов (Қазақстан) жұмыс атқарды және жүлделерді үлестірді.

Оңтүстік Кореялық Чон Сын О есімді режиссердің "Қабірлерді қозғау" кинокартинасы осы байқауда үздік фильм ретінде танылып, гран-при алды.

"Сене алар емеспін. Мен қазақстандықтар фильмді көріп, әділ бағасын берер деп үміттендім, бірақ жеңіске жетемін деген ой болған жоқ. Қазақстанға алғаш келуім, фестивальға шақырғандарыңыз үшін рахмет. Алғысым шексіз. Шынайы оқиғаға негізделген фильмнің жарық көруіне әйелімнің отбасы (қайын жұрты - ред.) түрткі болды. Әйтсе де мен туындымды сіздердің де отбасыларыңызға арнаймын", - деді шетелдік режиссер. 

Үздік фильм үшін гран-при жеңіп алған режиссер Чон Сын О

Үндістан, Қытай елдерінен байқауда бақ сынаған режиссер Доминик Сангманың "Ыңырсу" фильмі "Үздік режиссура" жүлдесін жеңіп алды. Ал отандық "Мәриам" фильмінің режиссері Шәрипа Оразбаева "Қазылардың арнайы жүлдесін" иеленді. Бұл кинокартинаның қазақстандық премьерасы "Бастау" фестивалінің ашылу салтанатында өткен еді. 

"Фильмді түсіріп бітірген соң, бір айдан кейін халықаралық фестивальдарға жібердім. Туындымды "жүзден жүйрік" деп бағалаған емеспін. Бірақ кинокартинам Швейцариядағы Locarno Folm Festival-да үздік байқаудан өткенде қатты таңғалдым, қуандым. Аталған фестивальда фильмнің әлемдік тұсаукесері өтті.

Ал Toronto International Film Festival-да америкалық, Пусанда (Оңтүстік Кореяның қаласы - ред.) азиялық премьерасы өтті. Шетелдіктер фильмді ыстық ықыласпен қабылдаса да, өз елім, қазақстандықтар қалай қабылдар екен деп уайымдағаным рас. Сөйтіп уайым кешіп жүргенімде "Бастау" фестивалінен қазақстандық тұсаукесерін жасайық деген ұсыныс түсті. Әрине, оған үлкен қуанышпен келістім. Бұл мен үшін толқу болды. Сондықтан фестивальді ұйымдастырушыларға, фильмді қазақ еліне көрсетуге атсалысқан жандарға үлкен рахмет айтамын" , - деді режиссер.

Үздік ер адам ролі үшін жүлдесі үлестірілмесе де, үздік әйел адам ролі үшін шетелдік екі актриса марапатталды. Олар:

  • "Көңілден кеткен" фильмінің актриса Юдита Франкович. Фильм режиссері Миха Маззини (Словения, Хорватия, Сербия);
  • "Пәк қыздар" фильмінің актрисасы Джой Ригер. Фильм режиссері Керен Бен Рафаэль (Израиль, Франция, Бельгия);

Польшалық режиссер Малгожата Имельска "Бәрі де анам үшін" кинокартинасымен "Қазылардың арнайы аталымын" алды.

Биыл Bastau Shorts қысқаметражды фильмдер байқауына қатысуға өтінім жолдаған ұсынымдар былтырғыға қарағанда көп келіп түскен. Әлемнің 44 елінен 360 картина қатысқан. Фестивальдің халықаралық әлеуетінің артқанын осыдан байқауға болады. 

Бұл байқаудың жеңімпаздарын төмендегі халықаралық қазылар алқасы таңдады: режиссер, сценарист, кинопродюсер Гела Баблуани (Франция), актриса Рано Шодиева (Өзбекстан), кино және театр актері Александр Пашков (Ресей) және режиссер Шәрипа Оразбаева (Қазақстан). Аталған байқаудың жүлделері төмендегідей үлестірілді: 

  • Үздік қысқаметражды деректі фильм жүлдесі: "Ауыл күйі", режиссері Әсел Сыдықова (Қырғызстан);
  • Үздік қысқаметражды анимациялық фильм жүлдесі: "Ақыры драмаға толы", режиссері Кериха Арнэ (Латвия);
  • Үздік қысқаметражды көркем фильм жүлдесі:  "Сатушы", режиссері Сречита Дас (Үндістан);
  • Қазылар алқасының арнайы жүлдесі: "Дипломмен ауылға", режиссері Самғар Рахым (Қазақстан). 

Режиссердің айтуынша, "Дипломмен ауылға" кинокартинасы Қазақстандағы қазіргі жағдайды сюрреализм мен көркемдікпен жеткізетін фильм.

"Жастарға қажетті "Дипломмен ауылға" деген бағдарлама болғанымен, ауылға солай барып жатқандардың саны өте аз. Қателеспесем,  2019 жылы 70 адам ғана  барған. Қазіргі біздің Қазақстандағы осы өкінішті жағдайды ойлап, фильмнің атын "Дипломмен ауылға" деп қойдым. Кинокартинада осыған қатысты мені алаңдатқан тақырыптарды қозғадым",- деді Самғар Рахым.

Александр Пашко және Самғар Рахым

Аталған байқаудың киноленталары әдеттегідей студенттік қазылардың жүлдесіне таласқан. Биыл оған 7-Халықаралық "Бастау" кинофестивалінің Гран-при иегері Әлішер Жәдігеров төрағалық етті. 

Студенттік байқаудың қазылары режиссер Лаура Тамошюнайтенің (Литва) «Бақыт жанымнан өтіп бара жатқанда ұйықтап жатқам» фильмін үздік қысқаметражды фильм деп танып,  Гран-приді берді. Ал "Қазылардың арнайы жүлдесі" Мартинс Гаусиштің  "Көжек"  (Латвия) фильміне бұйырды. 

Әлішер Жәдігеров және студенттік байқаудың жеңімпазы Лаура Тамошюнайте

Айта кетелік, "Бастау" кинофестивалінде биыл сонымен қатар жаңа бағдарлама Bastau Docs - әлемнің үздік деректі фильмдеріне арналған бағдарлама ашылған болатын. Бағдарлама шеңберінде  10 елден (Иран, Қазақстан, Ресей, Норвегия, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Польша, Беларусь) 10 деректі фильм көрсетілді. Бағдарламаны  ТМД елдері, Балтика және Скандинавия елдеріне Multimedia Promotion кинокомпаниясының Швециядағы, фильмдерді дистрибуциялау мен сатып алу жөніндегі директоры Борис Шульман жүргізді. 

Ораз Әбішев атындағы жүлде екі бірдей картинаға табысталды.  Бірі үздік деректі фильм деп танылған Армения режиссері Арсен Аракелянға "Айна арқылы" фильміне берілсе, екіншісі студенттік кино бағдарламасына қатысқан режиссер Камилла Бердімұратованың "Тақсыр" атты деректі фильмі  үшін берілді.  

Салтанатты табыстау рәсімі соңында "Бастау-2019" ХКФ президенті Сергей Әзімов сөз алып, келген қонақтар мен фестивальдің серіктестеріне алғыс білдіріп, биыл киножиын ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атаған Жастар жылы аясында өткенін баса айтты.   


 

Талқылау