"Бір нүктеде қатып қалды": Аспанда "тоқтап тұрған" ұшақтың видеосы қызу талқылануда
Фото: Видео кадрларынан скрин
Желіде Алматыда әуеде бір орында тоқтап тұрғандай көрінген ұшақтың видеосы көпті таңғалдырып, қызу талқыға түсті. Ұшақты видеоға түсірген тұрғынның айтуынша, бұған дейін ұшақтардың ұшып бара жатқанын көрсе де, дәл мұндай ерекшелікті байқамаған. Stan.kz тілшісі маманнан бұл құбылыс туралы толығырақ білді.
Ұшақтың видеосын Алфия Батталова есімді алматылық желіде бөлісті. Айтуынша, физикалық құбылыс деп ойлайын десе, көлік қозғалысы кезінде де, тоқтап тұрған кезде де ұшақ дәл солай қатып тұрған.
“Ұшақ тура Алматы аспанында қалықтап тұрып қалды! Бұрын мұндай видеоларға сенбейтінмін. Бірақ оны өз көзіммен көрдім! Алғашында аң-таң болып қарап тұрдым. Мұның қалай екенін түсіне алмадым. Телефонды шығарып үлгергенге дейін ұшақты ашық кеңістікте ұзақ уақыт көріп тұрдым. Кейін көзімнің алдамай тұрғанына, бұл таксидің қозғалысынан емес екеніне көзім жетті. Сосын телефонымды шығарып, тек екі қысқа видео түсіре алдым.
Ал ұшақ аспанда қалықтап тұрған кезде біздің көлігіміз қозғалыссыз тұрған еді. Ұшақ бір нүктеде қатып қалды. Жел де жоқ еді! Әуежай жақын жерде. Бұған дейін осы жерден көп ұшақтың қонып жатқанын көргенмін. Бірақ олар дәл осылай бір жерде қалықтап тұрып қалмайды ғой!”, – деп жазды ол.
Желіде бұл құбылысты көрген өзге адамдар шынымен ұшақтың қозғалыссыз болғанын растады.
“Мен де көрдім. Көзім дұрыс көрмей жүрген шығар деп ойласам”, “Алматыда тіпті аспанда да кептеліс”, “Мен сол кезде көлік айдап келе жатқанмын. Мұндай да бола ма деп қорқып кеткенмін”, “Жұбайыммен келе жатқанда көргенмін. Оған айтсам сенбеді. Құлап кете ме деп қатты қорықтым”, – деп жазды пікір білдірушілер.
“Ми иллюзиясы: Ұшақ аспанда тоқтай ала ма?”
Stan.kz тілшісі ұшақтың бұлай көрінуі немен байланысты екенін Nazarbayev University Ғылым және гуманитарлық мектеп, Физика кафедрасының инструкторы, доктор Бекдәулет Шүкірғалиевтен сұрап білді.
“Әлеуметтік желілердегі видеоматериалдарда ұшақ адамның көзіне шынымен ауада қозғалмай қалқып тұрғандай көрінеді. Алайда шын мәнінде бұл ұшақтар қозғалып барады. Себебі ұшақты әуеге қанатының асты мен үстіндегі қысым айырмашылығынан туындайтын күш көтереді. Егер ұшақ кенет тоқтап қала алса, онда ол қысым айырмашылығы жоғалып, ұшақ бірден құлап кетер еді.
Ұшақтың аспанда қалықтап тұрғандай көрінуі – миымыздың иллюзиясы. Бұл адамның кеңістікті қабылдау ерекшелігімен түсіндіріледі. Мысалы, күн мен ай көкжиекке жақындағанда үлкен көрінеді. Бірақ олар шынымен үлкейіп тұрған жоқ. Ми оларды жақын тұрған заттармен салыстырып, үлкенірек деп қабылдайды.
Дәл осындай эффект ұшақтарда да болады. Егер ұшақ аспанда биікте ұшып бара жатса, айналасында бұлттан басқа, салыстыратын ештеңе болмағандықтан, ми оның алыста екенін түсініп, қозғалып бара жатқанын байқайды.
Ал қонуға жақындап келе жатқан ұшақ жерге жақын ұшады. Сәйкесінше, оның фонында ағаштар мен ғимараттар қатар көрінеді. Ми оны осы заттармен салыстырып, "жақын" деп қабылдайды. Бірақ оның бұрыштық жылдамдығы өте аз болғандықтан, қозғалысы байқалмай, бір нүктеде қатып тұрғандай көрінеді. Егер ұшаққа ұзақ қарасаңыз, (шамамен бір минуттан артық) қозғалып жатқаны анық байқалады”, – деді маман.
Неліктен ұшақ қозғалмай тұрғандай көрінеді?
Бекдәулет Шүкірғалиев бұл құбылыстың параллакс әсері екенін растады. Бұл – бұрыштық жылдамдықтың миымызда қалай қабылданатынына байланысты құбылыс.
“Мысалы, көлікте 40 км/сағ жылдамдықпен ұшаққа қарсы келе жатсаңыз, ал ұшақ 1 км биіктікте қонуға жақындап, жылдамдығын 200–300 км/сағ-қа дейін азайтса, ұшақтың сізге қатысты қозғалысы баяу көрінеді. Себебі оның бұрыштық жылдамдығы (яғни көру бұрышындағы қозғалысы) өте аз, шамамен секундына 1°С қана. Салыстыру үшін:
Бұл көз алдыңыздағы ағашта бірдеңе секундына 5 см қозғалғандай жай көрінеді деген сөз. Ал дәл осы сәтте, жердегі ғимараттар мен ағаштар бұрыштық кеңістікте 20 есе тез қозғалады. Миымыз осындай айырмашылықты байқап, ұшақ мүлде қозғалмай тұрғандай әсер алады. Егер ұшақтың фонында көк аспан емес, бұлт не тау болғанда, қозғалысы көбірек байқалар еді. Ал аспанның өзі қозғалыссыз болғандықтан, ұшақ та көзге "қатып қалғандай" көрінеді”, – деп түсіндірді ол.
Маман жалған теорияларға сенбей, орынсыз үрейге берілмеуге шақырды.
“Мұндай мәселеде негізі толғандыратын жайт, адамдардың қарапайым физика мен геометрияны дұрыс түсіне алмауы емес. Пікірлердің ішінде, бұл матрицаның қатеcі ме деген сұрақ бар. Қазіргі кезде көп адам “Матрица” фильміндегідей “бір копмьютерлік симуляция, яғни бағдарлама ішінде өмір сүріп жатырмыз, бұл әлем шынайы емес” деп ойлайды. Шынында бұл әлем шын өмір, ешқандай симуляция емес. Иә, бағдарламаланып қойғандай, сағаттың механизміндей құбылыстар өмірде болып тұрады. Бұл бағдарлама емес, бұл – физика заңдарының еш мүдірмей орындалуы. Адамдар ондай сандырақтарға сенбей, шынайы, дәл қазіргі сәтте, айналасын сезініп өмір сүргендері жөн”, – деп қорытты маман.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
