Жолдың қарсы бетімен жүрген: Алматыда 16 жастағы жасөспірім жол ережесін өрескел бұзған
Алматы қалалық полиция департаменті кәмелетке толмаған жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: t.me/egovpress
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде Сейфуллин көшесі бойымен солтүстік бағытта Mercedes-Benz автокөлігінің қарсы жолаққа шыққаны белгілі болды. Осылайша көлік тізгінін басқарған жасөспірім Тимирязев көшесінің қиылысында ұсталды.
Полицейлер 2008 жылы туған И.А. есімді азаматты ұстап, оның көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені анықталды.
Кәмелетке толмаған бала Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 596-бабының 5-бөлігі (Қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығу) бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Оның заңды өкілі У.Г. ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша тәрбие міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Құқық бұзушымен және оның заңды өкілімен тиісті түсіндірме әңгіме жүргізілді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында балаларды көлікке байланған шанамен сырғанатқан жүргізуші жауапқа тартылғанын жаздық. Құжаттарын тексеру кезінде ер адамның көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Ал оның жолаушылары кәмелетке толмаған жас балалар болған. Өзінің жауапсыз және қауіптi әрекеті үшін құқық бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылып, 73 840 теңге көлемінде айыппұл салынды